Тағдырына риза талант

Жас кезінен гитара аспабында еркін ойнап, достары арасында әнші жігіт атанған Рашид әскер қатарында жүр¬генде де, жұмыс істеген уақытын да мәдени шараларда өнер көрсететін. Қоғамдық іс-шараларға белсене араласатын өнерпаз Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектаклінде орыс шал рөлін, «Қызыл сұңқар» спектаклінде неміс офицерінің рөлін сомдап, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты атанды. Қазір Қазалы қалалық мәдениет үйі жанындағы эстрада үйірмесінің мүшесі. Бір бойына бірнеше өнерді тоғыс¬тырған Рашид Шарифұлы:
– Мен Қазалы қаласында туылғанмын. Ең алғаш ата-бабамыз қазақ жеріне қоныс аударғанда менің әкем Шариф өзінің айтуынша 7 жасар бала болған екен. Жер аударылып келген ата-әжем аштықтан қайтыс болғанда, әкемді бір иманды кісі тауып алып, қаладағы жетімдер үйіне өткізген. Осында ер жетіп, үйлі-баранды болады. Одан кейін біз дүниеге келіппіз. Міне, менің туған жерім – Қазалы топырағы. Әкем Шариф Абдуллин Ұлы Отан соғысының ардагері. Сол кездегі ортақ Отанды қорғау, халқымызға бейбіт өмір сыйлау жолында қан майданға аттанған. Осы мемлекетте тұрып жатқан әрбір азамат үшін Отанды қорғау ең үлкен парыз деп түсінемін. Қандай жағдай болмасын біз елімізбен, еліміз бізбен бірге. Қазір Сіздердің қонақжайлылық¬тарыңыздың арқасында, Аллаға шүкір, біреуден кеш, біреуден ілгері бұйырған дәм-тұзымызды татып келеміз, – деп ағынан жарылды.
Қазалы қаласына кезінде белгілі себептермен сан ұлттың өкілі қоныс аударған. Бұндағы қазақтар мен өзге ұлт өкілдері бір-бірімен тату. Өздерін бір үйдің баласындай сезінеді. Түрі басқа болса да, жүздерінен қазаққа тән мейірімділік пен бауырмалдық байқалатын өзге ұлт өкілдерін тұрғылықты тұрғындар жатсынбайды.
Тіпті, Рашид Абдуллинның шаңырағында бірнеше ұлт өкілі бар. Мәселен, Рашид Шарифұлының жары Рая Абдуллина татар қызы болса, Рашидтың қыздары Эльвира мен Линара қазақ жігітке тұрмысқа шығып, шаңырақтарының ибалы келіндері атанып отыр.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ.