Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келді
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келіп, аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге аудандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Сондай-ақ, Қазалы теміржол вокзалына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарында көрді.Теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстарын «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен мердігер мекеме «Бақ Береке» ЖШС жүргізуде. Эскиздік жобаға сәйкес, ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын нығайту, шатырын ауыстыру, есік-терезелерді жаңарту, жолаушыларға арналған күту залдарын заманауи талаптарға сай жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік жүйелерін орнату, сондай-ақ вокзал аумағын көгалдандыру және брусчатка төсеу секілді ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Бүгінде вокзал ғимаратының сыртқы жұмыстарының біршамасы аяталып, ішкі жұмыстары атқарылуда.
Бахыт Дүйсенұлы теміржол вокзалынан кейін Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс кешенінде құрылысы басталған спорт кешені мен аудандық көп бейінді орталық ауруханасы жанынан салынып жатқан 42 төсектік инсульт және кардиология орталығының құрылысымен танысты.

Аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы облыс әкімінің орынбасарына құрылыс алаңдарында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып өтті. Бүгінде Қазалы ауданында 3 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатса, соның бірі Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан спорт кешені. Қазіргі таңда кешеннің екінші қабатының кірпішін қалау жұмыстары жүргізіліп, жалпы құрылыс жұмыстарының 40 пайызы аяқталған. Сонымен қатар биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен 42 төсектік инсульт және кардиология орталығының құрылысы жүруде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан денсаулық нысанының құрылысы жыл соңына дейін толықтай аяқталмақ. Құрылыс жұмыстарымен мердігер мекеме «СМП Кызылорда» ЖШС-і айналысуда.
Аудан орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын көрген облыс әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер мекемелердің басшыларына жұмыстың ең әуелі сапасына аса мән беріп, барлық нысандардың құрылысын мерзімінде аяқтап, аудан халқының игілігіне табыстау керектігін жеткізді.














