Жолдаудан туындаған тапсырмалар талқыланды

Жалғас Оңғарұлы өз сөзінде Жолдауда айқындалған жеті маңызды бағыт – инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін жандандыру, ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен жетілдіру, көлік және логистика жүйесін дамыту, адам капиталын нығайту, цифрлық трансформацияны жеделдету, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Аудан басшысы бұл басымдықтар ел экономикасының тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетігі екенін баса айтып, әрбір сала басшысы мен ауыл әкімдеріне нақты бағыттар бойынша жүйелі жоспар құрып, нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Ол сондай-ақ, барлық саладағы жұмыстардың орындалу барысын өзі жіті қадағалайтынын жеткізді.
Жиында ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған шараларды үйлестіру, тұрғындардың көкейкесті мәселелерін дер кезінде шешу, елді мекендердің инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту, Жолдауда көрсетілген міндеттерге сәйкес жергілікті деңгейде нақты жобаларды іске асыру қажеттілігі ескертілді.
Сонымен қатар Жалғас Оңғарұлы ел бірлігі мен ынтымағы, әр саладағы жауапкершілік пен адал қызметтің маңызын айта келе, барша басқарушы құрамды ортақ мақсатқа жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Жиын соңында аудан басшысы күн тәртібінен тыс өзекті мәселелерді де назарға алып, оларды шешу жолдары бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мен ел дамуына үлес қосуға бағытталатынын атап өтті.
Бекзат АСАН