Көпқабатты үйдің бірінші қабатында балабақша ашуға рұқсат бар ма - министрлік өкілінің жауабы
Елімізде балабақшалар көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналаса алады. Мәжіліс депутаттары мектепке дейінгі тәрбие беру нысандарын көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасуға рұқсат беру туралы заң жобасын әзірлеген. Бұл туралы stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева мәлімдеді.
Брифингте журналистер "Балабақшалар көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналаса ала ма? Мұндай балабақшаларда қандай қауіпсіздік шаралары сақталған? Қоршалған ойын алаңы да жоқ. Оның үстіне тұрғындар подъезге шығады, үйдің жанындағы тұрақ та көліктерге лық толы болады. Жер сілкінісі немесе өрт шыққан жағдайда тәрбиешілер балалармен бірге қайда барады?" деп сұрады.
Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, мәжіліс депутаттарының бастамасымен заң жобасы әзірленген. Құжатта мектепке дейінгі тәрбие беру нысандарын көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасуға рұқсат беру туралы норма енгізілген.
Шенеуніктер осы ұсыныстары арқылы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тапшылығын жоюды көздейді.
“Дей тұрғанмен, құрылыс салушы бірден балалар серуенге шыға алатын аймақты айқындауы қажет. Мұндай жағдайда ол жердің аумағы мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымына лайықталады. Қазірдің өзінде кей балабақшаның тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқаны туралы жағдай кездеседі. Бұл мәсел санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен бірлесе қаралып жатыр. Себебі мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарында ережелер бар. Ол жерде барлық талап жазылған”, - деп мәлімдеді мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева.
Айта кетейік, республика бойынша 11 320 мектепке дейінгі ұйым бар. Жыл басынан бері 29 620 балаға арналған 307 мектепке дейінгі ұйым ашылған.