Қастерлі мамандық – құрметке лайық
24 қазан – кітапханашылар күні мерекесі аясында рухани байлықтың бастауы болып табылатын кітап пен оны халыққа жеткізуші қадірлі мамандардың еңбегін құрметтеуге арналған салтанатты шара өтті.Аудандық «Руханият» орталығы бұл күні ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленді. Зал іші әсем безендіріліп, шуаққа толы кештің шымылдығы қаламгерлердің шығармашылығынан үзінділер мен мектеп оқушыларының «Мен елімді жырлаймын» атты әсерлі өлең жолдарымен түрілді. Балалардың жүрек тебірентер жырлары мен өнерлі жастардың көріністері мерекенің мазмұнын байыта түскендей.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана саласы қызметкерлеріне ізгі тілегін білдірді.
– Қадірлі кітапханашылар, құрметті руханият жанашырлары! Біріншіден біз бұл мерекені тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітаптарды жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі ретінде бағалауымыз керек. Кітап пен кітапхана бір-бірінен бөле-жарып қарауға келмейтін егіз ұғым. Кітап адамзат өркениеті үшін айнымас азыққа айналса, кітапхана ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Сол киелі орданың қадірлісіне айналған Сіздердің орындарыңыз біз үшін бөлек. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген Сіздерге ерекше алғысымды білдіремін, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Кеш барысында кітапхана ісінің дамуына үлес қосып, халыққа білім мен мәдениет жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген сала мамандарына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың «Алғыс хаттары» салтанатты түрде табысталды.
Шараның көркін арттырған тағы бір сәт – кітапханашылардың өз қолдарымен әзірлеген «Кітап – мәңгілік қазына» атты көрмелер мен тақырыптық қойылымдар болды. Қатысушыларға кітаптың тарихы мен маңызы жөнінде қызықты мәліметтер ұсынылып, оқушылардың кітап туралы диалогтары мен көріністері көрермендердің ықыласына бөленді. Кеш соңында кітапхана қызметкерлері әдебиетке арналған әндер шырқап, руханият пен өнердің тоғысқан әсем сәтін сыйлады.
Айта кету керек, биыл Қазалы ауданында жаңа «Руханият» орталығы пайдалануға беріліп, оның аясында заманауи талаптарға сай жабдықталған аудандық кітапхана ашылған болатын. Кең әрі жарық оқу залдары, электронды жүйемен қамтылған кітап қоры, ыңғайлы демалыс аймақтары оқырманға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Бүгінде жаңа кітапхана білім мен мәдениеттің, ізденіс пен дамудың орталығына айналып отыр. Мұнда оқырман өзіне керекті мәліметті іздеп қана қоймай, шығармашылық кездесулерге, әдеби кештерге, танымдық сабақтарға қатыса алады.
Арайлым ЖҮСІПОВА













