«Жарайды» жайылымының жайы
Көктем келіп, күн жылынғалы ауыл адамдары мал ауызын көкке тигізуді ойлайтыны түсінікті. Десек те Ғани Мұратбаев ауылы тұрғындарының көңілдері алаң. Өйткені осындағы төрт түліктің несібесін сырттың малдары жеп, тақырлап кететіні бар. Бұл мәселені бұрын да көтерген едік. Алайда битке өкпелеп, тонын отқа тастауға болмайтынын ескерген округ әкімдігі бірқатар жайылымдық жерді нәрлендіруді бастап кетті. Енді бірер апта өткеннен кейін «Жарайды», «Жүзімаша», «Құрманай» деген атқа ие алқапта қаулаған қамыс бой көтереді. Жер иесі «РЗА» акционерлік қоғамы шабындық маусымды аяқтағаннан кейін, ауыл адамдарының қорадағы малы алқапқа жайыла береді. Қазіргі таңда Қырғыз каналының күшімен көлшікке айналған «Жарайды» жайылымдық жерінің жай-күйін бақылап қайтқан едік.
Оқырман қауымға «Жарайды» атауының қайдан шыққаны қызық екені сөзсіз. Ертеректе осы маңда «Жарайды» есімді әзілкеш қазақ өмір сүрген деседі. Жұрттан ерекшелегі сол, кім не айтса да, не сұрап келсе де «жарайды» дей салады екен. Мұны жақындары оның ашық мінезді, жомарттығына балаған. Уақыт өтіп, керуен көшкеннен кейін бергі халық осы маңды «Жарайды» жайылымы, қыстауы атап кеткен екен. Бүгінде «РЗА» серіктестігі иелік ететін көк шалғында жаз бойы жергілікті төрт түлік қоң жинап шығады. Нақ бүгіндері өріске су босатылып, өскіндер көгере бастаған. Аумақтың қоқысын өртеп, су босату мен бөгеуді қатар алып жүрген ауыл бақташысы Елеусіз Әбуұлы осы маңайды бес саусағындай жақсы біледі. Өткен жылы малын жамыратып жайылымды жапырып кеткендер туралы да айтпасына болмады.
– Қазір тіршілік нәрі барған жер көгере бастағанын көрдіңіздер. Бірер күн су жіберілгеннен кейін шаруашылықтың адамдарына хабар беремін. Олар сағаны басады. Содан кейін шөп бой көтергеннен кейін серіктестік жұмысшылары шауып алады. Осы уақытта сона қаптап кетеді. Төрт түлікті қанша айдасаң да жайылмайды. Тек тамыздың ортасына жақын ауыл малын осында алып келеміз. Осылай шөп мәселесін шешіп отырғанымызда кенттегі 5-6 кәсіпкер мыңдаған жылқысын «Жарайдыға» айдап салды. Бұл жайында газетте де айтылды, жұрт та жақсы біледі. Ақыры малымыз көтерем күйге түсті. Мұндай жағдай тағы қайталанса шөпсіз қалмайық деп ауыл әкімі Абай Рыстығұлдан қол көмек сұрадық. Ол да білек сыбана кірісіп, каналдың бірнеше тұсынан жарық салып, су жіберіп отырмыз, – дейді зейнет жасына жақындаған ақсақал.
Қырғыз каналының арғы беті бірер айдан кейін көкке оранады. Бұл әр үйде бір-екі бас ұстап, өнімін тұтынатын ауыл адамдары үшін өте маңызды. Сондықтан арагідік мұратбаевтықтар да көмекке келіп, өздерінше жайылым өрісін кеңейтуге күш салуда. Осы ретте жұрт жер иесі мен ауыл әкімдігіне ризашылығын білдіреді. Көңілде жалғыз күдік. Округ есебінде жоқ, шөп таппай шарлаған сырттың жылқылары осы жайылымды отап кетпесе екен деп тілейді. Әйтпесе былтыр бірнеше ауыл тұрғынының түліктері сол жылқылардың тұяғынан мертіккен. Шығынды өтеп берейін дейтін мал иесі де табылмапты.
– Тек диқанның бұлағында емес, қыстыгүні ауыл іргесінде, Талдайшадағы бұлақ маңындағы Жанболат деген азаматтың малдарын да теуіп өлтірген жағдайлар болған. Өзімізде жантақ көп емес. Ауыл жылқысын түгел санағанда сырттан келетін бір адамның тұяқтыларының санына жетпейді. Жұртты әкімнің тиісті шараларды қолға алғаны жұбатып отыр, – дейді бақташы.
Бұған дейін округ әкімі Абай Рыстұғыл ауыл шетінен қора соғып, заңсыз жайылған сырттың малын қамауға бекінгенін білеміз. Бұл айыптыларға айыппұл төлету үшін жасалған жалғыз амал екені түсінікті. Бірақ мұнымен іс тыншымайын деп тұр. Өйткені әкім жүздеген жылқысы бар адамдарды болмашы айыппұл сескендіріп тұрмағанын айтады.
«Халық қаласа хан жалғыз түйесін сояды» деген бар. Қалаулы басшы да ауыл тұрғындарының тілегін орындау үшін қолдан келгенін аянып қалмайтынын жасырмады.
Қазақ халқы мал шаруашылығын жақсы меңгергендіктен ертеректен жайылымды жыл мезгілдеріне қарай бөлгені мәлім. Жылқының несібесі ауыл сыртында болса, ірі қараның иелігіндегі олжа бөлек. Сол сияқты төлге арналған жер телімі тақталады. Бірлігі бекем ауыл бұқарасы ел іргесінен бұзауға арналған жайылымды да жасақтап қойыпты. Қайда барсаң да «Қорқыттың көрі» деген, жаппай «жылқы жорығында» ол да тегістеліп кеткен. Жақында бұған да су салынды. Тебіндеп шөп шығып келе жатқан жайылым бөтен ауыздан аман болса, бұзаулар биыл молшылықтың қандай болатынын көруі керек. Бұл үшін мұратбайлықтардың әкімге ықыласы ерекше.
Елеусіз ақсақалдың әкесі Әбу де кезінде осы маңайда мал баққан. Бірақ ол тұста төрт түлік қора көрмей, қалың қамыс арасын мекендеген деуге болады. Өйткені мал үшін молшылықтың заманы еді. Бақташы жайылымдықтың бүгінгі бейнесіне қынжыла қарайтынын жасырмады. Жер дауына үзілді-кесілді нүкте қойылып, экологиялық су кеңінен босатылса, байырғы мамыражай күйге қайта оралар ма едік деген ойын айтты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ