Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарбұлақтағы толымды тірлік

Сарбұлақтағы толымды тірлік

Таң шапағын шашқан сәтте Сарбұлақ ауылдық округіне сапарға шықтық. Басықарадағы Ә.Тыныбаев атындағы су торабына дейін біз мінген көлік тынық көл бетінде кербез жүзген қайықтай жүйткіді. “Жол азабын жүрген біледінің” күйіне плотинадан өткеннен кейін түсіндік. Діттеген жеріміз аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан оған апаратын жолдың жайынан алдын ала хабардар едік. Дейтұрғанмен 120 шақырым қашықтықта орналасқан елдімекенге сапарлатуымыздың себебі тарихи ескерткіштерді өз көзімізбен көріп, көнекөз қариялардың аңыз-әпсаналарын көңілге түйіп қайту болғандықтан жолдың нашарлығы пәлендей қиындық тудырмады.

Алғашқы аялдама жолдың жарымын артқа тастағаннан кейінгі Қуаңдария өзенінен өту үшін салынған Лаубай көпірі болды. Көзі қарақты қариялармен әңгімелеспей тұрып, бұл өткелді көпірдің есімі айтып тұрғандай елге танымал бай-бағлан салдырған болар деп топшыладық. Бірақ бір қарағаннан-ақ құрылыстың аяқталғанына ғасыр өтпегенін аңғару қиын болмады. Сол маңдағылардың айтуынша, тәуелсіздікке қол жетпей тұрған алмағайып заманда көрші елдің азаматтары қазақ жерін осы аймақ арқылы кесіп өтетін болған. Сондай бір күні шаруашылықтың қамымен жүрген Лаубай есімді жігітті жолаушы келімсектер өлтіріп, астындағы мінген атын алып кеткен. Денесін асау ағысты Қуаңдарияға тас­тай салған. Кейін көпір тұрғызылғанда осы оқиға басшылықтың назарына ілігіп, соның атымен аталған деседі. Ал Сарбұлақ ауылының тұрғыны, жастайынан шежіреші-тарихшы ақсақалдар әңгімесіне қаныға өскен Ерімбет Алпысов бұны жаңсақ тұжырым деп санайды.

– Ол кісімен тірі кезінде таныс едім. Біз баламыз. Лаубай – қой аузынан шөп алмайтын, бала-шағасы жоқ, туған-туысының шаруашылығына септесіп жүрген момын азамат еді. Оқиғаға куә болғандар өзенді қос атпен кесіп өтпек болып, мертіккенін айтады. Біріне өзі отырып, екіншісін жетекке алған ғой. Бірақ жылқылар тірі қалған. Ұзақ уақыт бойы туыстары сүйегін таппай, шарқ ұрды. 1983 жылдың шамасында Кеңес үкіметі осы араға көпір тұрғызуға орыс құрылысшыларын жіберді. Жұмыс басталған уақытта су астынан сүйек шығып, Лаубайдың мүрдесі екені анықталады. Осы маңдағы Тоқа руындағы ағайындары: “Өмірде рақат көрмей өтті ғой, ең болмаса ел есінде есімі қалсын”, – деп көпірді Лаубай атандыруға көп еңбек етті. Сол маңнан 100-200 метр қашықтықта орналасқан бейітті де жыл өткесін тоқалықтар салып берген. Кейінірек үлкен ас берілді, – дейді Ерімбет.

Білетіндердің әңгімесін тыңдағаннан кейін Лаубайдың Құдай жолында жүрген, адалдықты ар-ожданы санаған азамат екен деген ойға келдік. Адами құндылығымен-ақ ел есінде қалып, тарих беттерінде орын алғанына қуандық. Бұдан соң Сарбұлақтың солтүстік-батыс бөлігінде, 27 шақырым қашықтықта орналасқан Кәрібай кесенесіне жол тарттық.

Ғалымдар келтірген мәліметке сүйенсек, тарихи ескерткіш ХХ ғасырдың басында салынған. Мемлекет қорғауында. Бірақ белгісіз себептермен қоршаусыз, паспорт тақтасы қойылмаған. Нысаннан сол уақыттағы сәулет өнерінің озық үлгісі болғаны анық байқалады. Қабырғасын көтерген кірпіштерінде қазақтың әсем, мағыналы ою-өрнектері бірізбен әдемі өрнектелген. Әттеген-айы – сол маңда жайылған төрт түлік кесенеге сүйкеніп, қанын жұқтырған. Кірпіштерін құлатқан. Түнеуге лайықтап салынған кіре берісінде дала жануарларының өлексесі жатыр. Дәлізінің төбесі опырылып түсіп, беріректе қайта жөндеу көргені көрініп тұр. Кесене ішінде ірілі-ұсақты онға жуық табыт орналасқан. Алайда онда кіргенді артық санап, ескерткіш аузында Құран оқып, сапарымызды жалғағанды жөн көрдік.

Аталған тарихи мұра жайында сарбұлақтық Алмас Сүттібаевтан сұрадық. Ол Кәрібай байдың Бақа бимен замандас болғанын тілге тиек етті. Өз заманында дәулетті азамат болғанымен қатар, жұрт оны батырлығымен де еске алады. Екі кесененің сәулеті мен құрылыс материалдарының ұқсастығы өткен дәуірдегі елге танымал Әлпейіс ұста салғанынан болса керек. Ұста туралы мәліметті Бақа би кесенесіне келгенде басталған әңгімеден кейін білдік.

Ескерткіштің авторы Әлпейіс татар ұсталарына еріп, бірнеше жыл ілім жинап қайтқан деген дерек бар. Екі мазарды салған сол уақыттың өзінде Бақа би кесенесінің мықтырақ болғаны байқалған. Кәрібай үй-тамы бір жағына қарай еңіс салынған дейтіндер де бар. Бұл жөнінде ұстаның өзі: “Бақа бидің мазарын мен салдым, ал Кәрібайдікін балалары салды”, – деген екен. Себебі Кәрібайдың балалары құрылысқа араласып, “мынаны былай жаса, ананы солай сал” деген сияқты нұсқау беріп отырған.

Сарбұлақ ауылының батыс тұсында, 29 шақырым жерде орналасқан Бақатам кесенесін көпшілік ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі үздік сәулет өнері есебінде біледі. Өйткені кірпішінің мықтылығы сонша, қазірдің өзінде сапалылығымен таңдай қақтырады. Айта кетерлігі, ескерткіштің мемлекет қорғауына алынғандығы алыстан-ақ байқалады. Кірер есігі сыммен бекітіліп, ескерткіш тақтасы да қойылған. Айналасында араб қарпіне ұқсас жазулары бар кірпіштер шашылып жатыр. Ескерткіш ішіне енгенде оның күмбезі Кәрібайдікінен биігірек екенін аңғардық. Қаз-қатар тізілген табыттардың барлығында ішіне үңілуге мүмкіндік беретін саңылаулар қалдырылған. Қазақ елдігін әлі ала қоймаған уақытта белгісіз адамдар қорымды ақтарып, құнды-бағалы заттарды қолды қылған деседі. Онда жерленгендердің сүйегін шашып кеткен. Кейін қайта орнына қойылып, қорғауға алынған-мыс. Ал болыстың өзі туралы Е.Алпысов тарихи естеліктерден сыр шертті.
– Бақа би – 28 жыл болыс болып, елдің қошеметіне бөленген адам (Тарихи деректерде бұны 33 жыл деп көрсетеді). Қартайған шағында биліктен бас тартып, орнына баласы Әбілтайды болыс қылады. Алайда үш жылдан кейін қайта алдырып тастаған. Өйткені халыққа ие бола алмай, Ояздан жандарал шақырып, абыройдан айырылған. Бұдан кейін Бақа би Бозғұлдың ішіндегі Уақ деген кісіні болыс қылған.

Бақа би болыс болып тұрғанда генерал-губернатор Орынборға шақыртады. Сонда қасына ертіп жүрген Құлмамбет Ахмет деген жігітке ауыл-елді, қолындағы мөрін тапсырып, уақытша болыс қылып кетеді. Атты көлік қылған заманда 3-4 ай дегенде Бақа би елге оралады. Алайда Ахмет болыстың оралғанына жылдан аса уақыт өтсе де мөрді өзіне тапсыруды ойламайды. Бақа бидің жанындағылар адам жіберіп, алдыртайық дегенмен, болыс рұқсат бермейді. Содан бір күні Ахмет Бақа биге келіп: “Ай, Бапай! Ұсақ түйеге ауыр шаңырақ артуға болмайды. Күш алдына түссе мойынын, артына кетсе тірсегін қажайды екен. Мөріңіз өзіңізге, маған сеніп бермеңіз ендігіде”, – деп кешірім сұраған деседі.

Тағы бір оқиға “Бақа бидің “Кедей” руында бақуатты туысы болған” деп басталады. Бақаби жолаушылап келе жатып, сол туысының үйіне түседі. Ағайынының екі бірдей әйелі ешкі жүнінен тоқылған киім киіп жүргенін, үйдің іші салақ, ыдыс аяққа кенделігін Бақа бірден байқайды. Бес мың ешкісі бар байдың мұнысына таң қалғанымен, сын да, мін де айтпай отыра береді. Бұдан ұялған туысы жарық қазанның шетіне ет асып, сексеуілдің шырпысынан ыдыс жасап, соған салып береді. Ет желінгеннен кейін үй иесі айыбын жумақ болып, “биеке сыбағаң” деп, алдына сексен серке салып береді. Бақа би жігіттеріне оны Қазалы базарына айдатып, үй иесінің әйелдеріне киім, ыдыс-аяқ алып тапсыруды бұйырады да, кете береді. Бидің бұндай игі істері мен әділ шешім жасайтынын айғақтайтын оқиғалар көп. Оны бүгін айтып тауыса алмаспыз, – деді ол.

Сонымен қатар кесенеге барғанда басты бөлменің төрінде кішкене баланың моласына ұқсас табыт орналасқанын байқаған едік. Ерімбет аға бұл жөнінде марқұм әкесінен естіген тың деректерімен бөлісті. Айтуынша, Бақа бидің аяқ жағында жатқан кішкене табытта оның Патша үкіметі мен басқа да алыс-жақын хандықтардан алған мақтау-мадақ қағаздары, ордендері мен құнды сыйлықтары сақталған. Бертін келе оны облыстан келген тарихшы-зерттеушілер алып кетті. Осы күнге дейін ол заттардан хабар болмаған.

Бақа би кесенесінен шығып, айналаны көзбен шолғанымызда қабырғасы сөгіліп, жердің деңгейіне жақындаған тағы бір нысан мен мәйітке арналып қазылған ойыққа ұқсас шұңқырды байқадық. Алайда олар туралы толыққанды ақпар айтатын адам таппадық. Біле алғанымыз, ескерткіштерден 10-20 шақырым қашықтықта кесенені тұрғызуға арнайы салынған кірпіш за­уыттары бар екен. Көрген-білгендердің айтуынша, қазірдің өзінде соған барып, кірпіш күйдіріп алуға болады екен. Бұл аталған нысанның да тамаша күйде сақталғанын көрсетеді. Кесененің кесектерін қолмен ұстап көрген адамның бұған толық көзі жетеді.

Қос кесененің тарихына қаныққанан кейін Сарбұлақ ауылының өзіне жол тарттық. Кіре берісте жаңадан бой көтерген латын қарпімен жазылған ауыл аты көзге бірінші ілігеді. Әріректе орналасқан шағын ауылда 500-ге жуық халық тұрады. Ал ұялы байланыстың жоқтығы мұндағы бір күндік сапардың басқа шаруаға алаңдамай өтуіне жағдай жасап тұрғандай.

Алдымен мұндағы елдің тіршілігімен танысу үшін ауылды аралап шықтық. Бір үйдің адамдарындай ұйымдасқан тұрғындардың бір бөлігі үй ауласындағы бақшаларын суғарып, енді бірі құрылыс жұмыстарымен әуре. Біраз жүрістен кейін ауылдық кітапхананың жұмысымен таныстық. Кітапхана меңгерушісі Ұлжан Қарымсақова ондағы кітаптар базасы және оқырмандармен жұмыс жайынан хабардар етті. Соған қарап, жүзі жылы жандардың сөйлеу мәнері мен дәйекті әңгімесі осында көп келуінен шығар деп болжадық. Бұл ауыл балаларының Ұлттық бірыңғай тестте жоғары көрсеткішке қол жеткізуіне де себепкер болып отырғаны анық.

Сарбұлақ ауылындағы №78 орта мектепте бүгінгі таңда 108 оқушы білім алады. Балалардың сауатын ашып, жаңа заманауи технология туралы білім беретін отызға жуық ұстаз жұмыс істейді. Жаңадан бой көтерген білім ордасы 2015 жылы пайдалануға берілген. Биыл алты түлек 11 жылдық класты тәмамдаған. Оның төртеуі тест тапсырып, екі оқушы жүзден аса сұраққа дұрыс жауап берген. Осылайша, оқушылар ауыл мектебінің мерейін асқақтатып, мемлекет тарапынан берілетін гранттан үміттеніп отыр.

Киелі білім ордасынан осы күнге дейін біршама елге белгілі азаматтар түлеп ұшқан. Олар қазіргі таңда халық игілігі үшін толымды істер атқарып жүр. Мәселен, осы ауылда өмірге келіп, өсіп-өнген кәсіпкер Тоқсан Жаңабаев Сарбұлаққа көркі көз тартатын мешіт салып берген. Ауыл мектебінен білім алған Нажмадин Шамұратов қазіргі таңда облыс әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істейді. Сондай-ақ осы білім ордасының түлектері Әбдікәрім Абдуллаев прокурорлықтан зейнетке шықса, Серік Жаппасбаев Қызылорда қаласында сот қызметін атқарады. 19 жастағы сарбұлақтық спортшы қыз Гүлсая Ержанқызы қалалық спорт мектебіне ауысып, бүгінде халықаралық турнирлерде топ жарып жүр.

Ауыл әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да көңіл қуантады. Қазіргі таңда әкімдік жанынан жаздық сахна жасақталуда. Сонымен бірге көрермендер отырып тамашалайтын орындықтар мен брюсчатка төсеу жұмыстары жүруде. 2 гектар аумаққа кешкілік тұрғындардың тынығуына арналған демалыс алаңы салынған. Сондай-ақ саябақ ауласында бой көтерген күркелер мен ерте егілген гүл, ағаштар көздің жауын алады.

Сарбұлақтық жастардың спортқа жаны құмар екені осыған дейін талай мәрте жазылып та, ел аузында айтылып та жүр. Күн ұясына жақындап, қоңыржай ауа райы орнағанда орта жастағы ағалар мен жеткіншек балалар жасанды жасыл шөп төселген спорт алаңына жиналады. Бұған қарап ауыл адамдары межеленген бұқаралық спортпен айналысу көрсеткішін жолда қалдырған болар деген ой келеді. Әкімдіктегілер бұларға қолайлы жағдай жасап, футбол алаңын жарықтандырып қойған. Есесіне сарбұлақтықтар қас қарайғанға шейін доп тебе алады. Біз тұратын аудан орталығының өзінде оннан аса жасанды жасыл алаң болғанымен, ешбірі түнгі жарықшаммен қамтамасыз етілмегендігі ойға оралып, сарбұлақтықтарға қызыға қарап қалғанымыз жасырын емес. Жақында ғана аудан жастары барып, “Жастар жанашыры” атағын иығына салған ауыл әкімі Алмат Қылышбаев тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау басты парызы екенін айтты.

– Күн сайын болмаса да, аптасына бір тұрғындармен жиын өткіземін. Онда азаматтар мен ауыл ақсақалдары елді мекеннің жағдайын жақсартуға арналған пікірлерін ортаға салады. Біз ауыл игілігі үшін айтылған ұсыныстарды қолға алып, барынша орындауға тырысамыз. Газондағы жарықшамдар кейде істен шығып қалатын кездері болады. Мұндайда мүмкіндік болса әкімдік тарапынан жөндеп береміз. Кей кездері жастар бірлесіп, жолға қоятындарын айтады. Алдағы уақытта жазғы теннис ауласы мен барлық жас ерекшелігіне сай спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Бұндай жұмыстарда ауыл халқының имандылығы мен ауызбіршілігі бізге әрдайым айрықша күш береді десем артық айтқандық емес. Бүгінгі таңда аяқталған игі істердің барлығы ауыл халқымен бірлесе жасалған жұмыстың жемісі деп білемін, – дейді ауыл басшысы.

Ауылдың іргесіне жақында жеміс бағы ұйымдастырылған. Қыруар уақыт пен еселі еңбекті талап ететін үлгілі істі кәсіпкер Мерген Қожаберген қолға алыпты. Биылғы көктемде 200 алма, 150 алмұрт, 100 сары өрік және 50 шие ағашын егіп, күтімін жасап отыр. Қазіргі таңда оның 80 проценті еңсесін көтеріп, жапырағы жайқалып тұр. Жеміс ағаштарын суғару үшін ауыл іргесінен өтетін Қуаңдарияның сағасынан баққа қарай арық қазылған. Сол арқылы аптасына екі мәрте су жіберіледі. Кәсіпкер бұл отбасылық кәсіп болғандықтан күтіп-баптауы оңай екенін айтады.

Елу жастан асқан Мерген аға мен зайыбы Ғалия Рахметова бүгінде бес баланың қызығын көріп отырған үлгілі отбасының бірі. Отанасы ауыл әкімшілігін айнадай тазалықта ұстап отыр. Ал Мерген Қожаберген кәсіп бастауына ауыл әкімдігінің тікелей мұрындық болғанын айтып, ризашылығын білдірді.

– Бұл іспен айналысудағы басты мақсатым – туған жерді абаттандыру. Сонымен қатар табиғи таза өнімді ауыл халқына ұсынуды көздедім. Дегенмен кәсіп бастауға кейде шынайы ниеттің өзі жеткіліксіз болып жатады. Жер жырту, арық қазу, сапасы жақсы көшеттерді әкелу, түрлі техниканы жұмылдыру оңай жұмыс емес. Осы тұста барынша қолдау білдірген ауыл әкімдігіне алғыс айтамын. Бастама көтергенімде жұмыстардың барлығын үйлестіруге көмегін тигізді, арнайы жер бөліп берді. Менің тарапымнан атқарылатын ендігі міндет – жеміс бағының күтімі ғана. Сондықтан бар күш-жігерімді соған жұмсаймын. Құдай қаласа, үш жылдың көлемінде ауыл, тіпті аудан тұрғындары бақтан дәм тататын болады, – деді.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауылдық округ бо­йынша 13 кәсіпкер тіркелген. Оның үшеуі азық-түлік дүкенін ашқан. Бұдан бөлек компьютерлік қызмет көрсету орталығы, тұрғындарды тұрмыстық қажет заттармен қамтамасыз етіп отырған темір шеберханасы тағы басқа кәсіпкерлік субъектілері бар.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

30 маусым 2019 ж. 969 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930