Аудан әкімінің құттықтауы
Баршаңызды еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы Декларация – Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған тағдырлы құжат. Бұл күн – халқымыздың ерік-жігерін, тәуелсіздікке деген ұмтылысын паш еткен ерекше тарихи белес.
2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бұл мейрам ұлттық мереке болды. Президентіміз атап өткендейРеспублика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Ұлттық мерекеміз ел мерейін асқақ етіп, бойымызда мақтаныш сезімін тудыртып, жеткен жетістіктер мен алған асуларымыздың мәртебесін биіктете түседі.
Қазыналы Қазалы ауданы ұлттық мерекеге толағай табыстармен жетті. Ауданда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты. Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының ерекше қолдауының арқасында 2025 жылы аудан бюджеті 18,9 миллиард теңгеге бекітілсе, есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 26,7 миллиард теңгеге жетті.
Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 25 млрд. теңге, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 22,2 миллиард теңге, бөлшек сауда айналымы 10,6 миллард теңге, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 18,5 миллиард теңге, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 20,9 миллард теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі 11,3 миллард теңге, тұрғын үй құрылысы бойынша 43,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, барлық көрсеткіштер өткен жылдың есепті кезеңімен салыстарғанда 100 пайыздан артық орындалып отыр. Бұл ауқымды қаражаттың барлығы аудандағы ең өзекті деген мәселелерді шешу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Биыл дала еңбеккерлерімен 17 мың 445 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 5636 гектарға күріш дақылы егілді. Бүгінде, әр гектардан 38,1 центнерден өнім алынып, 21 473 тоннаға жуық астық жиналды. Осы жұмыстардың нәтижесінде өткен аптада аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен өткен облыстық«Алтын күз-2025» салтанатты шарасында Қазалы ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» атанды. Біздің қол жеткізген оң көрсеткіштеріміз бен нәжижелі жұмыстардың барлығы – бекем бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында жасалуда. Әлі де межелі асу мол, жетістігіміз алда.
Қадірлі жерлестер!
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл қанша уақыт өтсе де өз құндылығын жойған жоқ. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтау баршамызға берілген міндет. Мықты мемлекет болудың да негізі осы.
Баршаңызды Республика күнімен тағыда құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, толайым табыстар тілеймін! Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Ізгі тілекпен,
Қазалы ауданының әкімі Алмасбек ЕСМАХАНОВ















