Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы жазушыларды мерейтойымен құттықтады

Аймақ басшысы жазушыларды мерейтойымен құттықтады

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұлт руханиятына жасаған қызметімен қоғам құрметіне ие болған белгілі жазушылар Тынымбай Нұрмағамбетовті мерейлі 80 жасқа, Қуандық Түменбаевты 70 жасқа толуына орай құттықтады. Басқосуға қаламгерлердің замандастары, аймағымыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі мерейтой иелерінің шығармашылығына тоқталып, құттықтау лебізін жеткізді.
«Саналы ғұмырында еселі еңбегімен төрге озған, абырой биігінен көрінген ардақты аға буын қашанда құрметке лайық. Біз елдік іске адалдық танытқан, еліміз бен аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан, халықтың қошеметіне бөленген азаматтарымызды ардақтап, лайықты құрмет көрсетіп келеміз.
Қалам қуатымен еліне адал қызмет еткен салиқалы аға буынның қатарында Тынымбай Нұрмағамбетұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы ерекше.
Ағамыз 1945 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде, Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтында білім алған.
Еңбек жолында «Су құрылысшысы» газетінде тілші, бөлім бастығы, Қызылорда облыстық радиокомитетінде аға редактор, Алматыдағы «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақ елі» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақфильм» киностудиясында жауапты қызметтер атқарды.
Шығармашылық еңбек жолында 15 кітабы жарық көріп, пьесалары республика театрларында сахналанды. Туындылары орыс, украин, эстон, неміс тілдеріне аударылды.
Қазақ әдебиеті – халқымыздың рухани қазығы, елдігіміздің айнасы. Шығармашылықтың төрінде Сіздей шыншыл, терең ойлы жазушылар тұрғанда, ұлтымыздың руханияты өркендей бермек.
Халқымыз «Қос тойың қабат болсын» деген. Ұлттық рухты ұлықтап, елге адал еңбек етіп, саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған, журналистика, баспасөз саласында қызмет еткен Түменбаев Қуандық Ералыұлы ағамыз биыл мерейлі 70 жасқа толды.
Қуандық Ералыұлы 1955 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде, Мәскеудегі Әдебиет институтында оқыған.
Еңбек жолын 1977 жылы баспасөз саласынан бастап, «Лениншіл жас» газетінде тілші, «Жұлдыз» журналы, «Алматы ақшамы» газетінде бас редактордың орынбасары болды. Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің, «Қазақстан» баспасының, «Үркер» роман-газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарған, 30-дан астам кітаптың авторы. Шығармалары ағылшын, араб, орыс, түрік, неміс, кәріс, ұйғыр, қытай тілдеріне аударылған. Ағамыздың еңбектері терең мазмұнымен, көркемдігімен, шынайылығымен ерекше.
Құрметті ел ағалары, мерейтойларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз!», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында қос қаламгерге Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, дәстүрге сай шапан жабылды.
Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, әдебиет сыншысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Амангелді Мырзабек жазушылардың өмір, шығармашылық жолы туралы айтып, құттықтауын жеткізді. Аймақ басшысы шараға арнайы келген Құлбек Ергөбек пен Амангелді Мырзабекке де сырбойылықтардың атынан сый-құрмет көрсетті.
Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Сәпен Аңсат, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара соңында мерейтой иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
24 қазан 2025 ж. 219 0

Берекелі жәрмеңке

09 желтоқсан 2025 ж. 127

Құрылыста қам қалай?

09 желтоқсан 2025 ж. 83

Су деңгейі бақылауда

09 желтоқсан 2025 ж. 41

Қос кездесу

09 желтоқсан 2025 ж. 124

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031