Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырағы күзетте көз ілмеген

Қырағы күзетте көз ілмеген

1992 жылдың 18 тамызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен КСРО-ның Шығыс шекаралық округінің базасында Қазақстан Республикасының шекара әскері құрылды. Содан бері қазақстандық шекарашылар еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзетіп келеді.

Қазалы ауданы аумағындағы №2019 “Қызылқұм” шекара заставасы 1999 жылы құрылған. Аудан орталығынан шамамен 220 шақырым, Қызылқұм ауылдық округінің орталығы Кәукей ауылынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан. Мемлекеттік шекараның Өзбекстан Республикасымен белгіленген аумағын күзетеді. Елдің тұтастығын нығайту мақсатында Өзбекстанмен арадағы саяси-экономикалық мүдделерді қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, еліміздің аумағына қару-жарақ, оқ-дәрілер, есірткі, радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу тәрізді міндеттер жүктелген. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен тұрғындардың көмегін пайдалана отырып жұмысты ұтырлы ұйымдастыру межеленген.
Шекара заставасында келісімшарт негізінде уақытша мерзімді әскерилер қызмет жасайды. “Қызылқұм” шекара заставасына берілген аумақ 191,65 шақырымды құрайды. Шекара бөліміне жауынгерлік ту табысталған. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасына межелеу жұмыстары жүргізіліп, 58 шекара белгісі орнатылған. Шекара заставасынан әрі қарай шамамен 45 шақырым қашықтықта Жанқожа батырдың бейіті бар. Жанқожа батырдың жатқан жері 1940 жылдары КСРО-ның әкімшілік картасына негіз болған. Яғни Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы ретінде белгіленген. Шекара сызығы дәл Жанқожа батыр жатқан биік төбені қиып өтеді.
Бүгінде Қызылқұм ауылдық округі аумағында орналасқан «Қызылқұм» шекара заставасы халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімімен аталады. Негізінен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі №2019 әскери бөлімі аумағында Жанқожа Нұрмұхамедұлына орнатылған биіктігі 2 метр болатын ескерткіш-белгі мен штаб ғимаратында батырға арнап жабдықталған арнайы бөлме орналасқан.
Азаттық жолында басын бәйгеге тігіп, ел қорғаны болған халық батыры, Қоқан мен Хиуа хандығының шапқыншылығына, батыста Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы күрескен қаһарман қолбасшы, елжандылық қасиетімен, көреген әулиелігімен ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталған тұлға.
Елім деп еңіреген, бар саналы ғұмырының жетпіс жылын жаулармен жағаласып өткізген хас батырлардың бірі – көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған. Жанқожа баба 1774 жылы қазіргі Қазалы ауданы, Арықбалық ауылдық округінің жерінде дүниеге келген.
Аты ел шебіндегі «Қызылқұм» шекара заставасына берілген батыр баба тағылымы мәңгілік. Оның өнегелі ғұмыры жас жауынгерлерді әрдайым өрлік пен ерлікке шақырады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
18 тамыз 2020 ж. 1 303 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 47

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930