Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт жанды азамат

Ұлт жанды азамат

Жаңа кітап туралы естісем елеңдеп, көргенше асығатын қалыпты әдетім. 2011 жылы қолыма Нұрболат Бекетаевтың 2010 жылы баспадан шыққан «Мен Қазақпын» атты 164 бетті өлеңдер жинағы түсті. Оқығанша асықтым, алғашқы беті:
Мен қазақпын, туғанмын елім үшін,
Мен батырмын, өйткені елім күшім.
Мен қазақпын, ұрпағы бабалардың,
Жанын қиған туған ел, жерім үшін.
– Деген жыр жолдарымен ашы­­лыпты.
Оның шығармашылығының бас­ты тақырыбы туған ел, туған жер тағдыры, қоғамдағы түрлі құбылыс, адами болмыстар. Арасында әні мен сөзін автор өзі жазған бір топ өлеңдері нотасымен берілген. Риза болғандықтан сұрастыра келе кітап авторы Нұрболат Жармаханұлы Бекетаев Қазалы ауданының (Қызылорда облысы) тумасы болып шықты. Ол Астана қаласында құрылыс компаниясында жұмыс істейді екен.
Осы жылдары мен Қазалы аудандық газетінде директор-бас редактор болып қызмет жасайтынмын. Қуанышты пейілмен жерлес ақынымызды оқырмандарымызға таныстыру мақсатында аудандық газеттің 2011 жылы 2-қарашада шыққан санында қысқаша өмір жолы мен суретін қосып, «Той жасар ем еліме ұланасыр» деген тақырыппен біртоп өлеңдерімен арнайы бір бет бергенбіз.
Ұлт жанды азамат Нұрболат Бекетаев негізінен отбасымен бірге Астанада өмір сүріп, еңбек етсе де, туған жері мен елінен қол үзген емес. Әйтеуір ретін тауып, еңбек демалысында келіп ауданда өткен мәдени шараларға белсене қатысуды өзінің борышы, парызы санайды. Шығармашылық еңбектерінде туған жерге, тарихы кенен, тамыры терең Қазалының атын шығарған перзенттеріне, елін, жерін қорғаған әруақты батырлары, орақауызды шешендері мен билері, өмір бойы халқының намысы үшін күресіп өткен ата-бабаларына елін сүйген өнер қайраткерлеріне жыр жазып, әндер арнауды да есінен шығармайды.
Бірде оның туып өскен Қазалы ауданында өткен мәдени шараларға қатысып, ән салып, өлеңдерін оқып, жерлестерін тәнті еткені бар. Ол өлең жазады, ән шығарады, қоңыр дауысымен тамылжыта ән салады.
* * *
Нұрболат Жармаханұлы Бекетаев 1960 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қожабақы ауылында дүниеге келген. Ол 1977 жылы туып-өскен жеріндегі №25 мектепті бітіргеннен кейін, бір жыл ауылда еңбек еткен. 1978 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтынан құрылысшы, одан кейін «Тұран» университетінен заңгер мамандығын алған.
1984-1990 жылдары Құрылыс-жөндеу мекемесінде ағаш ұстасы, бригадир, мастер, участок бастығы, база меңгерушісі болып еңбек етеді. Нұрболат Жармаханұлы осыдан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, облыстық Құрылыс-жөндеу тресінің кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне сайланады.
Нұрболат Жармаханұлы 1988-1989 жыл­дары Целиноград қаласында алғашқы айтысты ұйымдастырып, көзге түседі. Ол кездегі студент жастардың арасынан ақындарды іздеп тауып, оларға үлкен жол ашады. Олардың ішінде қазіргі елімізге белгілі ақындар: Айбек Қалиев, Қалқаман Сариндер бар еді. Ол қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Әприза Құсайынқызымен біріге отырып, алғашқы «Наурыз», «Қымызмұрындық» мере­ке­лерін өткізеді. Сол жылдары өзі де қалалық, облыстық, республикалық айтыстарға қаты­сып, жүлделі орындар алады. Сонымен қатар «Жігіт сұлтаны» сайысын ұйымдастырады. Қазақ тілін дамытуға көп үлес қосады.
Нұрболат институт қабырға­сында оқып жүрген кезінде домбыра үйірмесіне қатысып, кейін оған жетекшілік еткен. Ол 1989 жылы Алматы қаласында өткен Халықаралық «Аралға араша» телемарафонында «Аралым менің, Аралым» атты толғауын орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленеді.
Нұрболат Жармаханұлы 1990 жылы Целиноград қаласында қазақ тілінде алғаш ашылған «Ақмола ақиқаты» газетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. Сол жылдары «Азат» қоғамының облыстық бөлімше басшысының орынбасары қызметін қосымша атқара жүріп, көпшілік арасында ұйымдастырушылық қабілетімен, ерекше белсенділігімен көзге түседі. Қасына тоғыз жігітті ертіп алып, «Ақмоланың атын қайтармай – Ақмолаға қайтпаймыз» ұранын жалау етіп, Алматы қаласының орталық алаңына барып, аштық жариялайды. Соның нәтижесінде жігіттердің ұранын ескеріп, Целиноград қаласының аты Ақмола болып өзгертіледі.
Бірде, казактар жеке үйдің үстіне Ресей жалауын тігіп:
– «Казактар» қоғамын құрамыз, деп жиналыс ашады. сол кезде Нұрболат тағы да 5-6 жігітті етіп барып, туларын лақтырып, жиналыстарына кедергі жасайды. Милиция келіп, оны және тағы екі жігітті қаланың атқару комитетіне алып барады. Сол жерде он бес тәулікке қамауға шешім қабылдайды. Бірақ қаланың прокуроры Ғайсин деген кісі келіп:
– Бұлар нағыз батырлар, енді халық көнбей жатыр деп айтамыз да, казак ұйымын аштырмаймыз, бұларды босатып жіберіңдер, деп, оларға рахмет айтады.
Нұрболат Жармаханұлы Бекетаев 1991 жылы «Сарыарқа» журналының бөлім меңгерушісі қызметіне ауысады. Ол 1992 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін құрылыс саласында басшылық қызмет атқарып келеді.
Бекетаев Нұрболат – ақын, сазгер. Көптеген патриоттық әндердің авторы. «Тәуелсіздік таңы», «Елдана» атты күйлері үлкен сахналарда орындалып жүр. Ол республикалық ақын-жыршылар, патриоттық әндер байқауларының жеңімпазы. «Баршаңа бақыт сыйлаған», «Айыққан ару», «Мен қазақпын» атты кітаптардың авторы. Оның «Айыққан ару» атты кітабы орыс, түрік, ағылшын тілдеріне аударылған. Оның 2010 жылы Астана қаласындағы «Конгресс Холл» сарайында «Туғанелім» атты шығармашылық кеші өткізілген. Кешке ел мақтаныштары, қазақ халқының «бұлбұлы» атанған Бибігүл Төлегенова, белгілі ақын­дар Шөмішбай Сариев, Қоныспай Әбілов, тағы басқа өнер майталмандары мен қайраткерлері қатынасты. Кеште, көптеген белгілі әншілер Нұрболаттың әндерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Нұрболат Жармаханұлы Бекетаев­тың көп жылғы еңбек­тегі және өнердегі жемісті жұмыс­тары ескеріліп Қазақстан Республикасының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Қоғам және Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасына еңбе­гі сіңген құрылысшы, «Жаңа Қазақстанның жүз жаңа есімі» атты төсбелгілерімен марапатталған. Ол Қазақстан Республикасының Журналистер Одағының мүшесі.
* * *
Мен туып өскен Қазалы ауданында үздіксіз 52 жыл мемлекеттік қоғамдық жұмыстарда еңбек етіп, өз еркіммен демалысқа шыққаннан кейін, 2019 жылы Астана қаласына қоныс аудардым. Арасында орталық қала өмірімен бірте-бірте танысып, осындағы жерлестеріміз, қызметтес болған, қатар құрбыларымызбен, ағайын-туыстармен бірте-бірте танысып, білісіп, бірге болған ортада өзім аты-жөнін білетін сегіз қырлы, бір сырлы қазалылық інім Нұрболат Жармаханұлы Бекетаев алдымнан шыға келді. Сонан бері көрген сайын ағалап сәлемін үзбейді. Аңқылдап, жасырмай бар сырын, шын жүректен шыққан лебізін айтады. Отырған ортада суырып салма өлеңдерін оқып, домбырасын тартып, қоңыр дауысымен ән салып, көңілімізді көтеріп, риза етеді. Ақорда атанып кеткен Астанада қазалылықтар жыл сайын бас қосып, «Наурыз» мерекесін атап өтіп, бірге тойлап, арасында өмір бойы халқының еркіндігі үшін күрескен халық батыры, әруақты әулие Жаңқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған ата-бабаларына құран бағыштауды дәстүрге айналдырған. Осындай үлкен шараларды ұйымдастырып, ойдағыдай өткізіп жүрген бір топ кәсіпкер жастардың арасында белсене араласып, әрдайым Нұрболатта жүреді.
Бұл күндері зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбек демалысына шыққан Нұрболат Жармаханұлы жұбайы Зәуре екеуі дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп, оқытқан ұл-қыздарының қызығын көріп, немере сүйіп отыр.
Өмірінше көпшіліктің ортасында болып, елін сүйіп, халқына қолынан келгенше абыройлы қызмет жасап келе жатқан Нұрболат зейнетке шықсада қоғамдық жұмыстан әлі күнге дейін қол үзген емес. Ол Астана қалалық мәслихаты депутатының кеңесшісі қызметінде бірге атқарып жүр.
Мен Нұрболат Бекетаев інімізбен жақында ғана тағы бір кездесіп қалдым. Әдеттегідей арсалаңдап, құшағын жая, күлімдей сәлемдесіп, жағдайымызды сұрап жатыр. Сонымен бірге жуырда туып-өскен жері Қазалы ауданының өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан, ел құрметіне бөленіп, өмірден өткен әкесі Жармаханға арнап, «Мен әркез әкемменен мақтанамын» атты толғау жаз­ғанын мақтанышпен айтып, жеткізді. Сөйтіп, ерекше құл­шыныспен жатқа айта бастады. Асқар таудай әкесін есіне алғанына қуанышы қойнына сыймай тұрғандай. Отыз бір шумақтан тұратын «Мен әркез әкемменен мақтанамын» толғауы:
Сыр бойынан шыққан талай ерлерім,
Туған жерге төккен маңдай терлерін.
Соның бірі Бекетаев Жармахан,
Ел біледі ердің ерен еңбегін, – деп басталып:

Жаздыммен болған өмір ақиқатын,
Болсын деп мәңгі мұра жазған хатым.
Ішінде жалған айтқан сөзім болса,
Жоғалсын мәңгілікке ақын атым.

Осы еді жүрегімде сақтағаным,
Жүрген жолын әкемнің жаттағаным.
Еңбегімен ел есінде мәңгі қалған,
Мен әркез әкемменен мақ­танамын, – деп аяқтапты.
– Нұрболатжан, мына шығар­маңмен аяулы әкеңізге ел есінде қалатын ескерткіш қойғандай еңбек етіпсің, – дедім мен.
– Рақмет, аға, – деп мәз-майрам болып, құшақтай кетті.
Халқымызда «Жігітке жеті өнерде аз» деген ұлағатты сөз бар. Мен ұлтжанды, қоғамшыл азамат, ақын, сазгер-әнші, арасында реті келгенде әр отба­сының қуанышты тойларына ортақтасып, асабалықты да атқарып, алғыстарын алатын өнері тағы бар Нұрболат Жармаханұлы Бекетаевтың қазыналы қарттары­мыздың қатарына қосылуымен құттықтап, өмірі ұзақ, қолға алған талаптарының әрдайым оңғарыла берілуіне шын жүректен тілек білдіремін.

Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі,
Астана қаласы
05 қараша 2024 ж. 77 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 81

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031