Аудан әкімі перзентханадағы жас аналарды Отбасы күнімен құттықтады
Осыған орай аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық көпбейінді орталық аурухананың перзентхана бөліміне арнайы барып, жас аналарды мерекемен құттықтады.
Мерекелік кездесуде аудан басшысы отбасындағы береке мен бірліктің, бала тәрбиесі мен ұрпақ саулығының маңыздылығына тоқталды. Жаңа босанған аналарға ізгі тілегін жеткізіп, сәбилерінің бауы берік, дендері сау болып өсуіне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ Президентіміздің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен өңірдегі денсаулық сақтау саласында, оның ішінде ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан игі жұмыстарды атап өтті.
«Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық. Әрбір баланың бақытты балалық шағы мен жарқын болашағы ең алдымен отбасындағы тәрбие мен жылулықтан басталады. Сондықтан жас отбасыларды қолдау, ана мен баланың денсаулығын сақтау – басты назардағы бағыттардың бірі. Ауданымызда 2025 жылы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен аудандық көпбейінді орталық аурухана ғимаратына жаспарлас 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы жүргізіліп, өткен жылдың желтоқсан айында нысан пайдалануға берілді. Орталықта құны 326,6 млн теңге болатын компьютерлік томограф аппараты іске қосылса, жыл соңына дейін аудан тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылмақ. Бұдан бөлек аудан орталығы мен ауылдық елді мекендерде кезең-кезеңімен жаңадан дәрігерлік амбулаториялар салынып, медициналық нысандар қайта жаңғыртудан өтуде. Сондай-ақ бұған дейін аудандағы денсаулық сақтау ұйымдарына 26 дана жедел жәрдем автокөлігі табысталып, ауданда санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толыққанды шешілген болатын», – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Аудан басшысы жас аналарға гүл шоқтары мен арнайы сыйлықтар табыстап, отбасыларына амандық, шаңырақтарына шаттық пен береке тіледі.
Айта кетейік, аудандық көпбейінді орталық аурухананың перзентхана бөлімінде өткен жылы 1059 сәби дүниеге келсе, биыл жыл басынан бері 847 нәресте дүниеге келген.















