Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдырына мойымаған талант

Тағдырына мойымаған талант

Серікбол Шайықовты көпшілігі танитын болар, кейбірі жақын ­араласпаса да сырттай кезіккен шығар. Ол жайлы газет бетінде талай қалам тербелді. Оның өмірге деген құштарлығы мен адамгершілігі бөлек әңгіме.
Бүгінде Серікбол Сержанұлы Айару есімді тәп-тәтті қызын Құдай қосқан қосағы Данамен бірге тәрбиелеп отыр. Бұл өнегелі отбасының қарапайым адамдардан ерекшелігі бірі – І-топ екіншісі ІІ-топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарынан болуында. Дегенмен қос ғашық тағдырдың салған сынағына қайыспай, алға ұмтылудан жалыққан емес. Редакция тәртібі бойынша тапсырма бөлінген соң дереу мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Зәмзәгүл Садуақасоваға жолықтым.
– Сәлеметсіз бе, Зәмзәгүл Данабайқызы маған көмегіңіз қажет болып тұр. Сәл уақытыңызды бөлесіз бе? – деп сұраулы жүзбен бөлімше басшысына қарадым.
– Иә, айта бер, – деді ол.
– Мүмкіндігі шектеулі отбасы жағдайымен танысып, газет бетіне жарияласам деп едім. Кімді ұсынар едіңіз?
– Қазір көбі өзі жайлы ашық айтқысы келмейді. Жариялыққа қарсы. Тек Серікбол ғана келісуі мүмкін. Телефон нөмірін берейін, – деп қол ұшын созды. Мен де ізе-шала Серікболға хабарластым. Өзара келіскен күні бес қабатты үйдің жанында күтіп алып, пәтеріне беттедік. Табалдырығын аттағанда байқағаным үш бөлмелі пәтерден жылулық лебі есіп-ақ тұр. Жып-жинақы, тап-таза баспанада заттардың бәрі өз орнымен үйлесімділік тапқан. Ас бөлмеден дәмді астың исі аңқып тұр. Төрде дастарқан беті ас-мәзіріне толы. Бұл қызы Айарудың үш жасқа толуына орай қадірлі қонақтарға жайылған мерекелік үстел екен. Жеке бөлмесінде аса сыпайы кейіппен әңгімесін бастаған Серікбол өзінің 9 жасына дейін сау балалар қатарында болғанын баяндады. Осы жасқа аяқ басқанында кенеттен тұмаумен қатты сырқаттанып, дерттің салдарынан қос жанары көрмей қалған. Ақ халаттылар “ортофия зрительного нерва” деген диагноз қояды. Яғни көз тамырларының зақымдануы. Әлем бойынша аталған диагноздың емі әлі табылмаған. Мұны естіген ата-анасы қаншама дәрігерге аяқ тоздырып апарғанымен барлығы да қолдан келер мүмкіндік жоқтығын айтқан. Бұл үкім ата-анаға ауыр тигенімен не шара? Әрі қарай қайғыға берілмей, Серікболды Алматыдағы зағип балаларға арналған мектепке береді. Жылай-жылай баласына таяқтың көмегімен жүріп-тұруды үйретіп, ұстаздарға аманаттап ауылға қайтады.
– “Басқа салса, баспақшыл” демей ме, кішкентай баламын ғой. Алғашында қиналдым. Өзге жерде туған жерден, жақыннан жырақта жарық дүниені көрмеу өте ауыр. Дегенмен қашанғы әлсіз боламын деп өз-өзімді қайрап, мұғалімдердің үйреткендерін көңілге тоқыдым. Арнайы «Брайль» жүйесімен кітап оқи бастадым. Қазір аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері маған кітаптарды үйіме әкеліп береді. Бір туындыны бір кейде 2 аптада тауысамын. Сүйікті жазушым – Шерхан Мұртаза. Оның туындылары маған күш беріп, алға жетелейді.
Бүгінге дейін маған көмек бергендер баршылық. Әлі де жүрегі кең, жомарт жандар қолдау көрсетіп келеді. Ең бастысы – 2010 жылы аудан әкімі болған Айтбай Көшербаев ағама алғыс айтамын. Сол кісінің арқасында тұрып жатқан баспанама қол жеткіздім. Менің өтінішімді жерге тастамай, пәтер кілтін арнайы табыс етті. Әр намаз оқыған сайын Айтбай Көшербайұлының жақсылығы үшін алғыс айтып, амандығын тілеп, Құдайға дұға жасаймын, – деп ішкі жан-дүниесімен бөлісті Серікбол.
Ашылып әңгімесін еркін айтқан кейіпкерім жары Дананы шақырып таныстырды. Ол Оралға қарасты Сырым ауданындағы Бұлдыр ту ауылының тумасы екен. Оған дәрігерлер туа бітті сал ауруы диагнозын қойып 2-топтағы мүмкіндігі шектеулілер қатарына қосады. Дейтұрғанмен қайсар қыз үйден білім алып, кейін мектеп бағдарламасынан соң жергілікті кәсіптік училищеде аспазшы мамандығын меңгереді. Оны ойдағыдай тәмамдап, наубайханаға жұмысқа орналасады. Тағдырдың жазуымен «Вконтакте» әлеуметтік желі арқылы Серікболмен тіл табысады. Бір-бірінен ештеңе жасырмай, нағыз болмыстарын ашық айтады. Осылай арада 2 ай зырылдап өте шығады. Серікбол Оралдағы нағашыларына барып, Данамен кездесіп, тілдеседі. Оны жанарымен көрмесе де, көкірек көзімен байқап ұнатып қалады. Бірден шаңырақ құруға ұсыныс білдіреді. Қыз да жігіттің имандылығы мен адамгершілігіне тәнті болып келісімін береді.
–Өмірімнің бәрі аяқастынан өзгерді. Аз уақыт сөйлесіп, тұрмыс құрамын деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Содан да болар анам әуелде сенбеді, сосын көз жасын шылап алып, батасын берді.
Қазір отбасын құруға келіскеніме қуаныштымын. Ортақ қыз өсіріп отырмыз. Көпбалалы болу менің басты арманым. Үй іші сәбидің күлкісімен толыққанға не жетсін?!
Бүгінде қоғамнан шет қалмай, барлық көмекті алудамыз. Әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен қажетті заттарымызды алып, жылына 1 рет санаторийге бірге барып тұрамыз. Ол үшін сала мамандарына деген алғысым шексіз, – деп жүрекжарды әңгімесін айтты.
Серікболға әкесі Сержан Шайықұлы арқылы музыкаға деген қызығушылық дарыған. Оның әкесі 40 жылға жуық медицина саласына сүбелі үлес қосқан. Терапевт қызметімен қатар өнерге өте жақын болып домбыра мен баянда шебер ойнаған екен. Асқар тауы әкесінің музыкалық дарынына қызыққан Серікбол әуестіктің арқасында әуез мектебінде кәсіби білім негізінде шыңдалып, баянда еркін ойнауды үйренеді. Ол үшін ұстазы Қонысбек Оразалыға шексіз риза. Бірнеше ән жазып, өлең де шығарған. Соңғы кездері аспабының ескіруіне байланысты шығармашылық дамуы бөгелуде. Жаңа баян алу мүмкіндігі туғанда қайта ән жазуға кіріседі екен.
Бүгінгі күнге дейін Серікбол бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орындарды иемденді. Бұл үшін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қазалы аудандық ұйымына және әрдайым демеушілік танытатын кәсіпкер Жанар Алмаханға ризашылығын білдірді. Оның асқақ арманы көп. Кетерде олардың тез орындалуын және әрдайым шаңырағы шаттыққа толуын тіледік.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
21 қараша 2020 ж. 432 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031