Астана қаласында Қызылорда облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

Жалпы жәрмеңкеде 50 жүккөлікке тиелген 60-қа жуық Сыр дихандары мен тауарөндірушілері құны 200 млн. теңгені құрайтын 500 тоннаға жуық өнімдер ұсынылуда.
Атап айтқанда, 200 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет өнімдері, 20 тоннадай балық өнімдері, 160 тонна бақша өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидектер, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері, 5 тонна ас тұзы жеткізілді.
Сондай-ақ, жәрмеңке аясында Сыр елінің өнерпаздары қатысатын мәдени-танымдық концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, елордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлауда.



Ағымдағы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығында 46,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,6%-ға артты.
Биылғы жылы облыс бойынша 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәндi дақылдар 92,9 мың гектар, майлы дақылдар 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 73,3 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 17,4 мың гектар. Үкіметпен бекітілген Жол картасына сәйкес ағымдағы жылы 80,9 мың гектар жерге күріш дақылы егілді.
Шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.
Бүгінде егін жинау науқаны қарқынды жүруде. Ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда мал азықтық, майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша және күріш дақылдары жиналуда.
Аймақта мал шаруашылығын дамытуға жасалынған қолдаулардың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда.
Облыс бойынша 2025 жылдың 1 тамызына 425,4 мың бас МІҚ, 830,3 мың бас қой мен ешкі, 270,7 мың бас жылқы, 66,0 мың бас түйе және 126,8 мың бас құс тіркелген. Мал басын былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МІҚ- 0,5%-ға, жылқы-9,7%-ға, түйе-1,2%-ға, құс-1,2%-ға артты.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқынды дамып келеді. Ағымдағы жылы облыстан құны 18,8 млн. долларды құрайтын 37,7 мың тонна өнім әлемнің 19 мемлекетіне экспортталды.
Барлық экспортталған өнімнің 89,4 пайызын құрайтын күріш өнімі Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттеріне экспортталуда.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта инвестжобалардың жол картасы әзірленіп, жалпы құны 57,1 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар өңірдің экономикалық даму қарқынын күшейтуге бағытталған.
Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шақырамыз!