Жылдамдық жаһаннамға жөнелтпесін
Көлік жалдап Қызылорда қаласына шыққан бетіміз. Көз ұшындағы жазиралы даланың келбетіне сүйсінуімізде шек жоқ. Біз тақымдаған сүліктей қара көлік айнадай жалтыраған жолмен жосытып келеді. Көтеріңкі әуенмен көңілімізді сергітіп отырмыз. Бір кезде көліктің жылдамдық көрсететін бұрышына көзім түсті. Үлкен тілі салақтап тура 130-ды көрсетіп тұр екен. Ал, біздің жанымыздан дәл сол мезетте «Mercedes-Bens» маркалы аппақ көлік құйғытып өте шықты. Көркі көз тартады. Соңғы үлгіде шыққан көлік болса керек. Көп ұзамай көз ұшынан жоқ болды. Жанымдағы шопырға қарап:
– Біз 130 шақырым жылдамдықпен келеміз. Мынауың қаншамен жүріп отыр? – дедім.
– Енді соңғы үлгідегі немістің темір тұлпары ғой, 180-190 бар шығар. Менің де осындай көлігім болса, мен де зымырап жүрер едім, – дейді шопырым. Ішімнен «мәссаған» деп қызығушылығымды білдіріп келемін.
Әп-сәтте осы қарқынмен Байқоңырдан да өтіп кеттік. Бір уақытта алдымыздан көліктердің кептелісі орын алыпты. Жолды жол полицейлері жауып тастаған. Біршама көліктер күре жолдың бойында кептелісте тұр. «Не болып қалды екен?» деп біз де көлігімізден амалсыз түстік. О, тоба! Әлгінде ғана жанымыздан өтіп кеткен жұмыртқадай аппақ көлік күре жолдан шығып кетіпті. Бір-екі мәрте домалап тұрғанға ұқсайды. Мыжылып қалғаны соншалықты сау тамтығы қалмаған. Сондай-ақ, жолдың жиегінде үлкен «фура» қисайып тұр. Кабинасының бір қапталы майысқан. Қалың терезесі де шытынап кетіпті. Жолдың жиегінде шекесі қан-қан болып ірі денелі көлік иесі мең-зең күйде отыр. Біздің алдымызда тоқтаған бір жолаушы:
– Мына «Мерс» бағана жанымыздан өткен болатын. Алдымыздағы бір көлікті басып озамын деп жолдың қарсы бетіне шығып кетіпті. Өзі де сұмдық жылдамдықпен келе жатқан. Содан, қарсы бетте мына жүк көлігіне келіп түйісіпті. Жүк көлігінің қасында жеңіл болғасын жолдан ұшып кеткен. Ішінде 4 жігіт бар екен. Екеуі тіл тартпай кетіпті, екеуін ауыр хәлде жедел-жәрдем келіп алып кетті, – деді мұңдылау кейіппен.
Бізде жаңа ғана көз алдымыздан өткен су жаңа көліктің бұндай хәлге ұшырағанына, адамдарының кенеттен ауыр жағдайға тап болғанына іштей қынжылдық.
Жол ашылғаннан кейін көлігіміздің иесі сабасына түсіп, діттеген жерге жеткенше жылдамдығын асырмай жүріп барды. Аман-есен жеткенімізге қуандық.
Әкем: «Ұлым, жай жүрсең ұзақ жүресің. Бірақ, баратын жеріңе аман-есен барасың» деуші еді. Соған сол оқиғадан кейін көз жеткізгендеймін. Осындай да «Бір жол бар алыс, алыс болса да жақын. Бір жол бар жақын, жақын болса да алыс» деген аузы дуалы бабалар сөзі жадымызға оралатындай. Темір тұлпар тізгінінде тыныш болсаң, тіршілігің де мамыражай болатыны белгілі. Жылдамдық жаһанамға жөнелтпесін. Ат төбеліндей аз ұлттың амандығы керек.
Есет ТАБЫНБАЕВ.