Жанқожа батыр көшесі жөнделуде

Жақында Жанболат Жүсіпов басшылық жасайтын “МФК-Тұран” ЖШС шаруаға жедел кірісіп кетті. Серіктестіктің жұмысшылары алдымен арнайы техникалардың көмегімен жолдың ойылған тұстарын тегістеп, бұзылған асфальт қабатын алып тастауда.
– Қасиетті Рамазан айында сауапты істі қолға алып, серіктестіктің қаржысы есебінен батыр баба атындағы көшені жөндеуден өткізуді бастап кеттік. Жолдың жағдайын өздеріңіз көріп тұрсыздар, жартысынан көбі жүруге жарамсыз. Біз осы жерлерді ойып алып, тегістеп, қайта асфальт төсейтін боламыз, – дейді қарбалас жұмыстың басы-қасында жүрген ұжым басшысы.
Серіктестік басшысының айтуынша, жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген уақытта көлік қозғалысы тоқтамайды. Бұл өз кезегінде автокөлік жүргізушілері үшін өте тиімді. Асфальт төсеу жұмыстары белгілі себептермен кешіккен күнде жолдағы ойықтары гравий тастармен бітеледі.
Аудан орталығындағы басты көшенің ойықтары бүтінделіп, асфальт төселетініне тұрғындар дән риза. Әсіресе, осы көшенің бойымен әрлі-берлі өтетін қоғамдық көлік жүргізушілерінің қуанышы шексіз.
– Менің жеке көлігіммен қоғамдық көлікте жолаушылар тасымалдап жүргеніме он жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде көрмегеніміз жоқ. Алайда бізді қынжылтатыны аудан орталығындағы негізгі көшенің мынадай мүшкіл жағдайы болатын. 40 мыңнан астам халық тұратын кенттің басты көшесі осындай болса, басқасының жайын айтпай-ақ қояйық. Бүгін міне, бұл көшенің де жөнделіп жатқанын көз көрді. Қасиетті Рамазан айындағы игілікті істі қолға алған кәсіпкерге алғысымызды жаудырамыз. Отбасы аман болып, кәсібінен бере тапсын, – дейді Қанат Айдар.
Иә, осылайша Жанболат сияқты атпал азаматтың арқасында халықтың көптен бергі көкейінде жүрген мәселесі шешіліп жатыр. Амандық болса, біршама күннен кейін жөнделіп, тегістелген жолмен жүретін боламыз. Сондықтан жеке кәсіпкер мен серіктестік жұмысшыларының жұмысына сәттілік тілейміз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ