Мал баққанда береке бар
Қазір мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға зор мүмкіндіктер жасап отыр. Соның бір айғағы – көпбалалы әйелдерге өтеусіз гранттың берілуі. Бұл қаражатқа нәзікжандылар өз кәсібін ашып, жүргізе алады. Қол қусырып қарап отыруды жөн көрмейтін Рита Қашақова осы жеңілдікті алғанына дән риза. Мұндай қолдау шаралары көпбалалы отбасылардың табысын арттырып, аналардың үйде отырып алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудырады. Осындай мүмкіндік Ританың көптен ойында жүрген ісін жүзеге асыруға бірден-бір көмек болды. Инновациялық грант алып, 21 бас тоқтыны бордақылауды бастап кеткеніне үш айға жуықтаған.
– Қандай да бір іс бастау үшін бәрі қаражатқа келіп тірелетіні белгілі. Мен де отбасымның тұрмыс жағдайын көтеруге өз үлесімді қосуды ойлап жүргенмін. Жұмыссыз жүрген соң жұмыспен қамту орталығына бардым. Ондағы мақсат көпбалалы ана ретінде қандай көмек алуға болатынын білгім келген. Мұндағы мамандар біраз мағлұматты алға тартып, инновациялық қайтарымсыз грант алуға кеңес берді. Мұны естіген соң қуаныштан төбем көкке жетті. Кәсіп ашу үшін аудандық кәсіпкерлер палатасында бір айлық оқу курсынан өттім. Сабақ барысында кәсіпкерлікті игеру жолдары мен қандай құжаттар қажеттігін біліп, оларды қалай рет-ретімен қолдануды үйрендім. Көп идеялар туындады.
Оқу курсында интернеттің мол мүмкіндіктері түсіндірілді. Сол арқылы өнімді өткізу, мал шаруашылығын дамытудың озық тәсілдері айтылды. Бір ай мен үшін лезде өте шығып, біраз дүниеге қанықтым. Облыстағы мамандар алдында тікелей эфирде бизнес жоспарымды қорғап шықтым. Қазір отбасыммен бірге тоқтыларды күтіп-баптаудамыз, – деген Рита Ашықбайқызы өз қуанышымен бөлісті.
Ол мал шаруашылығын дамыту инновациялық жобасын жүзеге асыруға 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Аталған гранттық қаражат – жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлерге инновация бағытында ерекшеленетін және жаңашыл жобаларға қайтарымсыз негізде және кепілсіз беріледі. Жобасын ұсынуға талаптанған әрбір кәсіпкер алдымен ақысыз негізде өткізілетін “Бизнес кеңесші” оқыту жобасынан өтуі тиіс.
Рита Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалынан грантқа қатысу талаптары бойынша бірнеше мәрте кеңес алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
Көпбалалы ананың айтуынша, мал ұстағанда береке бар. Осы ұстанымды ту еткен Рита “Ахмед” атауымен жеке кәсібін дөңгелетіп әкетті. Бұйырса, Шопан ата тұқымын семіртіп, тұтынушыларға сатуды көздеп отыр. Тапсырыс берушілерге жеткізіп беру, малды бауыздау, ішек-қарнын тазалау, бас-аяғын үйіту қызметтері де қарастырылған.
Бүгінде кәсіпкер әйел жұбайы Русланмен бірге Әйгерім, Фариза, Кәусар, Іңкәр, Ерасыл мен Ахмет есімді ұл-қыз тәрбиелеуде. Рита келешекте аудан халқын жұмыспен қамтып, туған жердің экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосуға ниетті екендігін жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА