Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихта аты қалған тұғырлы тұлға

Тарихта аты қалған тұғырлы тұлға

Ұрпағына ұран, туған жерге тұғыр болған тұлғаны жергілікті жұрт құрмет тұтқан. Соңында сара жолы, саналы ісі қалған Сырлыбай Шабақұлы ауданға қарасты Жанкент ауылы маңындағы Ақтөбе деген жерде 1818 жылы дүниеге келген.

Тарихтағы Хиуа хандығының Сырдарияның төменгі сағасы, Арал маңы мен Үстіртті мекендеген Кіші жүз қазақтарын жаулап алу мақсатында ұйымдастырған жорықтары қазақ жеріне, әсіресе, аталған мекенді қоныс еткен халыққа салқынын тигізбей қоймады. ХІХ ғасырдың басынан бастап Хиуа хандығы қазақ жеріне жорығын күшейе түсті. Шекара шебін жақындатып, бағынбаған ауылдарды шауып, тоз-тоз еткен.
Мәселен, 1847 жылы наурызда Уәйіс-Нияз бектің жасағы Сыр бойына қоныстанған қазақтардың 1400-ге жуық үйін ойрандаса, сол жылдың тамыз айында Хиуаның 1500 адамдық жасағы дарияның оң жағасына өтіп, мұндағы қазақ ауылдарының мыңнан аса үйін талқандап, тонаған, 1847-1848 жылдары наурызға дейінгі уақыт ішінде олар жүздеген қазақ ауылдарын шауып, 500-дей адамды өлтірді, көпшілігін тұтқынға алған. Қазақ руларының өшпенділігін күшейткен осындай уақыт біз айтып отырған Сырлыбай Шабақұлының өмір сүрген кезеңіне дөп келеді.
Кіші жүз ханы Әбілхайыр қайтыс болып, Хиуа шахы Мұхаммед Рахимның, одан кейін Аллақұлыдан азап шегіп, одан соңғы Ресей патшалығының отарлау саясатының салқынын көрген Сырлыбай әкесі Шабақ биден тәлімді тәрбие алады.
Сырлыбайдың өмір жолы ойыңа Сұлтан Бейбарыстың басынан өткерген оқиғаны оралтады. Деректерге зер салсақ, қарапайым халыққа күш көрсетіп, салыққа малдарын алып бара жатқан Хиуа ханының жасағының бірі 14-15 жас шамасындағы мұны да бірге ілестіре кетеді.
Құлдық қамытын киіп жүрсе де, жас жігіт жасымай, көрген-білгенін көкейіне түйеді. Өзінің жан-жақтылығы мен батылдығы арқасында сол ел басындағылардың назарына іліккен жігіт небәрі жиырмадан жаңа асқан шағында ел билеу ісіне араласады. Хиуа шахының беделді кеңесшісінің біріне айналады. Бұл тұста хиуалықтар Орта Азия, Ресей, Ағылшын мемлекеттері санасатын саясатты ұстанған қуатты хандықтың біріне айналған еді. Сарайда мол тәжірибе жинаған ол ширек ғасырға жуық бас уәзір, Қарақалпақстанның Шымбай жерінде құрылған Хиуаның кіші хандығы лауазымына дейін жоғарылайды.
Осындай биік лауазымға қол жеткізсе де, ердің ойынан елі бір сәтке шықпайды. Ресей мен Хиуа хандығы арасындағы қақтығыс қарқын алған тұста ол өзінің көзқарасын батыл танытып бағады. Қуаң бойындағы Құртөбе, Сырдың сол жағалауындағы Қожанияз бекінісін Жанқожа батырдың алуына Сырлыбай тікелей себепші болады. Ол қазақтарға дер уақтында астыртын хабар жеткізіп, жау жасағының талқандалуына септігін тигізеді.
Ресей өзінің қазақ жеріне билігін арттыру мақсатында №1 Райым бекінісін, №1 Қазалы фортын сала бастаған кезде қазақ еліне деген бақылауды күшейтеді. Хиуа шахы Сырлыбайға сенім артып, өз еліне хан болуға жібереді. Бұған дейін ойға алған істерін жүзеге асыруға бұл ұсыныс таптырмас жол еді.
Елге оралысымен, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған топқа қосылып, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы 1856-1857 жылдардағы көтерілісте мыңбасы сайланды. Мұнан кейін Қазалы уезі, Ақтөбе болысында болыс болып, елді бірлік пен берекеге жұмылдыруға күш салады. Бұл жолды балалары Нұрман, Нұрқожалар абыроймен жалғайды.
Сырлыбай Шабақұлы кейбір деректе 1893 жылы жетпіс бес, кейбірінде 1898 жылы дүниеден озады делінеді. Оның мүрдесі Шынар деген әулие жатқан қорымға қойылады. Ұзамай әкесі жерленген маңға ұлы Нұрқожа Орынбордан керекті жабдықтарды алып, «Нұрқожа» атты көпір, мамандар алдырып кірпіш зауытын салады. Онда жасалған қыштан 1896 мешін жылы шығыс сәулет өнерінің үлгісімен Сырлыбайға көрікті күмбез соғылады. Еңселі ғимарат әлі күнге дейін ауданның рухани кешенінің біріне баланып отыр.
Жанкент ауылынан 10 шақырымда орналасқан күмбез XIX ғасырдың архитектуралық озық құрылыс үлгілерінің бірегейіне баланады. 1980 жылы «Казпроектреставрация» институты құжаттарын жасап, қорғау аймағын белгіледі. 1997 жылы бұл үй-тамды қалпына келтіруге ұрпақтарының бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бегалы Әйтбембетов ұйытқы болды. Ол сондай-ақ ХХ ғасырдың алғашқы жартысында төте араб жазуымен, одан соң латын қарпіне аударылып жазылған Найзабек Кәрібаев жазған «Сырлыбай хан» дастанының кітап болып шығуына өз қаржысымен көмек көрсетті.
Осындай елі үшін еміреніп, халқының жайлы тұрмысы жолында өзінің өнегелі ісімен үлгі болған абзал азаматтың ұлағатты өмірі ұрпаққа ұран, ұлтқа үлгі.
А.МЕЙІРХАНОВА
03 наурыз 2020 ж. 2 464 0

Кемел келешек тіледі

06 қазан 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031