Күзгі шақырылымға дайындық пысықталды

Жиын барысында Дәурен Оңғарбайұлы әскери міндетті өтеу — әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Кәмелет жасқа толған жастарды Отан алдындағы парызын өтеуге жіберу – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі екенін алға тартып, көктемгі шақыру кезінде орын алған бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Аталған олқылықтардың алдағы шақыру маусымында қайталанбауын қатаң ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі үйлестіру қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне, білім беру және қорғаныс саласының мамандарына бірлесіп жұмыс атқаруды міндеттеді. Әсіресе, жастармен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, патриоттық рухты, елге қызмет ету идеясын насихаттау қажеттігін атап өтті.
Жоғары сынып оқушылары арасында ер мінезділік, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру – мектеп қабырғасынан басталуы керек екенін баса айтты. Сондай-ақ әскерге шақырылушыларға берілетін әлеуметтік жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жайлы да жастар толыққанды ақпараттандырылуы тиіс екені айтылды.
Жиын барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Нұрлан Көлбаев көктемгі мерзімді шақыру науқанының қорытындысы және күзгі шақыру жұмыстары бойынша хабарлама жасады. Ол әскери міндетті өтеуге тиісті азаматтармен жүргізілген жұмыстарға жан-жақты тоқталып, алда атқарылар шаралардың маңыздылығын тілге тиек етті.
Комиссия мүшелері әскерге шақыру жұмыстарының жүйелі әрі сапалы жүргізілуі – мемлекет алдындағы маңызды міндет екенін атап өтті. Осыған орай, тиісті сала жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, медициналық тексерулердің дер кезінде ұйымдастырылуын қамтамасыз ету, әскерден жалтарып жүрген азаматтарды анықтап, заң аясында шара қолдану, сондай-ақ патриоттық түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді.
Кезекті комиссия отырысы соңында көктемгі мерзімді шақыру маусымын ұйымшылдықпен өткізіп, жастардың Отан алдындағы парызын өтеуіне үлес қосқан бірқатар ауылдық округтерден келген жауапты мамандарға арнайы «Алғыс хаттар» табысталды.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ