Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерлік ескерусіз қалмайды

Ерлік ескерусіз қалмайды

Сары даланың сайыпқыран перзенті Жанқожа Нұрмұхамедұлы он жеті жасында Хиуаның атақты батырын жекпе-жекте өлтіріп, елге ержүректілігімен танылады. Ол кезде қазақ жеріне тұс-тұстан жаулар көз алартып тұрған. Хиуа мен Қоқан хандығынан бөлек солтүстіктен Ресей отаршылдары шығып, батыр әрі әулие баба ел мен жерді сыртқы жаудан қорғауға бар өмірін арнаған.
Жанқожа батыр атамыз орысқа жаны қас болған. Бірақ оларға орам бергеннен кейін, хиуалықтарды Сыр бойынан біржолата көшіру үшін, солардың қаруын пайдаланғысы келген.
Ресей патшалығы батырға Ес­ауыл деген атақ беріп, сол кездегі өз ақшасымен 200 рубль айлық тағайын­даған. Батыр баба көрші ел билеушісінің берген мәртебесінен де, айлығынан да бас тартқан. Ресейліктер қазақтың шұрайлы егіндік жерлерін, шабындық алқаптарын тартып алып, өздерін сүреңсіз аумаққа ығыстырған. Жанқожа батыр бұл әділетсіздікке қатты ренжіп жүрген кезінде қазақтың бірнеше азаматтары келіп, олардың кірпіш күйдіріліп жатқан пешке үш қандасымызды салып, өртегенін жеткізген. «Шыдамның да шегі бар» дегендей батыр мына жағдайды естігеннен кейін, қатты ашуланып: «Мен сексен жастан ассам да жау­ларыммен арыстанша айқасып кегімді алмай қоймаймын», – деп халықты басқын­шыларға қарсы көтеріліске шақы­рады. Халық жаппай көтеріліп, орыс­тардың қыстауларын, егіндерін, жинап қойған шөптерін өртеп, қарсы келгендерін өлтіріп жазалайды. Жанқожа батыр 1857 жылы 83 жасында жалаң қылышпен, үшкір найзамен, шоқ­пармен, айбалтамен, бірен-саран шиті мылтық ұстап, зеңбірекпен, ракетамен, мылтықпен мұздай қаруланған орыс басқыншыларына 5 желтоқсан күні соғыс жариялайды. Жанқожа батырдың қол астына мыңжарымнан астам сарбаз жиналған.
Орыс әскерлерінде 300-дей атты казактар, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы болған. Сонымен бірге көмекке келген Елікей Сұлтанның сарбаздары 450-дей болыпты. Мұсылмандарға қару ұстатпайтын №1 фортың басшылары құрылысты салып жатқан башқұрт жұмысшыларына да мылтық үлестірген көрінеді.
Ел құлағдар болып, қарсылықты қолдап, атқа қонған жігіттердің қарасы молайған соң желтоқсанның басында бері жақындап, жаңақаланың батыс беті тұсындағы төрт шақырымдағы Ақтөбе деген жерге ту тігеді, көтерілісшілер саны 1500 адамға барады. Төңіректі 10-15 жігіттен құралған сарбаздар торуылдай бастайды. Мұз қату бойына Жанқожа батыр бастаған топ дариядан өтіп, Қазалы бекінісі қоршауға алынады, фортта тысқа тышқан жорғалай алмай қалады. Сарбаздар саны 5000-ға жетеді. Перовск бекінісі түгелдей әскери дайындыққа келтіріледі. Жағдай одан әрі ушығар болса қалың әскер Қазалыға бет алуға дайындалады.
Қазалы бекінісін қоршауға алып, бір тәулік соғыс жүргізгенде Жанқожа батыр жараланады. Астындағы атына оқ тиеді. Бірақ батырды атына мінгізіп, жаудың ортасынан Өтеген бидің баласы Құлбарақ деген інісі аман алып шығады. Жанқожа батыр Қазалы бекінісін ала алмағаннан кейін, 10 ақпан күні қазіргі Жанқожа ауылынан 7 шақырым жердегі «Қылышбай қорымның» маңайында соғыс ашады. Бірақ мұздай қаруланған орыс әскеріне қарсылық көрсете алмай, «Арықбалық» деген жерге шегініп 11 ақпан күні соңғы рет Жанқожа батыр бастаған қазақ сарбаздары арыстанша айқасып, орыс отаршылдарынан жеңіліс табады. Үш күн 9, 10, 11 қаңтарда болған соғыста зеңбіректердің әр түрінен 308 снаряд, әр түрлі оқ қарудан 3221 оқ атылған. Ұрыстың соңында атылған оқ саны 5986-ға жеткен. «Арықбалық ахиреті» деген Жанқожа батыр бастаған ұлт азаттың көтерілісі 9, 10, 11 қаңтарда емес, 1856 жылдың 5 желтоқсанында басталып, 1857 жылдың 11 ақпанында аяқталған.
2017 жылғы қыркүйек айында сол кездегі аудан әкімі Нажмадин Шамұратовтың басшылығымен қазіргі Жанқожа батыр ауылында «Арықбалық шайқасының» құрбандарына ас беріліп, құран бағышталды. Бұл шараға аудан әкімі бастаған ел азаматтары мен ауыл тұрғындары қатысып, «Арықбалық шайқасының» 160 жылдығы аталып өтті.
Бұдан бұрын 2013 жылдың қазан айында аудан әкімі Мұрат Имандосов мырзаға «Жанқожа батыр әулиенің 240 жылдығына бір жыл қалды, мүмкін болса атап өтіп, ас беру шаралары қалай болады» деп қатынас жаздық.
Мұрат Самұратұлы ұмытпасам бір ай өтпей ауыл әкімдерін, ауыл ақсақалдарын, аудан азаматтарын жинап, теміржол клубында үлкен жиналыс өткізді. Онда ұлт азаттың көтерілісінің қолбасшысы Жанқожа батыр әулиенің 240 жылдығын жоғарғы деңгейде өткізу жайы жан-жақты талқыланды. Жиналған халық бір ауыздан қолдап, қаулы қабылданды. Көшірмесі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа табыс етілді. Соның нәтижесінде облыс орталығынан еңселі ескерткіш орнатылды, Жанқожа батырға республикалық деңгейде ас берілді. Қызылқұм заставасы батыр баба атын иемденді. Қазалы ауданы әкімі болып, 2017 жылдың күзінде Мұрат Ергешбаев келді. 2018 жылғы көктемде аудандық «Қазалы» газетінің №29, 30 санында «Арықбалық ахиреті» атты жазушы Молдахмет Қаназдың мақаласы шықты. Бұнда қаламгер «Арықбалық шайқасы» қалай басталды, қалай өрбіді, жеңілу себебі, қанша адам шейт кеткенін архив деректерімен дәлелдеп көрсетті.
2018 жылдың маусым айында «Арықбалық ахиреті» мақаласының көшірмесін жазып, қазіргі аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мырзаның қабылдауына кірдім. Оған дейін аудан және Жанқожа батыр ауылының ақсақалдарымен «Арықбалық шайқасында» шейіт кеткендерге ескерткіш орнату жөнінде ақылдастық. Олар бірауыздан қолдап, аудан әкіміне төмендегі ұсыныстар жеткізілді.
1. «Арықбалық шайқасында» шейіт кеткен бабаларымызға ұрпақтары барып, еске алып тағзым етіп тұратын көрнекті жерге ескерткіш орнатылса;
2. Қазалы ауданы үшін тоғызыншы қаңтар азалы күн болып жарияланса;
3. Шейт кеткен батыр бабаларымызға жыл сайын немесе бес жылда бір рет Жанқожа батыр мешітінде ас беріліп, құран бағышталып хатым етіліп тұрса.
2018 жылдың 4 шілдесінде аудан әкімнің орынбасары Әлімжан Жарылқағановтан әкімге берген ұсынысыма байланысты жауап хат алдым. Онда «Арықбалық шайқасында» шейіт кеткен бабаларға ескерткіш орнатуға алдымен оның жер телімін, содан кейін қаржы мәселесі, нобайлық сызбасы дайындалу қажет. Ескерткіштің жоба-сметалық құжатын дайындау үшін жергілікті бюджеттен немесе демеушілік есебінен қаржы мәселесі шешілсе, «Облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп атау, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссия» отырысына ұсынылады» делінген.
Бұл жауапқа қанағаттанбағандықтан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлына өтініш жазуға тура келді. Ұсынысты 2018 жылы 25 желтоқсан күні Қызылорда облысы әкімі аппараты тіркеп, 2019 жылғы 22 қаңтарда жауабы қолға тиді. Хаттағы мына айтылғандар көңілге қуаныш ұялатты.
1.«Арықбалық шайқасында» шейіт кеткен баба­ларымызға ескерткіш Әйтеке би кентінде салынады.
2.Ескерткіштің нобайлық сызбасы (эскизі) дайындалуда.
3.Нобайлық сызбасы дайын болғаннан кейін комиссия құрылып, смета құжаты дайындалады.
4.Қазалы ауданы үшін тоғызыншы қаңтар азалы күн болып, жариялану үшін жоғары тұрған лауазымды кісілерге ұсыныс жазылады.
5. «Арықбалық шайқасында» шейіт кеткен бабаларымызға құран оқу, қатым ету, тағзым ету, ас беру біздің міндетіміз.
Осы мақаланы жазудағы мақсатым – «Арықбалық шайқасында» шейіт кеткен бабаларға ескерткіш орнату жөніндегі бір жылдан аса уақыттан бергі тілектің шешімін тапқанын халыққа жеткізу.
Бүгінгі ұрпақ үшін опат болған бабаларымызға көрсетілетін игі шараның орындалуына ықпал еткен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа, аудан әкімі Мұрат Ергешбаевқа тұрғындардың ризашылығы шексіз.
Нұрсұлтан МҰРАТБАЕВ,
Жанқожа батыр қоғамдық қорының төрағасы,
Қазалы ауданының құрметті азаматы

09 ақпан 2019 ж. 1 956 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 70

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930