Сандық әлемнің отбасыға әсері
Бала күніміз қандай керемет кезең еді... Білте шамның жарығымен дастарқан басына бәріміз жиналып, арқа-жарқа болып ас ішуші едік. Әңгіме айтып, бір-біріміздің сөзімізге құлақ асып, кештің қалай өткенін де байқамай қалатынбыз.Ал қазір ше? Несін жасырайық, бүгінде бәрінің басын бір арнаға тоғыстыру барған сайын қиындап барады. Бәріміз бір дастарқан басында отырғанымызбен, бұрынғыдай әңгімелесу жоқтың қасы. Әрқайсымыздың қолымызда – смартфон. Соған телміріп отырамыз. Қызықтың бәрі сонда сияқты.
Содан да болар, қазір бір үйдің ішінде отырып-ақ, бір-бірімен шүйіркелесетін отбасылар көбейді. Үйдегілердің бәрі бірге болғанымен, олардың назары әртүрлі кеңістікте. Бірі әлеуметтік желі ақтарып отырса, енді бірі бейне көріп, тағы бірі хат-хабарға жауап беріп әлек.
Әрине, цифрлық технологияның пайдасы көп. Ол алыстағы адаммен сөйлесуге, ақпаратты тез табуға, күнделікті тірлікті жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бірақ экранға үңілген сайын, жанымыздағы адамға бөлінетін уақыттың азайып бара жатқаны да рас.
Бәлкім, мәселе телефонның өзінде емес, оны өмірімізге қаншалықты кіргізгенімізде шығар. Ендеше, цифрлық әлем отбасының әдетіне, әңгімесіне, бір-біріне бөлетін уақытына қалай әсер етіп жатыр? Осы сауалдың жауабын іздеп көрдік.
Шаңырақ астындағы алшақтық
Цифрлық технологияның адам өмірін өзгерткені рас. Бірақ қазіргі өзгерістердің бәрін тек технологияның ықпалымен түсіндіру қиын. Өйткені интернет бүгінде күнделікті тіршіліктің табиғи бір бөлігіне айналды. Жұмысымызды істейміз, білім аламыз, жаңалық оқимыз, демаламыз, алыстағы жақындарымызбен сөйлесеміз — мұның бәрі цифрлық кеңістікпен сабақтасып жатыр.
Бір кезде алыстағы адаммен тілдесу үшін хат жазып, жауап күтетін едік. Қазір бір сәтте бейнеқоңырау шалып, жүзін көріп, дауысын ести аламыз. Басқа қалада жүрген балаңмен күн сайын сөйлесуге, жұмысты үйден істеуге, тіпті бір отбасы болып онлайн білім алуға мүмкіндік бар. Яғни технология адамдарды бір-бірінен алыстататын ғана емес, керісінше, жақындастыратын құралға да айналды.
DataReportal-дың Digital 2026: Kazakhstan есебіне сәйкес, 2025 жылғы қазан айында Қазақстанда 19,5 миллион интернет пайдаланушы болған. Бұл халықтың 93,4 пайызына тең. Ал әлеуметтік желілердегі пайдаланушы сәйкестендірулерінің саны 16,9 миллионға жетіп, халықтың 80,8 пайызын құраған.
Психолог мамандардың пікірінше, цифрлық технологияның отбасы өміріне енуін біржақты теріс құбылыс ретінде бағалауға болмайды. Мәселе – оны пайдалану шегінде және оның отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасына ықпалында. Смартфон күнделікті тұрмысымызды жеңілдетіп, қажетті ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік бергенімен, оған шектен тыс әуестік жақындарымызға бөлінетін уақыт пен назарды азайтуы мүмкін.
– Бір дастарқан басында отырып, әркімнің өз телефонына үңілуі, әңгіме үстінде экранға алаңдау – бүгінде көп отбасыға таныс көрініс. Мұндай әрекеттердің өзі елеусіз көрінгенімен, қайталана келе отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпей қоймайды. Өйткені отбасы берекесі тек бір шаңырақ астында бірге отырумен емес, бір-бірін тыңдап, пікіріне құлақ асып, көңіл бөле білумен де өлшенеді, – дейді психолог Айым Сексенбай.
Сананы байлаған сандық әлем
Бүгінгі баланың балалық шағы бұрынғыдан бөлек. Оның ойын алаңы да, қызығушылық әлемі де, қарым-қатынас ортасы да цифрлық кеңістікпен астасып жатыр. Смартфон ұстап, интернетті шарлау, бейне көру, ойын ойнау немесе әлеуметтік желіде сөйлесу – бала үшін арнайы үйренетін дағды емес, күнделікті өмірдің үйреншікті көрінісі. Сондықтан қазіргі балалардың технологияны ата-анасынан жақсы меңгеруі таңсық емес. Олар цифрлық әлемге кейін келген жоқ, сол әлемнің ішінде өсіп келеді.
Мұны Қазақстандағы «Kazakhstan Kids Online» зерттеуінің деректері де аңғартады. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, балалардың 45,8 пайызы интернетті 5-8 жасында қолдана бастаған. Ал 9-10 жастағы балалардың 60 пайызы, 11-12 жастағылардың 66 пайызы әлеуметтік желі немесе ойын платформаларында аккаунты бар екенін айтқан. Демек, цифрлық орта баланың өміріне жасөспірім шақта ғана емес, одан әлдеқайда ертерек енеді.
Алайда технологияны еркін қолдану мен оны дұрыс пайдалана білу – екі бөлек нәрсе. Бала интернеттен ақпаратты әп-сәтте тауып алуы мүмкін, қажетті қосымшаны ата-анасынан бұрын меңгеруі де мүмкін. Бірақ көргенінің бәріне сене бермеу, қажетсіз ақпараттан бойын аулақ ұстау, бейтаныс адаммен қарым-қатынастың қауіпті тұсын түсіну, экран алдында өткізген уақытын шектей білу сияқты дағдылар өздігінен қалыптаса бермейді. Мұның бәрі баланың тек технологиялық емес, өмірлік сауатын қажет етеді.
Психолог Ерасыл Меңдібаев баланың гаджетке шамадан тыс әуестенуін тек телефонның өзімен байланыстыруға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, бұл мәселеге ата-ананың балаға бөлетін уақыты мен отбасы ішіндегі қарым-қатынас та әсер етеді.
«Балаға телефонды қойғызу оңай, ал оның орнын мазмұнды қарым-қатынаспен толықтыру әлдеқайда маңызды», – дейді психолог.
Маманның айтуынша, балаға гаджетті қолдануға тыйым салумен мәселе толық шешілмейді. Оның орнына ата-ана баламен бірге уақыт өткізуге дағдылануы керек. Бірге серуендеу, әңгімелесу, кітап оқу, ойын ойнау немесе үй шаруасына баланы араластыру – баланың назарын экраннан бұрып қана қоймай, ата-ана мен бала арасындағы байланысты да нығайтады. Яғни мәселе баланың қолындағы телефонды алып қоюда емес, оның назарын экраннан тыс өмірге бұра білуде. Бұл ретте ата-ананың өз үлгісі де маңызды. Балаға «телефонды қой» деп талап етіп, өзіміз экраннан көз алмай отырсақ, айтқанымыздың әсері аз болмақ.
2023 жылы ЮНИСЕФ пен Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі жүргізген «Kazakhstan Kids Online» зерттеуінің нәтижесі балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне алаңдауға негіз бар екенін көрсетеді. Зерттеу бойынша, Қазақстандағы балалардың 15 пайызы интернетте күн сайын жағымсыз контентке тап болса, 9-17 жастағылардың 21 пайызы кибербуллингті бастан өткерген немесе оның куәсі болған. Ал балалардың 10 пайызы бұрын жүзбе-жүз кездеспеген бейтаныс адамдарды онлайн-контактілеріне қосқан.
Мұндай жағдайда ата-ананың міндеті – баланың әр әрекетін аңду емес, интернеттегі қауіптерді ажыратып, өзін қорғауға үйрету. Бала қандай да бір жағымсыз жағдайға тап болғанда жазадан қорықпай, ата-анасына ашық айта алуы керек. Ол үшін отбасында сенімге негізделген қарым-қатынас қалыптастыру маңызды.
Сондықтан баланы интернеттен шектеумен ғана мәселе шешілмейді. Оған цифрлық ортада қауіпсіз әрекет етуді үйретіп, қажет кезде ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету – ата-ананың негізгі міндеттерінің бірі. Өйткені бүгінгі бала үшін интернет – бөлек әлем емес, күнделікті өмірінің бір бөлігі.
Жаңа жауапкершілік жүктеді
Цифрлық дәуір ата-ананың тәрбиелік рөлін әлсіреткен жоқ, керісінше оған жаңа міндет жүктеді. Бұрын ата-ана бала үшін ақпараттың негізгі көзі болса, қазір баланың қолында әлемнің өзі тұр. Қызыққан дүниесін іздеп табуға, қалаған ақпаратын бір сәтте алуға мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда ата-ананың міндеті бәрін біліп, бәріне тыйым салу емес, баламен бірге көргенін саралап, дұрыс пен бұрысты ажырата білуге бағыт көрсету.
Психологтардың айтуынша, қазіргі ата-ана «бәрін мен білемін» деген ұстанымнан гөрі, «сен көрген дүниені бірге талқылайық» деген серіктестікке жақындағаны жөн. Өйткені балаға айтылған ақылдан бұрын, оның көз алдында жасалған әрекет әсер етеді.
Бұл ретте ата-ананың өз әдеті де маңызды. Баланың телефонға көп қарайтынын сынап отырып, өз смартфонынан ажырамау – тәрбиедегі қайшылықтың бірі. Үйдегі цифрлық мәдениет ең алдымен үлкендердің өзінен басталуы керек. Дастарқан басында телефон ұстамау, бір-бірімен сөйлескенде экранға алаңдамау, кешкі уақытта гаджетке белгілі бір шектеу қою сияқты қарапайым ережелер отбасы мүшелерінің бәріне ортақ болғанда ғана нәтижелі.
Мұны өз тәжірибесінен түсінген үш баланың әкесі Тимур Жарылқасын да отбасында смартфон қолдануға қатысты белгілі бір тәртіп орнатқанын айтады.
– Несін жасырайын, соңғы уақытта отбасымызбен бас қосатын қарапайым отырыстардың өзі өзгеріп кеткенін байқадым. Бұрын жақындарымыз жиналса, әңгіме айтып, өткен-кеткенді еске алып, үлкендердің сөзін тыңдап отыратынбыз. Қазір бас қоса қалсақ, әуелі суретке түсіп, кейін соны әлеуметтік желіге жүктеу немесе түрлі тренд түсіру алдыңғы орынға шығатын болды. Тіпті дастарқан басында отырып-ақ, әркім өз телефонына үңіліп кететін жағдайға жеттік.
Бір күні балаларымның үйде болып жатқан әңгімеге де, айналасындағы адамдарға да аса мән бермей отырғанын байқадым. Сонда мәселе телефонның өзінде емес, оны қолдану әдетінде екенін түсіндім. Сөйтіп үйде смартфонға қатысты ортақ ереже енгізуді шештім. Ең алдымен оны өзімнен бастадым. Дастарқан басында телефон ұстамайтын болдық, кешкі сағат 10-нан кейін гаджет қолдануға шектеу қойдық. Балалардың қандай қосымшаларды пайдаланатынына да назар аудара бастадым. Әрине, бастапқыда бәрімізге де оңай болған жоқ. Телефонды қолымызға ала салуға үйреніп қалған екенбіз. Бірақ уақыт өте келе жаңа тәртіп қалыпты әдетке айналды. Ең бастысы, телефонға кететін уақыттың орнына кітап оқуға, бірге серуендеуге, ортақ тақырыптарды талқылауға көбірек көңіл бөле бастадық. Бұрын экранға қарап отырған балалар қазір үйдегі әңгімеге араласып, өз ойларын еркін айта бастады. Нәтижесі көңіл қуантады, – дейді ол.
Жеке емес, жаппай мәселе
Цифрлық ортаның бала өміріне ықпалы бір отбасының немесе жекелеген баланың мәселесі ғана емес. Бұл – бүгінде әлем елдерін де алаңдатып отырған ортақ мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірі бойынша жүргізген зерттеуіне 44 ел мен өңірден шамамен 280 мың жасөспірім қатысқан. Зерттеу нәтижесі проблемалық әлеуметтік желі қолдану деңгейінің 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға өскенін көрсетті. Сонымен қатар жасөспірімдердің 36 пайызы достарымен интернет арқылы үнемі байланыста екенін, ал 34 пайызы цифрлық ойындарды күн сайын ойнайтынын айтқан.
Осыған байланысты әлем елдері балаларды цифрлық кеңістіктің кері әсерінен қорғаудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Бірқатар мемлекеттер әлеуметтік желілерге кіруге жас шектеуін енгізсе, кейбір елдер ата-ана бақылауын, контентті сүзу жүйесін және цифрлық сауаттылықты күшейтуге басымдық беруде. Мәселен, Аустралияда 16 жасқа толмаған балалардың бірқатар әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына шектеу енгізілді. Еуропа елдерінде балалардың жасын онлайн ортада тиімді растау және платформалардың кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғау жауапкершілігін күшейту мәселесі күн тәртібінде тұр.
Қазақстан да бұл мәселеден тыс қалып отырған жоқ. Елімізде балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар қолға алынуда. «Kazakhstan Kids Online» зерттеуі қазақстандық балалардың интернетті ерте жастан пайдалана бастайтынын және олардың онлайн ортада түрлі қауіптерге тап болатынын көрсетті. Зерттеу барысында балалардың 15,3 пайызы интернетте жағымсыз контентпен күн сайын кездесетіні анықталған. Сонымен бірге кибербуллингке куә болған балалардың 52,1 пайызы бұл туралы ешкімге айтпаған.
Мемлекет тарапынан ата-аналардың да жауапкершілігін арттыруға көңіл бөлінуде. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға арнайы «Ата-ана бақылауы» құралдарын пайдалануды ұсынады. Мұндай құралдар баланың қандай контентке кіретінін бақылауға, қажетсіз материалдарды шектеуге және интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда мамандардың пікірінше, техникалық бақылаудың өзі жеткіліксіз. Баламен ашық сөйлесу, оның интернеттегі тәжірибесіне қызығушылық таныту және қиын жағдайға тап болған кезде көмек сұраудан қорықпауына жағдай жасау да маңызды.
Қазақстанда кибербуллинг мәселесіне қатысты заңнамалық шаралар да қабылданған. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша буллинг пен кибербуллингке қатысты 404 әкімшілік іс тіркеліп, оның ішінде 238 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Құжат аясында цифрлық құралдарды пайдалану, балалардың, ата-аналар мен педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, интернетті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету және қауіп-қатерлерді ерте анықтау тетіктерін жетілдіру көзделген. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін бақылау үшін жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізу де қарастырылған.
Демек, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, баланы цифрлық ортаның кері ықпалынан қорғаудың бір ғана әмбебап жолы жоқ. Тек интернетке тыйым салу немесе смартфонды алып қою мәселені толық шешпейді. Ең тиімді тәсіл – мемлекет тарапынан нақты ережелер мен қауіпсіздік талаптарын енгізу, технологиялық компаниялардың жауапкершілігін арттыру, мектепте цифрлық сауаттылықты қалыптастыру және ата-ананың баламен сенімді қарым-қатынас орнатуы.
Сондықтан бүгінгі басты міндет – баланы цифрлық әлемнен оқшаулау емес, оны сол ортада қауіпсіз әрі саналы әрекет етуге үйрету. Интернет баланың дамуына мүмкіндік беретін құралға айналуы үшін қауіпсіздік, жауапкершілік және цифрлық мәдениет қатар қалыптасуы қажет.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













