Тағдырдың таңғажайып тоғысы
25 қазан – азаттықтың ақ таңы атқан, егемен ел ретінде еңсемізді тіктеген күн. Тәуелсіздік рухын ұлықтайтын атаулы дата қарсаңында газетімізге кейіпкер іздей отырып, тағдырдың тамаша сәйкестігіне куә болдық.Сол сәйкестіктің иесі – Жанқожа батыр ауылының тумасы, Назерке Молдағали. Ол 1994 жылдың дәл 25 қазанында дүниеге келген. Араға жиырма үш жыл салып, дәл сол күні, 2017 жылдың 25 қазанында Назерке өмірге қызын әкеледі. Екі буынның да туған күні Республика күнімен тұспа-тұс келуі нағыз тағдырдың тартуы іспетті.
Назеркенің айтуынша, өз туған күнінде нәрестесін құшағына алу өміріндегі ең ұмытылмас сәттердің бірі.
– Бұл күн мен үшін үш есе қымбат. Біріншіден, өзімнің туған күнім, екіншіден, қызымның өмір есігін ашқан күні, ал үшіншіден – халқымыздың Республика күні. Сондықтан 25 қазан біздің отбасымыз үшін ерекше мереке. Әр жылы осы күні қызыммен бірге туған күнімізді атап өтеміз. Бұл күннің ел тарихындағы орны мен үшін де, қызым үшін де ерекше жауапкершілік пен мақтаныш сезімін ұялатады, – дейді Назерке күлімсірей.
Назеркенің қызы Жанкерке Жасағанберген бүгінде №249 мектеп-лицейдің 3-сыныбында оқиды. Ол білімге құштар, ізденімпаз қыз. Анасы айтқандай, кішкентайынан елін, жерін құрметтеуге, Тәуелсіздіктің қадірін сезінуге тәрбиеленіп келеді.
– Менің туған күнім Республика күнімен бірге екені маған ұнайды. Мұғалімдерім мен достарым сол күні мені ерекше құттықтайды. Әр жылы туған күнімде мектепте туымыз желбіреп, әнұран айтылады. Сол кезде өзімді ерекше бақытты сезінемін, – дейді кішкентай Жанкерке.
Назерке бүгінде үй шаруасында, бала тәрбиесіне уақытын арнап отыр. Оның айтуынша, ұрпақ тәрбиесі – ең үлкен еңбек әрі ел болашағына қосқан үлес.
– Мен қызымның өз елін сүйетін, ұлттың қадірін білетін азамат болып өсуін қалаймын. Себебі, біз Тәуелсіздіктің ұрпағымыз, – дейді ол.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген әр ұрпақ – елдің ең қымбат қазынасы. Назерке мен Жанкеркенің өмір жолы – ел тарихымен үндескен тағдыр. Анасы азаттықтың алғашқы таңын қарсы алса, қызы егемен елдің жарқын болашағына қанат қағып келеді. Бұл – Тәуелсіздіктің тамыры тереңдеп, рухы жалғасып келе жатқанын көрсететін өмірдің өз сабағы.
Арайлым ЖҮСІПОВА










