Отандық дәрігерлер ауруды алдын ала анықтайтын әдісті қолға алды
Отандық дәрігерлер дені сау адамның болашақта қандай дертке шалдығуы мүмкін екенін айтып бере алады. Медициндағы жаңа технологияның соңғы мүмкіндігін меңгерген ақ халаттылар кез-келген ауруды енді қанға қарап болжай береміз дейді.
Ажар Төлеғалиева, Президент ісі басқармасы медициналық орталығы жетекшісінің орынбасары:
-Адамның ДНК-сын зерттеу жөнінде болашақта қандай аурумен ауыратынын, қазіргі ауруын, бүкіл генетикалық денсаулық паспортын жасауға болады. Бұны біз бұрын болашақ медицинасы дейтінбіз. Бүкіл дүниежүзі мұнымен айналысып жатыр. Бірақ жаппай қолданысқа енген жоқ.
Болжам жасауға болатын құрылғылар Президент ісі басқармасы медициналық орталығында бар. «Денсаулық сақтау саласындағы инновация» атты форумда операция үстелінен тікелей трансляция жүрді. Онда отандық ақ халаттылар роботпен ота жасады. Бұған дейін роботпен тек шетелдік мамандар жұмыс істеп көрген екен. Енді біздің хирургтар да Орта Азия мемлекеттерінің дәрігерлерін оқытып, өзгелерге үйрете алады. Роботтың артықшылығы – операция кезінде адам құсап қолы дірілдемейді, әр әрекеті нақты және есеппен істелінеді. Медицинадағы инновацияға арналған жиын Тұңғыш президент - Елбасы қорының көмегімен ұйымдастырылған.