Оқушылар арасында орын алған төбелеске қатысты мәжіліс өтті
Бүгін Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің мәжіліс залында аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен аудандағы топтық төбелестің алдын алу және бала тәрбиесі турасында мәжіліс өтті. Аудан басшысы жүргізген жиында бірнеше күн бұрын орын алған төбелес турасында бірқатар мәселелер айтылды.
Басқосуда сөз ең алдымен аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизовқа беріліп, мектеп оқушылары арасында болған төбелеске қатысты түсіндірме жасалды. Оның айтуынша, оқиғаға байланысты тергеп-тексеру жұмыстары жасалып, облыстан қосымша күш шақыртылған.
Бұдан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов аталған жағдайға қатысты қолға алынған шараларды баяндап берді. Мәлімдеуінше, аудандағы білім беру ұйымдары басшылары, олардың орынбасарларымен мәжіліс ұйымдастарылып, кешкі сағат 20:30 дан бастап рейд жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілген. Сол секілді алдағы күндері күндізгі және түнгі рейд жұмыстары жалғасатынын айтты. Бұл турасында аудан басшысы барлығын жіті қадағалауды тапсырды.
Келесі сөз кезегі білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбетовке берілді. Ол бұған дейін қолға алынған тәрбиеге байланысты жұмыстардың зая кеткеніне өкініш білдірді.
– Жуырда Қазалы ауданына арнайы келіп, аудан активімен, ақсақалдарымен тәрбие мәселесіне байланысты тағылымды шара өткіздік. Бала тәрбиесін жетілдіріп, олардың құқықбұзушылық жасауына жол бермеу тетіктерін талқылап, тиімді әдістерді енгіздік. Соған қарамастан осы күнге дейін білім мен тәрбие тұрғысынан өңірде үлгі ретінде көрсетіліп жүрген ауданда келеңсіз жайт орын алып отыр. Бұл мектеп басшыларының орын алған жағдайды жасырын ұстап, жағдайды дер кезінде баяндамауынан, оқиғаға лайықты талдау жасамауынан ушығып кеткенін жасыра алмаймыз. Ал директордың бірнеше орынбасары әр сыныптағы бұзықтау бір-екі балаға әсер етеуші факторды неге зерттемегені таңданыс тудырады. Соның алдын алмағаннан кейін мұндай жағдай қайталана береді, – деді білім басқармасының басшысы. Сондай-ақ, екі мектеп басшысының, олардың орынбасарларының қызметке сәйкестігін қарау туралы білім бөлімінің басшысына қатаң тапсырды.
Жиын соңында сөз алған облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Байжұманұлы, аталған іске қатысты барлық азаматтар мен олардың ата-аналары Заң талаптарына сәйкес жазаланатынын қайта еске салды. Одан бөлек, №249, №266 және №276 мектептердің ата-аналар комитетінің төрағалары өз ойларын ортаға салды.
Қорыта келе аудан басшысы қоғамдық орындар мен көшелерде, түнгі клуб пен компьютерлік клубтарда, кафе-барларда мектеп оқушыларының түнгі жүрістерін тоқтатуды айтты. Сондай-ақ, түн мезгілінде жасалатын құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, оқушылар арасындағы келеңсіз жайттардың орын алуына жол бермеу мақсатында рейдтердің уақытылы және бақылауды күшейту жөнінде сала басшыларына тапсырма берді.
Одан бөлек, үйдегі ата-ананың тәрбиесінен бөлек ұстаздардың бақылауы, жауапкершілігі осы жағдайда әлсіздік танытып отырғанын және аталған оқиға өзгелерге сабақ болуы керек екенін айтты.
Айта кетейік, жиында жергілікті бөлім басшылары, құзырлы орган өкілдері, директорлар мен олардың орынбасарлары, ұстаздар және ата-аналар төбе көрсетті.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі