Елімен бірге есейген
25 қазан – Республика күні. Бұл дата – тәуелсіздіктің бастауы саналатын Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданған күн. Биыл тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толды. Егемендікпен қатар есейген буын бүгінде еліміздің түрлі саласында еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүр. Солардың қатарында қазалылық Жасұлан Маратұлы бар.Ол Әйтеке би кентінде 1990 жылы 25-қазанда дүниеге келген. №204 мектептен түлеп ұшып, СПТУ-да білімін шыңдайды. Қазір мамандығы бойынша «Қамқор Локомотив» жөндеу зауытындаэлектр және газбен дәнекерлеуші болып қызмет етуде. Елімізде 2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Әрі жұмысшы маман иелерінің мәртебесін арттырып, еңбегін ескерусіз қалдырмайды. Болатты балқытып, темірдің басын біріктіріп жүрген Жасұлан Жұбандықовты былайғы жұрт өз ісінің маманы ретінде жақсы таниды.
– Республика күнін ерекше сезіммен қарсы аламын. 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды. Сол жылы, сол күні дүниеге келдім. Бұл – ел тәуелсіздігінің іргесі қаланған маңызды күн. 35 жылдан бері еліміз түрлі қиындықтардан өтіп, жетістіктерге жетті. «Егемендік» ұғымы отбасымның амандығымен үндеседі. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, Отансыз адам – ормансыз бұлбұл секілді. Жұбайым екеуміз елімізбен бірге өсіп-өніп келеміз. Тәуелсіздік ұрпақтарын тәрбиелеп отырмыз. Біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда бейбіт те тыныш ғұмыр кешіп жатырмыз. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсап кеткен тәуелсіз елінде жер басып жүргенімізді қадірлеуіміз қажет, – дейді еңбек адамы.
Дәнекерлеуші – құрылыс пен өндірістің тірегі. Оның қолынан шыққан жұмыс ғасырларға жуық із қалдырады. Дәрежелі кәсіп – терең білім мен тәжірибені қажет етеді. Адам еңбегімен ғана өркендейтін мамандық – шеберлік пен өнерден тұрады. Биылғы жұмысшы мамандықтар жылында еңбек адамы, 35 жыл егемендікпен бірге есейген тәуелсіздіктің төл құрдасы Жасұлан Маратұлын қос мерекесімен құттықтаймыз! Оның өмір жолы елмен бірге қалыптасып, мемлекетпен бірге кемелденіп келеді. Еңбектегі табандылығы тәуелсіз елдің гүлденуі мен дамуына сүбелі үлесін тигізуде.
Айнұр ӘЛИ













