Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Студент сыры

Студент сыры

Орал вокзалының бойындағы қарақұрым жұртқа әлсін-әлсін көз жүгіртіп тұрғанмын. Үлкен қаладағы ығы-жығы халық ішінен ауылға қарай қайтатын біреу-міреуді кезіктіріп қалам ба деген ой да жоқ емес. Менің мінетін пойызыма біраз уақыт бар болғандықтан, вокзал жанындағы орындықтардың біріне жайғасқанмын. Қақ алдымда семсерін көкке шаншып, арғымақ үстінде отырған Чапаевтың еңселі ескерткіші тұр.Ұшарбасына қарасаң басың айналады.
«Вокзал – қаланың айнасы» деген бар. Ал сол теміржол бекетінің дәл түбіндегі алып ескерткішке қарап, ойым он саққа бөлінуде. «Осындай ескерткішті екіге бөлініп, соғысқан орыс ағайындардың басбұзар қолшоқпарына айналғанказагына емес, әруақты қазақ батырына орнатқанда қандай керемет болар еді» деген ой қызғанышымды оятатыны рас.
Осындай әралуан ойлармен отырған бетімде есімімді атаған дауыс селт еткізді. Қарсы бетте таныс сұлба көрініп, жақындап келеді. Қолында жүктері мен гитара салынған қапшығы бар, кәдімгі мектепті өзіммен қатарлас бітірген – Еркежан. Осы сәтте «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі»деген сөз дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай болды. Жайшылықта ауылда жүргенде сөйлеспек түгілі, сәлемдеспейтін жандардың туған жерден жыраққа кеткенде жақын тартатыны неліктен екен? Мүмкін ұялас бөлтіріктер бір-бірін қаппайды деген шын ба?
«Жыландар ордалас. Адамдар отандас» дегендей, Ақжайықтың қақ төрінде, атлас картамыздың шетінде көрісіп қалған құрдасыммен мәре-сәреміз. «Қайдан жүрсің? Қашан келдің?» деген сұрақтар да төгілуде. Бір-бірімізбен шұрқырасып болған соң ауылға жиналғанымды, жаңа жылды сонда қарсы алуға емтихандарымды ертерек тапсырып бара жатқанымды айттым. Міне қызық, ол да мен мінетін жайбасар пойызға билет алыпты. Оның үстіне бір вагонда екенбіз. Орындарымыз әр жерде болғандығы да көңілге қаяу салмады.
Әп-сәтте әңгімеміз жараса кеткен Еркежанмен ішкі рухани байланысымда беки түскендей. Құдды бұрыннан сырласып, әзілі жарасып жүрген жандардай болып шыға келдік.
Көмірінің иісі қолқаны қабатын вагонға да міндік. Бірлі-жарым студенттер мен жаңа жылды орталық шаһарда қарсы алуға шыққан жандар болмаса, вагонымызда адам қарасы онша көп көрінбейді. Купемізде де ешкім жоқтың қасы. Жүктерімізді орналастырып болған соң, жаныма Еркежан келіп жайғасты. Алғаш көргендей емес, әңгімеміздің ауаны да бәсеңси түскендей. Менің бұл қалада оқып жатқанымды білмепті. Мен де солай. Осындағы бір университеттің ақылы бөлімінде оқып, соның жатақханасына орналасқан. Жатақханадағы қызықтарды да айтып қояды. Өз басым ол жерде тұрмағаннан кейін студенттер үйінің қызыққа толы болатындығын еміс-еміс еститінмін. «Әр нәрсенің өзінің қызықшылығы бар ғой, жатақханада тұрсаң үнемі қалтаңда қасығың жүруі керек. Қай жерде қазан көтерілсе, сол жерден табылуға тырысасың. «Басқа түссе, баспақшыл» көндігеді екенсің. Алғаш келгенде қыздардан ұялушы едік. Қазір оны да қойдық. Бөлмелеріне ұрланып кіріп, тамақтарын тасып кеткен күндер де болған. Балконға ет жайдым дегеніңше құрыды дей бергін. Бес минутта зым-зия жоқ болып, ізін таппай қаласың. Бір күні ауқаттанатын дымымыз болмай, жуа қуырып жеген кездер де өткен. Ал, түнгі оннан кешіктім дегеніңше далаға түнедім дей бер. Вахтер орыс келіншек өтінбек түгілі, жалынсаң да кіргізбейді», – деп бір тоқтады. Оның талдырмаш денесіне қарап-ақ «шынымен де аштық өтіп кеткен екен» деп қалуыңыз мүмкін. Бірақ Еркежан бала кезінен сондай тым арық болатын.
Бұл уақытта біз мінген пойыз соңғы рет бір ышқырып барып, қозғалып кеткен.
II
Мамыражай жайғасып, шай ішіп отырып әрі-бері сыр суыртпақтаған соң гитара тартуын өтіндім. Олда келісіп, өзі қойған жерінен гитарасын әкеліп, жайлап бастап та кетті. Көкжиектің кеуде тұсын алаулаған нұрға бөлеп, күн ұясына қонуға таяған мезгіл болып қалған. Біршама әнді шырқағаннан кейін, тағы да әңгімелесуге кірістік.
– Ереке, әп-әдемі дауысың бар. Гитараны да жаман тартпайсың. Той-томалаққа шығып, ән айтпайсың ба? – дедім.
– Той-томалаққа шығу үшін тамыр-таныс асабаларың болу керек. Жатақханада тұрғанның бір жақсы жері студенттердің көбі мейрамхана мен кафеде даяшы, күзетші, үйлестіруші болып тірлік жасайды. Солармен байланысып жұмысқа орналасу мүмкіндігі көп. Мен де келгенде тойға шығуға ойым болған. Оған мұрша жоқ. Ән жаздыруыңның өзі ышқынып тұр. Сондықтан, қолға түскен істі атқара береміз. Кейде осындағы кафелердің бірінде ара-тұра гитарамен жанды дауыста ән айтып тұрамын. Әркезде әрқалай табыс табамын. Бұл да карта секілді. Бірде аз. Бірде көп. Келушілердің көңіл-күйіне байланысты, – деп тоқтады.
Оның айтуынша, жанды дауыста әнді орыстар сұрайды екен. Көбіне Виктор Цой мен Юрий Антоновтың өлеңдерін айтсаң, қазақшалағанда «әруақтанбайтын» ағайын жоқ секілді. Тыңдармандар ол кезде тіптен жомарт келіп, ашқұрсақ студенттің ризашылығына бөленеді-мыс.
Мектеп кезінде көзге көп түсе қоймаған жігіттің кафеде өлең айтып жүрмін дегеніне таңданғанымды жасырмаймын.
– Білім ошағында көзге көп түспейтін едің, гитараны қалай шебер ойнайтыныңды да білмейтінбіз. Қалай, қай кезде үйреніп жүрсің? Неге мұндай өнеріңді ортаға салмай, жасырып келгенсің? – деп сауал тастадым.
Менің де өнер десе «кетәрі» емесімді білді ме, бір кезде Еркежан да сан-қатпарлы жүрек сырларын ағыта бастады. Бұл кезде кеш түсіп, айналаға да қою түнек түскен болатын.
III
«Бала күнімізден тағдырымыз қиындау болды. Тұрмысымыз да тым жұпыны өтті. Мектепте де көп ашылмай, үндемей жүретіндігім де cол өзімді қорсыну еді. Оның үстіне әкем арақты көп ішетін. Оныншы сыныпқа дейін туыс ағаларымның киімін киіп, сабаққа барып жүрдім. Біреуінен көйлек алсам, біреуінен аяқ киімін сұрайтынмын. Намыстанамын. Бірақ амал не? Тек жаңа костюм-шалбарды мектеп бітіру кешіне нағашы апам алып берген болатын.
Ұмытпасам, бір күні сабақ үстінде бір баламен жанжалдасып қалып: «Түгің жоқ кедейcің, алқаштың баласы», – деп салғанында мұрнына тура соққы жасап, қойып қалдым. Сонымен қанжоса болып, мұғалімдер түгімді қалдырмаған. Құлақтан тартқандығы аз емес, әлгі баланың менің намысыма тигендігін ешкім есепке алмады. Сыныптағы ең нашар оқушы мен болып шыға келдім. Әйтеуір арты дауға ұласпады. Сабақтан шыққаннан кейін көзімнен пора-пора жас ағып, үйге дейін жылап келгенім есімде. Шынымен, еден жуушы анамның жалақсы үш баланың қайсібіріне жетсін. Бес адамды асырап отырған жалғыз өзі. Кейін анам әкемнің бейберекет ішіп келіп, ұрып-соғуына шыдамады-ау деймін, ажырасып тынды. Ол кезде тоғызыншыны бітіріп жатқанмын. Есіміз кіріп қалғандықтан ба, біздің де оған деген сыйластығымыз азайған», – деп Еркежан терең күрсінді. Сәлден кейін бір бастағаннан кейін соңына дейін айтайын деген кейіппен тамағын бір кенеп алып, сөзін әрі сабақтады.
Содан не керек, «Жақсы әкенің ақылы жаман балаға қырық жыл азық» демеуші ме еді. Әлгі гитараны да қалай ұстап, қандай акордына қалай түсу керектігін әкем үйреткен болатын. Өзі мықты гитарист болған. Бірақ, бағы ашылмай қалған өнер адамы. Бір жаман жері, оқымай қалған. Әйтпегенде кемі бір жерде жақсы қызмет атқаратындай орны бар-ды. Ішпеген уақыттары одан артық, одан мейірімді адам жоқ. Бәріне ақылшы. Ептеп сурет салатыны да бар. Сол өнерінің арқасында кейде әжептәуір табыста тауып тұратын. Тек айыбы – ішкілікке шамадан тыс әуестігі. Анаммен ажырасқанына үш жыл толды. Жуырда анаммен сөйлесіпті. Әкемнің әңгімесіне қарағанда, ішімдіктен айыққан секілді. Татып алмағынына да бір жарым жылдай болыпты. Шымкенттегі бір емханада емделіп қайтқан. Енді отбасына қосылғысы келеді екен. Тұрақты жұмысқа орналасып алыпты. Мен де жаңа жыл қарсаңында әкем мен шешем қосылып қалар деп ауылға қайтып барамын. Осынау мерекені отбасымыз болып, төрт көзіміз түгел қарсы алған неткен қуаныш. Біреуі тірек болып, екіншісі тілек тілеп отырса, мүмкін жағдайымыз да жақсарып кетер деген оймен ауылға бет алып барамын», – деп Еркежан әңгімесін аяқтады. Осы сәтте менің ой-қиялым астаң-кестең болып кетті.
Иә, әке әкенің, ана ананың орнында болып, бір шаңырақтың ішінде тек шат күлкінің дауысы естіліп жатқанға не жетсін, шіркін!

Есет ТАБЫНБАЕВ
19 қараша 2018 ж. 830 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031