Қарадөңдегі құтты қоныс
Күннің аптап ыстығына қарамай, аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықты артқа тастап, Арықбалық ауылдық округіне табан тіредік. Мақсат – құрамына Жанқожа елді мекені кіретін ауылдың тарихынан сыр тартып, бүгінгісін көзбен көру. Тұрғындардың әл-ауқатын біліп, округтің даму деңгейіне қанық болу.
Тарих тамыры тереңде
Тарихқа үңілсек, 1857 жылы батыр әрі әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының басшылығымен Ресей патшасының озбыр саясатына қарсы шыққан халық көтерілісінің шешуші шайқасы осы жерде өткенінен дүйім жұрт жақсы таныс. Тарих беттерінде «Арықбалық шайқасы» атауымен ойып жазылған қанды оқиға қанша жылдар өтсе де халық жадынан өшкен емес. Аңызға айналған әңгіме ұрпақтан-ұрпаққа тарап, әлі күнге дейін ел аузында айтылып келеді.
Сондай-ақ ХVIII ғасырдың соңғы жылдарында өткен қазақ-қарақалпақ қақтығыстары тұсында, бар-жоғы он жеті жасында Хиуаның белгілі батырын жекпе-жекте өлтірген Жанқожа батыр содан кейінгі 70 жыл ғұмырында тұлпардан түспей, азаттықтың ақ туын желбіретіп, қартайған жасында да жауларымен қандыкөз көкжалдай алысып, алыстан тоят іздеген қыранша тұғырынан таймай өмірден өтті.
Арықбалық ауылдық округі 1928 жылы бұрынғы Қазалы уезі, Арықбалық болыстығы негізінде, Арықбалық ауылдық кеңесі болып құрылған. Оған Қазалы қаласының батыс беті, қазіргі Көларық ауылдық кеңесіне қарасты, елді-мекендер мен Қарлан, Әлсейіт, Құмбазар аралығындағы Сырдария өзенінің бойы кірген. Осылайша Қарақұм бойындағы қазіргі Шәкен ауылдық округіне қарасты жерлер де, осы ауыл аймағы болып танылған. Артынша бұл елді мекеннен 1980 жылы Көларық ауылдық округі бөлініп шыққан. Көп ұзамай 1992 жылы 29 қазанда Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшар «Жанқожа батыр ауылы» деп аталған. Қазірде мұнда 1600-ден аса тұрғын, яғни 300-ге жуық отбасы мекен етеді.Округтің экономикалық мамандануының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Елді мекенді 2019 жылдың мамыр айынан бастап Мәулен Қайруллаев басқарып келеді.
Даму деңгейі қуантады
Батыр есімімен аталатын округтің бүгінгі беталысы жаман емес. Мұны ауыл әкімінің сөзінен аңғару қиынға соқпады. Мұндағы жыл сайын атқарылатын ауқымды жұмыстардың барлығы ел игілігі үшін жасалуа. Мәселен, ауылда автомобиль жолдары бойынша барлығы 10 көше болса, оның 9-ы қатты қабатты, яғни асфальтталған. Ал қалған бір көшеге топырақ төселген. Тағы бір қуантарлығы, сол 10 көшенің 7-сі түнгі жарықшамдармен қамтамасыз етілген. Округ басшысы қалған көшелері жақын күндері шешім табатынын айтып отыр.
– Ауылдың даму деңгейі жылдан жылға көтеріліп келеді. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап, тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. Жуырда Қазалы ауданының елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес, Арықбалық ауылдық округінде 2022 жылға 2 дана трансформаторларды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Сондай-ақ бұрын жергілікті жұртшылық ауызсуды көше бойынан тасып ішсе, ендігі әрбір үйге сервистік су желілерін жүргізу шаруасы басталды. Бұл ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.
Біздегі көптен шешімін таппай отырған мәселенің бірі құны 4 миллион теңге болатын КТПН трансформаторын сатып алу болатын. Мұның да жуырда түйіні тарқатылады, – деді Мәулен Мінәжадинұлы.
Елді мекенде 1981 жылы іргетасы қаланған №94 орта мектеп бар. Алтын ұя ошағы 306 баланы білім нәрімен сусындатып отыр.
– Жылдан жылға үздіктер қатарынан табылып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасап, тынбай еңбек етіп келеміз. Нәтижесі көңіл қуантарлық. Биыл аудандағы маңдайалды 11 мектеп қатарынан көріндік. Осы жылы 11-сыныпты бітірген 15 оқушының 13-і ҰБТ-ға қатысқан. Барлығы да жақсы көрсеткіш көрсетіп, сенімді ақтады. 4 алтын белгіге үміткер оқушылар 100-ден жоғары балл алды. Енді екінші емтиханды күтіп отырған жайымыз бар, – деді мектеп директоры Алик Тлеумбетов.
Мұнан бөлек 2014 жылы «Жауқазын» балабақшасының құрылысы басталып, 2015 жылы пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2018 жылы салынған спорт кешені, 1981 жылы типтік жобада салынған 150 орындық ауылдық мәдениет үйі, әкімшілік ғимараты, мәдениет үйі жанында орналасқан кітапхана, 2011 жылы типтік жобада салынған дәрігерлік амбулатория халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетеді.Ауылдық округтің жер қоры 18334, оның ішінде жайылымдық – 4916, шабындық – 3737, егістік жер – 714 гектар.
2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жобасы бойынша ауылдық округте іске асырылған құрылыс жұмыстарына 20 ауыл тұрғыны уақытша жұмыспен қамтылса, 16 адам әлеуметтік нысандарға маусымдық жұмысына тартылған.
Шаруасы шалқыған
Арықбалық ауылдық округі бойынша 118 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 84 жеке кәсіпкер, 31 шаруа қожалығы, 3 заңды тұлға. Кәсіпкерлердің жалпы халық санындағы үлесі 7,3 процентті құрайды.
Округ бойынша 6 кәсіпкердің жылдық айналымы 2 миллион теңгеден асады. Кәсіпкерлерінің мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуы қарқынды деңгейде дамып келеді.
Ауыл тұрғыны жеке кәсіпкер Мейрамбек Ибрагимов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 555 мың теңге қаражат алып, балық шаруашылығына ден қойған.
– Бес балам бар. Оларға нан тауып беру бүгінде оңайға соқпай отыр. Сондықтан былтыр бизнес бастауды көздеп, кәсіпкерлік бағытта қаражат алдым. Қолға тиген 555 мың теңгеге мұздатқыш, қайық, басқа да балық аулауға қажетті жарақтар еншілеп, кірісіп кеттім. Қазір «Марат» шаруа қожалығына тиесілі көлді жалға алып, нәпақамды тауып отырмын. Шүкір, ақырындап шаруа ширап келеді. Алдағы уақытта өзге бағытта да кәсіп бастағым келеді, – дейді ол.
2020 жылдың көрсеткіші бойынша мұндағы кәсіпкерлердің саны күрт өскен. Яғни кәсіпке бет бұрғандардың қарасы көбейген. Ауылда әртүрлі бағытта ашылған нысандар округ деңгейінің дамуына үлкен үлесін қосып келеді.
Сол қатардағы Гүлзина Нуфтуллаева өткен жылдың басында тәттілерді пісіру үшін кондитерлік оқу оқып, жыл аяғында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 555 мың теңге алған. Бүгінгі күні ол ұзақ сақтауға арналмаған нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру бағытында «Айару» тәттілер орталығын ашқан.
– Әзірге тапсырыс жақын ауылдардан түсіп отыр. Оның өзінде той-томалақ, түрлі қонақ күту кезінде болады. Қазір қолға тиген қаражатқа тек қажетті заттардың бір бөлігін ғана алып үлгердім. Пеш, мексер секілді құрылғылардың бағасы қымбат. Бірақ жақын күндері оны да сатып аламын, – деді кәсіпкер келіншек.
Арықбалық ауылдық округінде 30 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Соның ішінде биылғы жылы қомақты қаржыға қол жеткізгені «Асан Тілек» шаруа қожалығы. Ол жылқы басын көбейту үшін 25 миллион теңге еншілеген.
Жанқожа батыр ауылында болғанымызда ондағы халықтың мәдениеті аса жоғары екенін аңғардық. Кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге ізеті басым. Тұрғындар бір-бірін сыйлап, қол ұшын созудан бас тартпайды. Олардың ауызбіршілігі артып, үлкен белестерді бағындырудағы бір себеп сыры осындажатса керек...
Абзал ЖОЛТЕРЕК