Қазалыдағы қарбалас тірлік

Өз кезегінде қала әкімі Қайрақбай Жақсыбайұлы қаланың инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік саланы нығайту және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалар туралы толық мәлімет ұсынды. Оның сөзінше, қала дамуы кезең-кезеңімен жүзеге асуда және алдағы уақытта да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылмақ.
– 2025 жылға инфрақұрылымды жаңарту, тұрғын үй құрылысын арттыру және әлеуметтік саланы нығайтуға басымдық берілген. Биыл атқарылған іргелі істердің бірі – 15 көшеге жүргізілген жөндеу жұмыстары. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде қала жолдарының сапасы жақсарды. Бұдан бөлек, мемлекет қолдауымен инженерлік-коммуникациялық желілер жаңартылып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуда, – дейді қала әкімі.
Қала әкімдігі білім саласын дамытуға да ерекше назар аударып отыр. Оқушылар мен бүлдіршіндердің жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алып, тәрбиеленуі үшін нақты шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, №95 мектеп пен бірнеше балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттардың техникалық жай-күйі жақсартылған. Бұл жұмыстар оқу үдерісінің сапасын арттырып қана қоймай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де оң ықпал етуде.
Аңғарғанымыздай, жасыл аймақтарды кеңейту жұмыстары да қарқын алған. Биыл жылы кәріз жүйелерін жаңғырту жобасы іске қосылып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі енгізілген. Биыл 5 гектар аумақта жаңа жасыл аймақ құрылып, 6000 түп ағаш отырғызылған. Су арналарын тазалау жұмыстары жүргізіліп, ауа сапасын бақылау үшін жаңа заманауи экологиялық мониторинг жүйесі орнатылды. Көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына 4 миллион 950 мың теңге бөлініп, аталған жұмыстар «ALISER Company» ЖШС-і тарапынан сапалы атқарылуда.
Соңғы жылдары Қазалы қаласында көлік қозғалысын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру ортасын қауіпсіз әрі қолайлы ету мақсатында көшелерді жаңарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Биыл тамыз айынан бастап бірнеше негізгі және кіші көшелерге асфальт және қиыршық тас төсеу бастау алды. Оған мемлекеттік бюджеттен 718 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейту және жаңасын салу жұмыстары да белсенді жүзеге асырылуда. Қаланың орталық аумақтарында жарықтандыру жүйесі толығымен жаңартылып, заманауи жарық құралдары іске қосылды.
Қоғамдық көлік аялдамалары да жаңартылып, тұрғындарға жайлы және ыңғайлы қызмет көрсету деңгейі артқан. Жол белгілері мен бағдаршамдар толықтай жаңартылып, көлік қозғалысын басқарудың жаңа заманауи жүйесі енгізіледі деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде қаладағы жол қауіпсіздігін айтарлықтай арттырмақ.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, қазір қалада спортпен шұғылданушылар саны күн санап артып келеді. Ал мұндағы балалар мен жасөспірімдер үшін арналған заманауи спорт кешені спортпен шұғылданатын орынға айналған. Айта кетерлігі, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасалуда. Осы мақсатта қаланың екінші бөлігінде тұрғындардың күнделікті жаттығуына арналған ашық спорт алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.
Қайрақбай Орынбасаровтың айтуынша, болашақта спорт инфрақұрылымын әрі қарай дамыту аясында жабық спорт кешенін салу жоспарлануда. Осы мақсатта жоба-сметалық құжаттар дайындалып, қазір қаржыландыру мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде.
Қазалы қаласында санитарлық тазалық пен суармалау жүйелерін жетілдіруге ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта жалпы сомасы 18,5 миллион теңге қаржы бөлініп, оның 9 млн 798 мыңы қаланың тазалығын қамтамасыз етуге, ал 8 миллион 705 мыңы аяқ су арықтарына су жіберу шараларына бағытталды. Бұл жұмыстарды «Қазалы Келбеті-2019» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жауапкершілікпен жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда қаладағы 21 мекеме мен кәсіпорынмен тығыз ынтымақтастықта көшелер, шеткі аумақтар, қоғамдық алаңдар мен саябақтар жүйелі түрде тазартылуда.
Алайда, қала тұрғындарының түнгі уақытта қаланың шет аймақтарына заңсыз қоқыс тастау мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Осы заңсыз қоқыс төгетін орындарды анықтап, жоюға бағытталған жұмыстар қала әкімдігінің қызметкерлерімен жүйелі түрде жүргізілуде. Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғындарға ескерту парақтары таратылып, кең көлемді түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар түнгі мезгілде әкімдік қызметкерлері күнделікті рейдтер жасап, заңсыз қоқыс тастағандарға айыппұл салу шараларын қолдануда. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бұл күрес алдағы уақытта да тоқтамай, одан әрі жүйелі түрде жалғасын таппақ.
Аяқ су мәселесіне келетін болсақ, Қазалы қаласының көшелері мен саябақтарындағы тал-дау ағаштары мен тұрғындардың жеке үйлерінің бақшаларын суару кестесі қайта қаралды. Соған сәйкес қала аумағында суару жұмыстары жүйелі ұйымдастырылған. Батыс беткейіндегі СНП-500/10 маркалы насос аптасына 4 күн, оңтүстік-шығыс беткейіндегі сол насос аптасына 3 күн, ал солтүстік беткейге арнайы жылжымалы насоспен аптасына 3 күн аяқ су берілуі қамтамасыз етілуде. Мұндай шаралар қаладағы жасыл желекті сақтап, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдай туғызуда.
Түйін: Қазалы қаласы бүгінгі таңда қарқынды даму үстінде. Инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік саланы жақсарту, экология мен жол қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу, спорт инфрақұрылымын дамыту, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету – барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Қала әкімдігі мен мамандардың жүйелі жұмысы нәтижесінде, Қазалы 2026 жылға қарай заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер арқылы жаңа деңгейге көтеріледі деген үміт зор.
Арайлым ЖҮСІПОВА