Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Қараболат» әулие жері

«Қараболат» әулие жері

Қазалы ауданында қасиетті жерлер аз емес. Содан да болар «киелі, қазыналы» деген тіркестер біздің ауданға тән айтылады. Осындай қасиетті өлкенің табиғат берген сыйы – Қ.Пірімов ауылынан шығысқа қарай 25-30 шақырым қашықтықта қаратұз кені орналасқан. Оны жергілікті халық «Қараболат әулие» жері деп атайды. Ол көне Құмжиек пен Өтебастың ортасындағы маңайда болғандықтан жеңіл көлікпен бір сағатта жетуге болады. Тұзды көлдің ені – 50-60 метр, ұзындығы 700-800 метр көлемді алып жатыр. Балшық пен су аралас табиғи қаратұзға халық шілденің 10-нан тамыздың 10-на дейін түседі.
Қ.Пірімов ауылының байырғы тұрғыны Қонысбай Рамазанның айтуынша, бала кезінде ата-анасы сол маңайды паналап, мал баққан. Ел арасында Қараболаттан соғыстың кезінде үкімет тұз алған деген дерек бар. Жеке адамдар пойызға апарып сатқан деген де алып-қашпа сөздер кездеседі. Бертін келе «РЗА» АҚ ұжымы да осы жерден тұз алған екен. Табиғаттың шеберлігіне таң қаласыз, жердің астынан өздігінен қаратұз шығады. Мұндай қасиетті кен орны жайлы естіген тұрғындар дертінен айығу мақсатында шілде-тамыз айларында барып ем жүргізеді.
Ал Есімбек Сағымбаевтың сөзінше, Қараболат деген кісі ашаршылық кезінде жертөле қазып отырған. Қаратұзды сатып күн көрген. Алайда, құмды жер болған соң жертөле құлап, үсті көміліп қалған.
«Былтыр барып емге пайдаланатын адамға бір бөшке тұз-суымен әкеп бердім. Қаратұз кәдімгі сумен жуылмайды, ағып кетеді. Тек өзінің суымен адам бататындай ыдысқа салып, шомылады. Жел қатқанға, қышымаға, тері жараларына, буын ауруларына пайдасы мол. Екі қолымда экземам бар еді. Сол тұзға 1-2 минут ғана малдым. Содан бір қолым толық жазылды. Екіншісінде жара шамалап қалып қойды.
Сондай-ақ, тұзды төрт түлікке берсе, дертінен айықтырады. Аусыл болмайды. Кезінде сол тұзбен малшылар соғым етін тұздайтын болған. Ем қуған адамдар әр жерден барады. Жертөленің орны бар, киізбен қоршап қойған. Ол жерде Қараболаттың кемпірі мен келіні тұрған көрінеді. Халықтың айтуынша, кемпір қайтыс болады. Дала салқын, тоң кезі болуы керек. Келіні енесін жертөлеге қойған. Кейін жертөле құлап қалған. Оны білетін адам келіп, сыртын қоршаған. Оны ешкім зерттемеген. Басында бейіт жоқ. Қараболат әулие деген ауызекі әңгіме ғана бар», – дейді ауыл тұрғыны.
Құмжиектіктердің сөзіне құлақ түрсек, бұл тұзға арнайылап келіп екі-үш күн басында ем алған қолайлы. Жағдайыңа қарай жағып жатса, тіпті төрт күн түнесе де болады. Оның балшығы да дертке дауа дейді олар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
11 сәуір 2018 ж. 1 937 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031