Оңтүстіктегілермен отарба оқиғасы
Барлық аудан орталығы темір жолдың бойына орналасқан қызылордалықтар үшін пойызбен сапарлау, ондағы орындалатын іс-амалдар таңсық емес. Жақын жерлерге, облыс орталығына бару үшін көліктің осы түріне отыратын біздің жерлестеріміз стансаға кіріп жатқан пойыздың қай нөмірлі екенін жатқа біледі. Тіпті кешеге дейін темір жол бойындағы қозғалысқа реттелген мәскеулік уақыт қолданыстағы уақытпен қатар айтылатын. Осы салада қызмет етіп, зейнетке шыққан немесе вокзал маңында тұратын үлкендер жағында қазір де уақытты әлі сағаттың сол түрімен санайтын дағды бар. Кішкентайымыздан көріп-өскеннен пойызға міну ешкімге жаңалық емес деп ойлайтынмын. Онымды студент кезде өзім куә болған жайлар өзгертті.
Дәм-тұз бұйырып, оңтүстіктің қазіргі орталығы Түркістан қаласына жоғары оқу орнына түстім. Біздің топтағылардың дені жергілікті жігіт-қыздар болатын. Сырттан келген бірлі-жарымымыздың ауылға қайтуымызды топтастар қызық көре¬-тін. Оларды қызықтыратыны, біздің жолсапарымыз екен. Бақсам, көбі мүлде пойызға мініп көрмеген. Себебі де түсінікті. Шымкенттен еліміздің барлық бағытына қарай автобус, таксилер қатынайды. Облыстың көп аймағы болат жолы бойынан шалғай орналасқандықтан, түстіктегілерге қара жолмен жүретін көлік тиімдірек соғатын көрінеді.
Бірде орыс мектебін бітірген Ұлжан есімді Шымкент қаласында туып-өскен құрбым өзіммен ауылға ерте кетуімді өтінді. Мен де мақұл дедім. Бірақ белгілі себептермен, сол жолы ол менімен ауылға бара алмады. Бір күні арамыздағы ең көңілді қызымыз Маржан өзін пойыз қызықтырғаны үшін Жаңақорғанға қыдырып барып қайтқанын апта бойы әңгімелеп, бәрімізді күлкіге қарық қылды.
Универсиеттің аяқталар жылы. Соңғы курстың соңғы сессиясы жақындаған тұс. Ұстаз-оқытушылар да бұл кезде біздің есейгенімізді ескеріп, емен-жарқын сөйлесетін. Тіл білімін талдау пәнінен сабақ беретін Жадыра Иманова есімді апай кімнің теміржол билетін ала-алатынын сұрады. Ішіміздегі пысықай Роза есімді курстасымыз өтінішін орындайтынын жеткізді. Осы жауапты күтіп отырған ұстазымыз да сол бойда студентінің қолына құжаты мен ақшасын ұстата салды.
Роза алып берген билетті ұстаған ұстазымызбен вокзалда ұшырастым. Апайымның күндізгі амалы есімнен шығып кетіпті. Сол күні түстен кейін анам хабарласып, ақша күтуге шыққанмын. Кандидаттық диссертациясын қорғауға Алматы қаласына бара жатқан беті екен. Менің пойызыма әлі уақыт болған соң, кішілік танытып, оқытушымды пойызға мінгізіп жіберуді жөн санадым.
Жадыра апайым әңгімені өзі бастады
– Пойыздың іші таза ма екен? Ыстық болмаса жарар еді.
– Таза шығар. Купеден орын алып па едіңіз, әлде жалпыдан ба?
– Білмеймін қарап көрші, – деді билетін көрсетіп. Асығыс жүріп зер салмаған шығар деп назар аударған жоқпын. Әлден уақытта кезекші пойыздың келер уақытын хабарлады.
– Қай вагон еді? Басынан санала ма екен, әлде соңынан ба?
– Ондай да бола ма? Осы жерде отырмын бағанадан бері.
– Бірінші рет мінейін деп тұр едім. Қатты толқып тұрмын. Пойыз тоқтап, вагон келіп жетіп, екеуіміз жолсерікке жақындай түстік. Құжа¬тын шығарып, ұсынғанда жол¬серік үстіңгі орын екенін айтты. Апайымның: «Түсі игіден түңілме» деген. Түсіңіз жылы екен, төменгі орыннан орын бересіз бе?» – дегені еріксіз езуіме күлкі үйірді.
Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеттен білім алған біз өмірден өз жолымызды таңдап, жан-жаққа кеттік. Бір жылдары Алматы қаласында өткен Халықаралық тілдер олимпиадасын ақпараттандыруға барғанымда ұстазым Жадыра Имановамен кездесіп қалдым. Бір-бірімізбен сағына қауышып, аман-саулық сұрастық. Жарысқа студенттерін ала келген екен. Сол күнгі түскі үзілісте бірге түстендік. ХҚТУ-дың бұл екі студенті де ашық мінезді, өзгемен тіл табысып кететін елгезек қыздар екен. Түркістанның хабарын алып болған соң, Алматыға немен келгендерін сұрадым. Екеуі пойызбен жеткендерін жарыса айтты. Өткен оқиға есіме түсіп, іштей күліп алдым.
Алматыдан ауылға қайтарда сол кезде Шымкентте тұрып жатқан Маржан мен Ұлжан мені жолда тосатындарын айтты. Қос құрбым межелі күн жеткенде вагонымның алдынан күтіп алды.
– Пойызға мініп үйренген-ау мыналар. Вагонымның дәл алдында тұрып алыпсыңдар ғой, – болды алғашқы әңгімем. «Жоқ, содан кейін мінген жоқпыз. Мен болсам бір рет отырдым. Мына Ұлжанға пойызбен жүрудің сәті әлі түспей жүр. Ауылыңа ала кетпесең», – деді Маржан ағынан жарыла.
Сол сапардан кейін Алматыға қайтпай, туған жерім Қазалыда жұмысымды жалғастыруды жөн санадым. Бірде Маржан мен Ұлжан Ақтауға бара жатқандығын айтып, хабарласты.
Қазалыға тоқтаған 20 минут достарымның пойызда көр¬ген қызықтарына аздық етті. Әдеттегідей сөзді Маржан бастады.
– Пойызға екеуіміз мініп алып, тым-тырыс отырмыз. Айналамызға қарап қоямыз. Бәрі билеттерін шығарып, жолсерік тексерген соң заттарын орналастырып, жеңіл киімдерін киіп жатты. Біз де білетін адамға ұқсап, бәрінің жасағанын қайталап жатырмыз. Бірінен соң бірі кетіп қалып жатады. Олар қайда барып, келіп жатқанын білмей екеуіміз далмыз. Бәрінен де Ұлжанның пойызға міне сала, жүрегі айнып, жанымыздағылардан көмек сұрағанымыз болды.
Кейіннен Маржан мен Ұлжан Ақтауға тұрмысқа шықты. Қазір төркін жұртына жиі пойызбен барып-келіп жүр. Ары-бері өткен сайын, күтіп алып, өткен-кеткенді айтып, мәз болысамыз.
Әрбір отарбаға отырғанымда жоғарыдағы жайттар есіме түсіп, пойызға әлі де мініп көрмегендер бар-ау деген ойда қаламын.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА