Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолмен тағдырлас

Теміржолмен тағдырлас

1941 жылдың 22 маусымы таңғы сағат төртте бейбіт жатқан жұртқа соғыс басталғаны жарияланды. Фашисттік Германия Кеңес Одағына басып кіргендігі жайлы ақпарат Совет халқына лезде таралды. Талай шаңырақты от шарпып, миллиондаған жанның өмірін қиған қиян-кескі ұрыс үздіксіз 1418 күнге созылды.
Екінші Дүниежүзілік соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80 проценті қатысты. Соғыс қимылдары 40 елдің жерінде жүріп, 110 миллион адам әскерге алынды. 50-55 миллион адам қазаға ұшырады. Соғыс бітерде фашизм толық күйреп, Батыс Еуропа елдерінде демократияның орнауына жол ашылды. Фашизмді талқандауда шешуші рөлді КСРО құрамындағы халық атқарды.
Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат баласының тарихындағы ең сұрапыл соғыс болды. Анасын баласынан, баласын әкесінен, жарын сүйгенінен айырған қанды қырғынның тигізген зардабы да өте ауыр еді. КСРО жағынан 26 миллион адам қаза болды. Бұл сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Оның ішінде қазалылық азаматтар да қан майданға аттанған-тын. Солардың қатарында Абдраман Елубаев та бар. Ол орда бұзар жасында әскерге шақыртылып, Ресейдің Амур қаласына аттанады. Осында өзімен бірге келген барлық сарбаздар әскери дайындықтан өтеді. Олар қолына қару алып, жауға қарсы өжеттілікпен шабуылға шығады.
Негізгі дерек бойынша, Абдраман Елубаев 1908 жылы Қазалы стансасында дүниеге келген. Еңбекқор жан қасіретке толы аштық жылдарында қиын-қыстау кезеңге қарамай, Қазалы стансасында теміржол жөндеуші болып еңбек еткен. Қуаңшылыққа да, ауыр жағдайға да қасқая қарсы тұрып, адал қызмет жасаған. Өзге тілді жетік меңгерген ол орыстармен тез тіл табысады. Соның арқасында 1939 жылы Орынборға қарасты Қазалы стансасы жол бойы мекемесіне теміржол қараушы ретінде жұмысқа тартылады. Оның ең бақытты шағы 1940 жыл еді. Олай дейтініміз, сол жылы ол ғұмырлық жұбын кезіктіріп, Шолпан есімді жас қызбен отау құрады. Дегенмен жыл өтпей Екінші дүниежүзілік соғысқа аттануына тура келеді.
Абдраман Елубаевтың тірі шағында балаларына айтқан естелігінде Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО теміржол әскерлері батылдық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткенін жеткізген. Соғыс алдында олар барлық қажетті жабдықтар мен білікті мамандармен жұмыс істеуге дайын болды. Соғыс қимылдарының бастапқы кезінде жау теміржол жұмысын ішінара тоқтата алды. Бірақ теміржол әскери құрамы қызметкерлері теміржол желісін ретке келтіруді тоқтатпады. Оларға әсіресе бұзылған көпірді жөндеу қиынға соққан. Қолда бар құралмен биік-биік шыршаларды шауып, бөрене орнына қолданған. Осындайда әскери пойыз құрамы жаңадан жөнделген көпірден өткенше іштей қалыпқа келтірілген нысанның мықты болуын тілеп тұрады екен.
Темір жолда темірдей тәртіп мықты ұсталған. Себебі тоғыз торапты жол негізгі әскери нысан саналады. Сол үшін де тасымалдаудағы орташа үзіліс 6 сағатты құрайтын. Осы уақыт ішінде жауынгерлер теміржол төсемін қалпына келтіріп, пойыздар әрі қарай жүре берді. Бір мезетте 50-дей адам бір бөлігі бомбаланған жолды жөндесе, екіншісі жаумен шайқасқа түсетін. Сондайда жанталасып жатқанда біршамасы оққа ұшырап, әр жерде құлап жатады. Талабы да, арманы да бір теміржол әскери құрамы батылдық, тәртіп пен ұйымшылдық үлгілерін көрсетті. Фашистік басқыншылармен үздіксіз шайқастар жүргізе отырып, бұл бөлім фашистік әскерлерге үлкен шығындар әкелді. Жойқын соққыларымен жау саны мен техникасын жойып, неміс басқыншыларын аяусыз қырып тастады. Осындай жауапты құрамда жүрген жерлесіміз Абдраман Елубаев ерекше қайсарлығы арқасында қолындағы қару-жарақпен жау шебінің 2 танкасын істен шығарған. Сол көзсіз ерлігі үшін оған «2-ші дәрежелі Отан соғысы» ордені табысталған. Дегенмен қанды қырғынның ең ауыр жүгін көтерген әскери теміржол құрамы жайында көп айтыла бермейді. Ал Абдраман Елубаев осы шайқастың бел ортасында жүрген азамат.
1941 жылы паровоз колонналары пайдалануға берілді. Әр депоға жөндеушілер бригадасы бар 15-30 паровоз бекітілді. Жеке құрам төрт дөңгелекті жылы вагондарда орналасты және 15 тәулікке азық-түлік қоры болды. Бұл жолдардың бұзылу орнына қысқа мерзімде жетуге және оларды тез қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Мұндай бригадалар мен пойыздардың әуе қорғанысына ерекше назар аударылды.
1943 жылы соғыс жағдайына әбден ширыққан Абдраман Елубаев Қиыр Шығыстағы Владивосток теміржол әскери құрамына келіп түседі. Ол соғыс жылдарында батыс пен шығысты байланыстырған жалғыз Трансібір теміржолында күн-түн елім деп аянбай тер төккеннің арқасында «Еңбек ері» орденімен марапатталды.
1945 жылы 9 мамырда Совет Одағы Германияны, 1 қыркүйекте Жапонияны толық талқандап, жеңіске жетеді. Әйтсе де соғыс аяқталысымен қажетті теміржол маманы ретінде Абдраман Елубаев тағы екі жыл әскер шебінде қалды.
1947 жылдың қыркүйегінде абыроймен кеудесінде ордендері жарқырап, екі жүзі жайнап туған жерге оралады. Әскери мөр басылған бұйрықпен Қазалы стансасына теміржол қараушы болып ауыстырылады. Соғысқа дейін де, одан кейін де теміржолда қызмет еткен қазалылық жауынгер, қазіргі Жанаділов көшесінің бойындағы теміржол өткелінде шлагбаумшы болып жұмыс істеді. Бар күш-қуатын теміржол саласына арнаған соғыс ардагері – Абдраман Елубаев 1968 жылы құрметпен зейнетке шықты. Зейнеткер сарбаз зайыбы Шолпан екеуі балаларын қатарынан кем қылмай өсірді. Үйінің ауласы мен Алтай арнасының жиегіне үлкен бақша егумен айналысады. Сонымен қатар түйе бағып, мал басын көбейтеді.
Халқы, жері мен елі және отбасы үшін еткен еңбегінің жемісін көрді. Өзінен тараған балаларын да еңбекке баулыды. Соғыс ардагері, Еңбек ері, Құрметті теміржолшы атағын алған ол зейнет жасында да 5-ші кварталдағы «Түйеші ата» атауымен де танылды. Осындай тәлім-тәрбиеден өткен үлкен қызы Күләйша да адал тер төгіп, бас есепші маманы ретінде зейнетке шықты.
Абдарамнның кіші ұлы, шаңырақ иесі – Қуаныш Елубаев Солтүстік әскери-теңіз флотының орталығы Мурманск қаласында Отан алдындағы борышын орындады. Сүңгуір кемені анықтайтын үлкен кемеде 3 жыл жауынгерлік қызметін мінсіз атқарды.
СССР әскери флотының саяси басқармасынан: «Бірінші дәрежелі старшина Қ.Елубаев әскери және саяси дайындықтың үздігі болып табылады» деген мәтіндегі «Алғыс хат» Абдраман Елубаевқа жөнелтіледі. Қуанышында шек жоқ әке ұлына ақ батасын береді. Осы үміт артқан ұлы әке ізін жалғастырып, 35 жыл теміржол саласында машинист қызметін мінсіз атқарды. Бұл күні зейнет жасындағы бақытты жан.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
19 шілде 2022 ж. 435 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031