Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемен елге еге – мен!

Егемен елге еге – мен!

Фото: ашық дереккөзден алынды
«1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есімізге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп ұлтты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік туралы тарихи Декларацияны қабылдады!» деген еді Қадыр Мырзалиев. Еншісіне ерен бақыт бұйырған қазақ елінің егемендік алуы үлкен үміт еді. Еншіледік. Шекараны шегендедік. Азат болдық. Бүгінде елдің керегесі кең, терезесі тең. Биыл 25 қазан Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде төртінші рет аталып өтеді.
Бақ бағалағанның басында тұрады. Отыз бес жылда Отанымыздың шаңы­ра­ғын шайқалтпай, іргесін бекітіп, ше­карасын заң жүзінде шегеледік. Мемлекеттік құрылымдар негізделді. Елдік дәстүр қайта жалғанды. Елтаңба айшықталып, күн ас­тында алтын қыран қалықтаған көк байрақ шарықтады. Ән­ұран шырқалды. Қаймағы бұзыл­маған берекелі бірлік орнады. Кеткенімiз келді, кемтігімiз тол­ды. Ұлттық құндылық­тары­мыз ұлықталды. Осы уақыт арасында ел не көрмеді?
Қазақстан тарихы мақтана алмайтын қанды оқиғаға толы. Әр жерде тоз-тоз болған ұлтын біріктіріп, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің келешекке аманаттап кеткен игі ісін ұрпақтар жалғастырды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолымен» жүріп, әз Тәукенің «Жеті жарғысына» арқа сүйеген қазақ елі тарихтың тауқыметті жылдарын бастан өткерді. Иә, ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан дарқан даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған бабалар ұрпағына сарқылмастай қазына қалдырды. Қай уақытта болмасын дұшпанкөз қызыға да қызғана қараған қазба байлығымыз қазына демей немене? Ұрпағым бейбіт өмір сүрсін деп, тыныштықта құстар қалқып ұшсын деп, көк аспанда желбіретіп көк туын, қазағымның рухы биік болсын деп аталар арман еткен азаттықтың ақ таңы атты. Үзеңгіден аяғын, қорамсақтан қолын алмай жүріп, толарсақтан саз кешкен бабаның сондағы арманы қандай еді?
Ол – өз басына ел болу, тыныштық атты жазықта балалар еркін тыныстап, тай-құлындай тебісе ойнау, ынтымағы мен бірлігі жарасқан азат мемлекет болу. Уақыт өтті. Жылдар зырғыды. Тәуелсіздігімізді алып, бейбіт елдің ұланы атандық. Зұлмат жылдары қазақ ұлтын жер бетінен жойып жіберуге күш салған жоңғар мен қалмақтың, Хиуа хандығының тегеурініне төтеп бердік. Патшалық Ресей мен қанқұйлы КСРО-ның уысынан шығу үшін 300 жылда талай мәрте бұлқындық. Айқастық. Егемендікті алдық. Оңай келмеді ол. Желтоқсанның қылышынан қаһар төгілген сәтте қазақ жастары ыдырамастай көрінген, тұғыры биік көрінген коммунистік идеологияның іргесін сөкті. Тәуелсіздік жылдары. Осындай тарих үшін сындарлы кезеңде егемен еліміз еңсесін тіктеп, туын көкте желбіретті. Татулық пен бірліктің ар­қасында көптеген игі істерге мұрындық бола білді. Жаңарды, жасарды. Оның қатарында Қазалы ауданының егемендік жылдарында қосқан үлесі аз емес.
(Осы жерден 2-ші бетке)
Бүгінде Қызылорда облысында бірнеше жүйелі жұмыс атқарылып, көрікті мекенге айналып келеді. Оның ішінде ауданда жоба мен жоспар алға басты. Жобалар жемісін беріп, сапалы нысандар бой көтеруде. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, демалыс орындары тұрғындар игілігіне берілуде. Қоғамның тиімді дамуына, ел мен жердің өркендеуіне жол ашатын, бағыт-бағдар беретін тенденция бар. Ол – экономика. Ал аудан экономикасы жыл сайын өрлеп, өңір өркендеу үстінде. Аудан барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындарға тұрақтаған. Әрине, мұндай көрсеткішке қол жеткізудің бастауында тынымсыз еңбек пен ауқымды жұмыс тұр. Елдің тұтастығын, береке-бірлігін, ынтымағын ту етіп көтерген тарихи тұлғалар Әйтеке бидің 380 жылдығы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Жаңа баспана кілті табысталып, алдағы табысталар үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Спорт кешені, ауылдық клуб үйлері, жайлы мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Бірнеше ауыл «көгілдір отынға» қосылды. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы 7 шақырымдық жолға күрделі жөндеу жұмыстары аймақ басшысының қолдауымен қайта жанданды. Төрт жолақты жол пайдалануға берілді. Биыл осы жолдың жарықшамдары қосылады. «Қазалы» мәдени-демалыс кешені, орталық алаң, теміржол вокзалы жанындағы Әйтеке би алаңы, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы «Руханият» сквері сынды орындар бүгінде аудан халқы мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналды. Аудандағы абаттандыру жұмыстарының ең ауқымдысының бірі – «Қазалы» мәдени-демалыс кешені. Аумағы 20 гектар бұл кешен облыс бойынша ең үлкен саябақтың бірі саналады. Кешен екі бөліктен тұрады: отбасылық демалыс саябағы және «Жеңіс» саябағы. Мәдени-демалыс кешенінде «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Ғашықтар» аллеялары және отбасылық мейрамханалар мен тамақтану, демалыс орындары, спорт және балалар ойын алаңдары, атракциондар, аквапарк, субұрқақтар, жасанды көлшік сынды тағы басқа нысандар бар. Заманауи талаптарға сай жабдықталған саябақ аудан тұрғындары мен қонақтарының саламатты өмір салтын ұстануына, отбасы мүшелерімен бірге тиімді уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Ал қайта жаңғыртылып, абаттандырылған орталық алаңда балаларға арналған ойын алаңдары, отбасылық тамақтану орындары, заманауи орындықтар мен түрлі жарықшам, керемет субұрқақ орнатылған, әдемі гүлдер, ағаш көшеттері егілген.
Прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап қалған «Қарлан» учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазір Әйтеке би кентіндегі 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөнделіп, жанындағы теміржол өткелі де қайта салынып, құрылыс қарқын алған. Бұл нысандарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені, аудан орталығы мен елді мекендерде демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынуда. Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб бой көтеруде. Аудан бойынша кезек-кезегімен көшелер жөнделуде. Елді мекендер ауызсумен қамтылуда. Көрсеткіш нәтижесі биыл 100 пайызды құрамақ. Жалпы ауданда атқарылған жұмыстардың легі аз емес. Ел егемендік алған сәттен бастап Қазақстан дамудың үстінде. Алпауыт елдермен иық тіресіп, жаңа жобаларды жүзеге асырып, заманауи технологияларды игеруде. Заңдар қайта қаралып, елде өзгерістер орын алды. Соның бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын.
Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді. Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ. Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осы ретте Мемлекет басшысы да Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтқан болатын. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.
Мемлекет басшысының бастамасы халықтың қолдауына ие болып, Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін жыл сайын дүркіретіп атап өтуді дәстүрге айналдырды. Мерекеге орай халық бір күн демалады. Биыл бұл мереке сенбіге сәйкес келеді. Сондықтан меркелік демалыс 27 қазан дүйсенбіге ауыстырылды.
Біз – егеменді елміз. Бүгін – байтақ еліміз үшін тең­десі жоқ тарихи күн. Бабалар аң­са­ған азаттықты ақиқатқа айналдырған еліміз үшін ұлан-асыр той! 25 қазан – Республика күні құтты болсын!
Айнұр ӘЛИ
25 қазан 2025 ж. 27 0

Егемен елге еге – мен!

25 қазан 2025 ж. 28

Елімен бірге есейген

25 қазан 2025 ж. 20

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031