Ауруды аяқ арылтады
««Церебралды сал ауруы» деп дәрігерлер жасаған тұжырымдаманы естіп, ұзақ сандалдық. Әдетте ондай балаларға массаж бен арнаулы кабинеттерде көп жұмыс істеледі екен. Көзіміз көрді. Жұмыстарын жоққа шығара алмаймын. Немерем ем-домнан әлдеқайда жақсарды. Бірақ толық айықтырды деп айта алмаймын», – деп бастады әңгімесін қазалылық Ханымша Балымбет.
«Қайда дертке дауа бар» деп сарылған ата-ана мен туыстар аз тер төкпеген. Осындай күндердің бірінде Астана қаласындағы айтулы емдеу мекемесінде, қарағандылық әйелмен танысады. Ол мән-жайға қанығып, өз басынан өткен оқиғасымен бөліседі. Айтуынша, Оңтүстік Кореяға барғандарында, дәрігерлер баласының құмнан жазылатынын айтып, жалаңаяқ жүруге кеңес береді. Естіген кейуана немересін ерте көктемнен күзге дейін құмға отырғызып, жақсы нәтижеге қол жеткізгендігін жеткізді. Кішкентай Айтөренің буындары қатайып, тамақалысы жақсарып, аяғын басқан. Қазір балақай орта мектепте үздік оқушы.
Ақыл-ойды нығайтудың анық жолы
Тарихқа үңілсек, ежелгі Мысыр, Грекия және көне Рим сарбаздары мен тұрғындарының жаяу жүргені туралы суреттік, жазбалық мәліметтерге жолығамыз. Жапондықтардың көбі әлі күнге дейін жаяу жүретіні көпке белгілі. Ал Еуропа халықтарының арасында жаяу жүруді денсаулықты дұрыстаудың дұрыс жолына балайтындар көп.
Ежелгі философтар трактат, жазбаларында жаяу жүру ақыл-ой кеңістігін нығайтудың бір жолы деген жолдар кездеседі екен. Бүгінгі ғылыми көзқарас та мұны жоққа шығармайды. Физиолог ғалымдар адамдардың табанында өте күшті рефлексогенді нүктелер орналасқанын айтады. Олардың мәлімдеуінше, қимыл-қозғалысы кезінде адамның бойында электр заряды шоғарланады. Егер адам жалаң аяқ жүрген болса, ол жерге тартылады. Ал мұндайда аяқ киімді шешпей жүру оның сыртқа шығарылуына кедергі келтіретін көрінеді.
Гигиеналық ережелер сақталуы керек
«Қазір адамдар әлеуметтік желіден көрген-білгенін, жағдайды толық зерттемей, қайталауға әуес. Нәтижесінде өз жағдайын бұрынғыдан да ауырлатып алған салдарға жиі ұшырасамыз. Жалаңаяқ жүру де сондай. Өмір салтына айналдыру үшін гигиеналық ережелерді сақтау қажет. Ауа райының, дене температурасының сәйкестігін назарда ұстау маңызды. Әрбір серуендеуден кейін аяқты бөлме температурасындағы сумен жуып, нәрлендіргіш кремдер жаққан жөн. Ал жарақат пайда болса, өздігінен емдеу де дұрыс емес.
Маман ретінде айтарым, рефлексология қағидаларына сай, аяқ табандарында ағзаның қалыпты күй кешуіне жауап беретін негізгі нүктелер орналасқан. Жалаң аяқ жүру жүйке-бұлшық етін және тотығу үдерістерін белсендендіріп, артериялық қысымды қалыпқа келтіріп, тұрақтандыруға көмектеседі. Жүйке және психикалық аурулардың, маусымдық аллергияның алдын алуда да көмегі көп. Бұрыннан ауруы бар адамдар мұндай қадамға өз дәрігері кеңесінен соң баруына болады», – дейді дәрігер Сая Оразымбетова.
Дәрігер маман аяқ киімсіз жүрудің ортопедиялық жағымды әсері барын айтады. Ондайда адамда амортизациялық табанның бунақтары реттеліп, сапасыз аяқ киімнен не ұзақ кигеннен жиырылған бұлшықеттері қалпына келіп, сан мен мықынның, тізе буындарының жұмысы жақсарады. Дене тепе-теңдігі орнап, координация жақсарады. Аяқ деформациясының реттелуі, әсіресе, майтабандарға пайдалы.
Үш жүзге тарта аурудан айығуға көмектеседі
Аспанасты елінен алған білімін тарихи мекеніне келіп қолданып, алғысқа кенеліп жүрген кәсіби массаж жасаушы Айтүгел Ерақыметқызының айтуынша, табандағы нүктелерді басу арқылы 300-ге тарта аурудан айығуға болатыны белгілі болған. Өзі қызмет еткен уақытта ем алған және шәкірттерін баулуда тәжірибе көрсеткен өзге де аурулардың жойылуына көмектескенін айтады.
Ару дүниеге келген елде аяқтағы Юн Чуан нүктесін анықтау арқылы адамдар өздері дерттерін жазатынымен бөлісті.
Табан – сезімтал жүйке ұштары шоғырланған орын. Оның бір шаршы сантиметріндегі осындай рецепторлардың саны дененің басқа жеріндегілерден әжептеуір көп. Адам жүрген кезде осылардың белсенділігі артады.
Артық салмағы бар адамдар үлкен бармаққа массаж жасау арқылы гипоталамусқа әсер ете алады. Нүктені басу тәбетті тұрақтандыруға ықпалдасады. Үлкен башпайдағы гормоналды без гормоналды тепе-теңдікті реттейді, қалқанша безін жақсартады. Сондай-ақ табанның басқа аймағын уқалау арқылы бүйрек, жүрек, қантамырлары жолдары жағдайын жақсарта алады.
Нүктелі массаж маманы үйде үнемі жалаңаяқ жүруге кеңес береді.
Жалаң аяқ жүру жанды азықтандырады
«Жалаң аяқ жүру жанды азықтандырып, денсаулығымызға белсенді әсер етеді» деген ұстанымда талдықорғандық тұрғын. Төрт жыл қатарынан жалаң аяқ жүруді әдетке айналдарған Райхан Ескәрім оның өз ережесі барымен бөлісті.
«Алғашында оңай болмайды. Аз-аздан бастап үйренген дұрыс. Алдымен еденде жүріп, суық сумен аяқты жиі жуып, суықты қабылдап үйренген дұрыс. Үйреніп, сезімталдық қабілеті қалыптасқаннан кейін барып, далаға, түрлі кедір-бұдырлы жерге табанды тигізіп жүруге машықтануға болады. Үнемі маманмен кеңесіп, әр мезгілдің тиімді кезеңін орайына қарай пайдалуға кеңес береді.
Түйін:
Адамның табаны 26 сүйек, 33 буыннан, 100-ден астам байламнан және 200 000-ға жуық жүйке ұштарынан тұрады. Қазақта «жалаңаяқ кез» деген тіркес бар. Ол адам баласының белгілі бір уақытын қамтуға толық атау бола алады. Ағзадаға ұсақ моторика қол мен аяқ арқылы дамитынын ескерсек, баланың дұрыс қалыптасуына бала кездегі жаяу жүру мен құмда ойнауы көп көмегін тигізетінін байқауға болады.
Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАН