«Отан-Ана!» жобасы басталды
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Жас Отан» Жастар қанатының «Отан-Ана!» жобасы бастау алды. Жоба мақсаты жастардың ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ел тарихымен терең танысуына ықпал жасау.
Бүгін облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері және «Жасыл ел» еңбек жасағы Сырдария ауданында орналасқан Қалжан Ахун мешіт медресесіне арнайы барды. Белсенді жастар Қалжан Ахун мешіт медресесінің тарихымен танысты.
Қалжан Ахун Бөлекбайұлы (1862 – 1916, Сыр бойы) – дін қайраткері, дін ілімін жете меңгерген ғұлама ұстаз. Қалжан Ахунның арғы тегі Ақтөбе облысы Жаманқарғалы деген жердегі табын руынан шыққан. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп, сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болады. 1875 жылы 90 жасында дүниеден қайтқан. Қалжан Ахун Хиуа хандағы діни мектепте, кейін 1879 жылы Көкілташта оқып білім алған. Араб, парсы, тілдерін жетік білген. Осында Сырдарияның Қорқыт ата аймағынан келген Ораз ахун Бекетайұлымен сырлас дос болады. Қалжан Ахунның білімдарлығын танып-білген. Ораз ахун оған қызы Зәйтекті қосып, 1890 жылы оны шыққан тегі бір табындардың ортасына (Жалағаш қыстағына) алып келеді. Қалжан Ахун ширек ғасыр бойына өзінің атымен аталатын мешітте (Қалжан Ахун мешіті) имам болды. Ол патша уақытындағы қудалауға ұшырап, түрмеге қамалған. Өз мешітіндегі қорымда жерленген. Қалжан Ахунды Балқы Базар, Тұрмағамбет, Шоңбай ақындар жырға қосқан.
Медресе Қызылорда қаласының солтүстік батысында 60 шақырым жерде автокөлік тас жолы бойында және темір жолдан 100 метр жерде орналасқан. Тарихи нысан XIX ғ. аяғында салынған. Қазіргі таңда медсереде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.