Ажары артқан алыс ауылдар
Аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта жатқан Сарбұлақ ауылдық округінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, ауыл әкімі Алмат Қылышбаев және учаскелік полиция инспекторы Абдулла Досанов халық алдында есеп берді. Есепті жиынға Қызылорда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов қатысты.
Жиында мәлім болғандай, ауылда өткен жылы 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 3 адам маусымдық жұмысқа қатысқан. Жоғары, арнаулы орта және кәсіптік мектептерді бітірген жастар тәжірибеден өту мақсатында 6 айлық еңбек шарты негізінде уақытша жұмыс істеген.
Ауыл ажарын келтіруде көгалдандыру жұмыстарының орны ерекше. Соны ескерген сарбұлақтықтар ауыл маңындағы 5 қақпалы тоспа салынған Қуаңдария өзенінен көгалдандыру мақсатында және мал азығындық, шабындық жерлерді суландыру үшін қазылған ұзындығы 4,7 шақырым «Сарбұлақ» каналын тиімді пайдаланып отыр. Соның нәтижесі болар, өткен көктемде «Заңғар 5», «Аспан» ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері бау-бақша дақылдарын егіп, Ресей Федерациясының Новосибирск қаласына 50 тонна бау-бақша дақылдарын экспорттады.
Шалғай ауылдың ауыз толтырып айтар жағымды жаңалығының бірі – телефон нүктесінің көбейтіліп, спутниктік телехабарлар таратушы «Отау ТВ» антеннасымен тұрғын үйлердің толығымен қамтамасыз етілгендігі. Ауылда білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында да жүйелі жұмыстар бар.
Ауыл әкімінің айтуынша, алдағы уақытта атқарылатын іс көп. Мәселен, «Қуаңдария» өзені маңынан шабындық жер дайындалып, мал жайылымын кеңейту жоспарда бар. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Учаскелік полиция инспекторы А.Досановтың мәліметіне сүйенсек, ауылда жыл көлемінде қылмыс орын алмаған. Ал арыз-шағымдар уақытылы шешімін тапқан.
Тұрғындар халық алдында есеп беріп, атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларымен бөліскен учаскелік полиция инспекторының, ауыл, аудан әкімдеріне ұсыныстарын айтып, бастаған барлық ісі берекелі болуын тіледі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.