Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйе байлап, бие баптаған

Түйе байлап, бие баптаған

Осыдан жеті жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылдағы аналардың бизнес-идеясына берілетін қайтарымсыз грант көптің көңілінен шыққан болатын. Бұл осы күні азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыруға септігін тигізді.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалы арқылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашқысы келетін көпбалалы отбасылар үшін өтеусіз грант берілген еді. Сол кезде аспанға қарап, қол қусырып отырмай әрекеттеніп, оның игілігін көргендер өз ісін бастап та кетті.
Гүлжахан Қартабаева көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілетіндігі жайлы ести салысымен «Бастау бизнес» оқу курсына тіркеледі. Бастапқыда кәсіпкер ана қаражат тек қана құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсауға арналғандығына қынжылса, кейін өзгеріс енгізіліп: құс пен мал алуға болатынына ерекше қуанған-ды. Өйткені Шилі ауылында туып-өскен оған мал ұстау жат емес-тін. Қазалыдағы қайын жұрты да төрт түлікті түлетіп жүргендер қатарында. Ата-енесі мен жұбайы Жалғас сыртта мал шаруашылығымен айналысқан. Құдай қосқан қосағымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Алайда 15 жыл бұрын жан жарынан қапияда айрылған ана ағайын-туыстың арқасында Әйтеке би кентінен үй алды. Қазір жалғыз өзі үлкен отбасын асырап отыр.
Бүгінде далалық жерде қара жұмысты қопарып, мал сауып, құрт қайнатқан бесаспап әйел төрт түліктің киесі мен берекесін түсінеді. Мемлекет берген өтеусіз грантты ұқсатып, екі бие алып, оның өнімін бүгінге дейін қазалылықтарға ұсынып келеді. Түскен қаражатты жылқының жем-шөбіне жұмсайды. Ортақ шаруашылықты жүргізуге балалары көмектеседі. Оларға кәсіп ашып, оны дамытудың қыр-сырын үйретіп, төрт түлікті баптай білуге бейімдеп жүр.
– Қазақ халқы төрт түліктің төресі деп төбесіне көтеретін жылқының қасиетін тауысып айту мүмкін емес. Ата-бабамыз еті мен сүті шипа жануарды бағалай білген. Қазірде қазақ қана емес, көп ауруға ем саналатын жылқы етін дамыған Еуропа елдері де мойындап отыр. Шетелдік зерттеуші-дәрігерлер еттің ішіндегі ең пайдалысы – жылқының еті екендігін, жылқы майының адам организмінде ешқашан тұнбаға түспейтіндігін зерттеп білді. Олар жылқы етінің 17 түрлі ауруға ем болатындығын мойындады.
Сондықтан ата кәсіптің түсінген жанға берері мол. Дастарқаныңнан несібе үзілмейді. Ет өнімі мен ағарғанды табиғи тұтынған пайдалы. Кәсіпкерлік ісін жүргізу курсын оқығаннан кейін бизнес сауатым ашылды. Сабақта кіріс пен шығысты қалай есептеп, шаруашылығыңды иіріп әкетудің түрлі жолдары түсіндірілді. Қазір игілігін көріп отырмын. Жылқылардан бөлек азын-аулақ уақ мал мен тауық асыраймын. Жалқауланбай еңбек етсең күнкөріс көзі табылады, – дейді ол.
Бүгінде Гүлжахан Оразғалиқызы ауласында жылқыдан бөлек түйе байлап, баптап отыр. Оның сүтінен шұбат ашытып, көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Қымыз, саумал, шұбатпен қатар, кілегей, құрт, ірімшік, брынза әзірлейді. Ақшанқан қараша үйді құрып, ішкі бөлігін ұлттық нақышта безендіріп, этно үлгіде тұрақты тұтынушыларына табиғи таза өнімдерін ұсынады. Ол алдағы уақытта бүгінгі шаруасын үлкейтіп, кәсібін дамытуды мақсат тұтуда.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА




22 шілде 2025 ж. 133 0

Әлем таныған Абай

22 шілде 2025 ж. 140

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031