Теміржолда төрт ғасыр тер төккен
«Теміржолда 400 жыл үздіксіз қызмет еткен отбасы бар» деген жаңалықты естісімен, дереу мағлұмат жинауға кірісіп кеттік. Дерек рас болып шықты. Экономиканың күретамыры, даму драйверіне айналған салада қазалылық Қабыловтар әулетінің төккен тері, еткен еңбегі елеулі. Бүгінде төртінші буынға ұласқан дәстүрлі жалғастық, жалпы еңбек өтілі – 397 жыл.
Әлқиса немесе әкеден басталған жол
Қашан да ел мен елді, жер мен жерді, өркениет өрісі мен уақыттар аралығын жол жалғаған. Бір кездері көш керуені бастаған көне Жібек жолының бойын бертін келе теміржол алмастырды. От күшімен көп жүк сүйрейтін алып арбаның қазақ даласына жетіп, жаңалықтарға жаршы болғанына ғасырдан астам уақыт өтті. Осы кәсіпті өрістетіп отырған отбасы Әбдікәрім Қабыловтан басталыпты.
Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде ерекше маңызы бар стратегиялық жол торабының бірі дәл осы Қазалы болды. Қиыр Шығыс пен Батыс Сібір, Орталық Азия мемлекеттеріне пойыздар легі толастамайтын. ХХ ғасыр басында теміржолдың әскери рөлі артып, оның бойынан деполар мен вокзалдар, бекеттер бой көтерді. Отты арбалар майданға қажетті адамдар, қару-жарақ, ауыр техникалар, құрал-жабдықтарды үздіксіз тасымалдады. Сол тұста Қазалы паровоз депосында темір ұстасы болып жұмыс істейтін Әбдікәрімді комисарияд аз уақытта әскерге дайындайтын Өзбекстанның Каган деген жеріне жөнелтеді.
Әскери машыққа баулу орнында жүрген Әбдікәрім орыс тілін түсінбегендіктен, жанындағылар не істесе, соны қайталай береді. Мұнысына кейде жазаланып та қалады. Осындай командирдің ұрысының үстіне үлкен командир келіп: «Бұл адам соғысқа барса, босқа өледі. Қолбасшы Сталиннің бұйрығы бар. Теміржолшылар әскерден босатылады. Одан да еліне барып, жұмысын жалғастырсын», – деп бұйрық береді. Осылай туған жеріне оралып, ісін ілгерілетеді. Темір ұстасы теміржол көліктеріне қажетті құрылғы, бөлшектердің денін қолдан істеп, оның тоқтамауына атсалысады. 1958 жылы сол кездегі ережеге сай, жиырма жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығады. Әбдікәрім әке көптің жадында тындырымдылығы, туралығы, адамгершілігімен бірге, тұтас бір теміржолшылар династиясының тұтқасы ретінде де қалды.
Қазалылық «Қара мойор»
Әбідкәрім әскерге алынғанда, құрсағындағы шаранасымен шаңырақта қалған жұбайы Елей қиналып жылайды екен. Сонда төрде отырған енесі Мырзагүл: «Тәйт, жамандық шақырмай. Жылағаны несі, «кебенек киген келеді». Мен баламды тірілей аттандырып отырған жоқпын ба? «Жастың тілегі қабыл» деген. Үмітімізді үзбейік. Аман келер. Сенде сенім бар. Ұл тусаң, пейіштегі қос айымның орнын басар. Атын Қосай деп қоямын», – деп тыяды. Ананың арманы орындалып, немересі өмірге келеді, ұлы ұзамай ауылмен аман-есен қауышады.
Сол ақжолтай перзенті Ерқосайды әкесі балам демей, бауырындай еркелетіп, сенім артып, жақсылыққа жетелейді. Жастайынан қағілез болып өскен үйдің тұңғышы жұмсалып, ширықты. Мектеп жасында жақсы оқыған белсенді бала оқу ордасындағы барлық іс-шаралардың басынан табылады. Әсіресе жан-дүниесі өлең болып төгіліп тұратын ол алғашында журналист, ақын болуды армандағанымен, бір тоқтамға келіп, әке жолын қууға бел буады.
1959 жылы Ташкент қаласындағы теміржолшы мамандығына дайындайтын Орталық Азиядағы таңдаулы институтқа құжат тапсырады. Бір қызығы, бірге өскен Әзімжан, Нұрғазы, Құдайберген, Ботабай, Қайыпбай, Тасболат сынды жігіттердің студенттік шағы да бірге өтеді. Бір ауыз өзбек, не орыс тілін белмейтін жастар ортаға тез бейімделеді. Бұл Студенттік күндердің бірінде «Жас маманның жұмысқа тұру үшін 2 жыл еңбек өтілі болуы керек» деген үкімет қаулысы шығады. Қосай мен достары Ташкент вагон депосына жұмысқа тұрады. Еңбек ету, бір жағынан, жат жердегі жастардың жан бағуына де септеседі.
1965 жылы ТашИИТ-тің вагон шаруашылығы инженер-механигі деген диполмын, өмірлік жары Миуа Әбдіразаққызын алып, елге оралады. Ол жақта да теміржол батальонында болып, жолдарды жаңарту ісіне араласады. Дипломды жас цех шебері, техникалық бөлім инженері, вагон қабылдаушы сатыларынан өтеді.
Өмірде ақкөңіл, көпшіл, кішіпейіл азамат техникалық сауатты, талапты жан болады. Жұмыс барысында тындырымды, табандылығымен дараланады.
Вагон құрылындағы ірілі-ұсақты барлық детальді жатқа білетін маман институт берген дипломдық білімге тоқмейілсімей, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Өздеріне тиесілі жұмысты жатқа білетін ол көпасалалы дәрігердей, ақаулықты тап басады. Бір жолы вагонда кеткен үлкен апаттық оқиғаны Қазалы вагон депосына «жауып», жалтарған КССР теміржол Минстрлігіне барып, мүддені сауаттылықпен қорғап, нақты дәлелдермен айғақтап бергенін көзкөргендер үнемі айтады.
1966 жылы Ерқосай Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады. Е.Қабылов әскерден оралған соң деподағы ең жауапты жұмыстың бірі – аға вагон қабылдаушы-инспектор қызметіне жоғарылайды. Аға вагон қараушы айына жоспарланған 150-200 вагонның сапалы жөнделуі мінденті сұралатын мамандық. Егер біткен істен шикілік табылса, басымен жауап береді. Салдарынан депо ұжымы жоспар межесінен шыға алмай, жұмысшылардың әрқайсысы қомақты сыйақыдан қағылады. Күш-жігерін осы бағытқа жұмылдырған Ерқосай Әбдікәрімұлы өзі жұмыс істеген жылдары Қазалы вагон жөндеу депосының өзі сынды деполардың алдыңғы сапынан көрінуіне айтарлықтай атсалысады. 1970 жылы депо бастығының жөндеу жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалады.
«Ешкімде есеміз кеткен жоқ» дейді екен кейіпкеріміз. Қандай дау-дамай, түсініспеушілік туса, ұжым ондайда «қара қылды қақ жарған» Қабыловқа арқа сүйейді. Өзінің білім мен біліктілігі арқасында депоны талай айыптан арылтып, абырой биігінен көрінеді. Ол тілі ауыр техникалық дәрісті құдды ертегі оқып тұрғандай ұғынықты, нақ түсіндіргенінде, салаға жаңадан келген жұмысшының өзінің қызығушылығы оянады екен.
Адал еңбек бағалануымен құнды. КССР Теміржол Министрлігінің алтын сағаты, «Қазақстан теміржолына 100 жыл», «Біртұтас Қазақ теміржолына 50 жыл» төсбелгісі, салалық талай мақтау-марапаттарға ие болуы – лайықты қарымта деуге болады. Шойын жолдың шеберінің шеберіне берілетін ең жоғарғы марапат «Құрметті теміржолшыны» еншілеуі де жемісті жылдар жеңісі. Бізді қызықтырған «қара майор» шені әскери теміржол қызметінің майорына берілетін лауазым екен. Барлығы өткен күндерге кеткен қажыр, төзім мен текті міндетті алып жүрудегі тазалыққа тағзым деп ұғындық.
Теміржолшылар әдетте жұмыстың ауырлығына орай ерте зейнетке шығады. Ер-ағаның жарты ғасыр тапжылмай бір орынға тер төгудің сырын кейін білдік.
Ерқосай Қабылов 55 жасқа жетіп, зейнетке шығар шағында жағдай өзгеріп, жылдың 6 айнынан кейінгілер 63 жаста құрметті еңбек демалысына босатылатын бұйрық шығады. Өзінің бала күннен бірге арманға құлаш сермеген өмірлік досы, әріптесі, басшысы Әзімжан Әліпбаевтың барлық ісінде бірге жүрген айнымас серігі екеуі зейнетке шыққан соң да, деподан қол үзбей, оның тыныс-тіршілігін жандарынан ажыратпайды.
Алдыңғы толқын аға буын нағыз тығырық тіреген тоқыраулы кезде жинаған бай тәжірибесін, ізденісі мен парасатын жұмылдырып, жабылу қаупінде тұрған депоның жұмысын жалғап, уақыт табалына сай бағытқа бетбұрыс бұрып, жаңа цехтар ашып, тапсырысшылар талабынан көрінуге күш біріктіреді. Жанашыр жандар арқасында аталмыш мекеме алдыңғырлар қатарынан аласарған емес.
Жұлдызды теміржолшы қоғамдық жұмыстардан да тысқары қалмайды. Сөзімізге Ерекеңнің бастамасымен жүзеге асқан, деподан музей ашуын айтуға болады. Мәскеу, Орынбор, Қызылордаға талай рет шығып, хат жолдап, хабарласып, ел ішін аралап, мыңдаған мұрағаттық мұраларды ұрпақпен қауыштырған ізгілікті ісі жанкештіліктің көрінісі. Өзінің әріптес шәкірттері Болат Ережепов, Нұрсұлу Әлмағанбетовамен бірігіп жазған «Теміржол тарланы» кітабы да тарихқа қосқан табысты үлесі.
Атаның жолын қуса игі
Көбіміз күнделікті жолығатын рельс бойымен жүретін пойызға қатысты маман иелерінің барлығын теміржолшы дейміз. Олардың артында қаншама мамандық тұрғанын білмейміз. Жүйіткіген жүйрік «тұлпарды» жүргізуде машинист, жолшы, ақауанықтаушы, жолсерік, инженер, диспечер, жөндеуші сондай-ақ зауыт, депо, вокзал, стансаларды жұмыс істейтін түрлі қызмет иелері болады. Олардың қатарында Қабыловтар әулетінің төрт буын шоғыры бар.
Әбдікәрім Қабыловтан басталған жолды тұңғышы Ерқосай табысты жалғағанын жеткіздік. Ерқосайдың ұлы Кемал екі жыл вагон депосында токар болып жұмыс істейді. Мараты қысқа ғұмырының он екі жылында Қазалы локомотив жөндеу зауытында машинист көмекшісі болады. Келіндері Мырзагүл де осы жерде техникалық қызметкер. 1975 жылы туылған Жанболат Қазалы вагон жөндеу депосында вагондардың техникалық сапасын бақылау бөлімінің инженері. Отыз жылға жуық еңбек еткен мақтаулы маман. Әулеттегі төртінші буын Ақылбек Маратұлы екі жылдан бері вагон жөндеу депосының слесары.
Қосмырза Әбдікәрімұлы еңбек жолын Қазалы локомотив жөндеу зауытында слесарь болып бастаса, жұбайы Феруза осы өндіріс орнында 30 жыл лаборатория меңгерушісі болып, зейнетке шығады. Ресейдің Астрахан қаласында дүниеге келген орыстілді қыз бүгінде ата-енесінің тәрбиесін көріп, ұрпаққа үлгі болып отырған ана, абзал әже.
Тарғын Әбдікәрімұлы – Қазалы локомотив жөндеу зауытында жарты ғасырға жуық қызмет еткен білікті иженер, депо бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Тарғыннан тараған Болат Қазалы осы мекемеде екі жыл жөндеуші болса, Талғат еңбек жолын 1994 жылы жөндеуші болып бастаса, кейін депоның өндіріс жөніндегі орынбасарлығына жоғарылаған. «Адал еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері қазір локомотив шаруашылығы «Wabtec» компаниясында техникалық кеңесші. Ләззат ісін 2001 жылы Қазалы локомотив жөндеу зауытында есепші болып бастаса, қазір «Қамқор локомотив» компаниясының бас есепшісі қызметінің тізгінін ұстап отыр. Айбек Талғатұлы 2023 жылдан бастап инженер. Тарғын Қабылов пен оның ұл-қыздарының теміржолға қосқан үлесі 104 жыл.
Қазалы вагон депосында табан аудармай 39 жыл тұрақты жұмыс істеп, инженер болған, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Егізбай Әбдікәрімұлының жолын жалғаған балалары Салтанат – теміржол ауруханасында фармацевт. Жиырма үш жыл өтілі бар. Қанат Егізбайұлы Қазалы вагон депосында инженер. Перизат Егізбайқызы Қазалы локомотив жөндеу зауытында инженер. Жолдасы да теміржолшы. Егізбайдың жары Сәнімкүл Даабаева 37 жыл Қазалы вагон депосында инженерлік істі атқарған.
Әрбірінің жеткен жетістігі, шыққан биігі туралы жазу бір мақала аясына таршылық етеді. Осындайда «Атадан ұл туса игі, Ата жолын қуса игі» деген аталы сөз ойға оралады.
Көзімді ілсем, депода жүремін
Қазалының №5 квартал бөлігіндегі тұрғындарды қарапайым жұртшылық «екінші мемлекет» деп атауының да астарында мән бар. Айналасын жиырмаға жуық болат жолы бағытындағы мекеме қоршаған ортадағы жұрттың былайғы бос әңгіме, саясат туралы сапырма сөз, өкіметке өкпе, бұқараға базына айтумен ісі жоқ. Көзін ашқаннан өмір сүру салтына айналған пойыз жолдың тірлігі оларды ортақтастыратын жағдай. Қабыловтар бас қосқан орында ұстамдылық, сабырлық, техникалық білім мен тәртіп – табыс тұтқасы екендігі, қауіпсіздік қатаң бақылау қағидатқа айналу қажеттігі ұдайы сөз болады. Олай етпегенде... Отбасылық шежіресі теміржолмен қатар өрілген әулет осы салада еңбек етті, шыңдалды, бала-шағасының несібін еселеді, ұрпағына үлгі болды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді халық даналығы. Теміржол тарландарының пікірін тыңдадық.
«Зейнетке кетсем де, теміржолдан әлі кеткен жоқпын. Күндіз-түні мойын бұрып, саланың ертеңіне алаңдаймын, бүгініне болжау жасап, жақсылығына сүйсініп, қиындығына күрсініп отырамын. Тіпті көзімді ілсем болды, депода жүремін. «Біздің теміржолмен кіндігіміз байланған» деп күлеміз. Осыдан-ақ байланысымызды өзіңіз аңғара беріңіз», – дейді бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Қазақстан теміржолы даму тарихының куәгері Ерқосай Қабылов.
«Теміржолды бізден, бізді одан бөліп қарау мүмкін емес. Қанымызда тулайды, жүрек дүрсілімізбен бірге соғады», – десе Талғат Тарғынұлы, Перизат Егізбайқызы: «Мен таңдаған мамандық – атаның жолы, адамзаттық игілігіне қызмет ететін бағыт. Таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Тегімнен бері келе жатқан айнымас қағиданы абыроймен жалғау – өмірлік кредома айналған», – дейді.
Біз болған бір күн бір атадан тарған ұрпақтың темірдің жолын – өмірдің жолына айналдырғанын ұғындырды. Қазақтың кәдімгі қара домбырасының қос ішегі сияқты қатар өрбіген жолдар жақсылық пен жамандық, ақ пен қараның тепе-теңдігінен құралған жаратылыстың жарқын көрінісі іспеттес. Тұтас тарихқа тамырың терең бойлатқан текке «бағыттарың тынымсыз доңғалақтардай толастамай, жақсылықпен жалғассын!» деп тілек тілестік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА