Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » САРҒАЙҒАН САРЫ ЖАПЫРАҚТАЙ САҒЫНЫШЫМ...

САРҒАЙҒАН САРЫ ЖАПЫРАҚТАЙ САҒЫНЫШЫМ...

Қолыма қалам алып, осы тақырыпты, жүрегімнен жарып шыққан сағынышты жазарда бейне бір тұла бойым өзімдікі еместей, жүрегім езіліп, көзімнен төгілген моншақтар бетімді жуып кетті. Сабырға келе алмай егілгенім-ай! Еске алудың қиынын қарашы, қолым қаламға бармай, сағыныштан жан-дүнием толқып, өзіме ерік бермей, арнасына сыймаған теңіздей тасып, көзімнен жастың төгілгені-ай! Сабыр жаным, сабыр көңілім, сабыр ет! Сабырлықты Жаратушы Ұлы Алланың өзі жақсы көреді демейтін бе еді?! Десе де, Ұлы Алла сабырлықты, шыдамдылықты жақсы көрсең де, мен өз-өзімді билей алмадым, тағатым таусылып, сағыныштың легіне ілесіп кете бардым, кешір мені, кешір!
Иә, өмір-өзен тоқтаусыз ағып жатыр. Жер бетінде «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» дегендей, төрт құбыласы бүтін жан бар ма екен? Бірінің асқар таудай әкесі, екіншісінің асыл анасы, ендігісінің пана болар ағасы, ізет білдірер інісі, жан дегенде жан бауырының орындары бос тұр. Шымболат ақын жырлағандай:
Бұл өмірден келмесе де жөнелгім,
Табиғаттың заңы қатты көнермін.
Жанып-жанып майы біткен шырақтай,
Бәріңді де қимай-қимай сөнермін.
Адам баласы бұл дүниенің қызығына тойған ба, сірә?! «Опасыз мына дүниеде анаң бір өлмес болсайшы, анасы өліп қасіретін балдары тартпас болсайшы». «Ана» деген сөздің өзі бүкіл дүниедегі мейірімнің шуағындай, барлық жылылықтың лебіндей, жаның рахатқа бөленетін саядай, сондай қайталанбас жұмсақтықтың мамығындай құлаққа жылы әрі жайлы естілетін есім екендігі адамзат баласына аян.
Осындай бойыма қуат, жаныма шуақ болатын, сапарға шықсам ақ жол тілейтін тілекшім, қандай жұмысты қолға алсам да сәттілікке жол бастар жол басшым, жанұямдағы, жер бетіндегі жұмағым анашымнан қол үзіп қалғаныма жүз күннің жүзі болды-ау! Сырғып жатырған уақыт шіркін, ырқыңа көнбейді екен.
Анашым, жаным, сырқаттан жаның қиналып жатырған соңғы уақыттарда да ешқандай сыр бермедің-ау! Әлде балапандарыңды ойлап, уайымдадың ба?! Мен қиналсам балаларым қамығады деп шыдап жаттың ба?! Табиғатың сабырлы еді ғой, анашым менің! Жаның қиналып жан-дүниең астан-кестен болған уақытта да өзіңнің қалпың, шыдамдылық пен сабырлыққа бой алдырып, бір дыбыс шығарған жоқсың-ау, жаным менің! Жан баласына, ешкімге салмақ түсірмедің ғой, анашым. Екі көзің жәудіреп, мен жұмыстан келетін уақытты күтіп, қуана қарсы алатын едің. Қанша қиналсаң да, аурудың зардабын тартсаң да, менің маңдайымнан сипап: «Бақытты бол, бақытты бол, балам» деген сөзден еш жаңылмадың-ау! Өзіңнің күткеніңдей енді мені кім күте алады екен, өзіңнің тілеген тілегіңдей енді менің кім тілеуімді тілейді екен? Сондай қайталанбас дүниенің рахатын енді кімнен сезеді екенмін?! Жаның қиналса да, Ұлы Жаратушы Алланың алдында өзіңнің ботаңа деген разылығыңды білдіргің келгені ме? «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» деген ұстанымды ұстап, өзіңнің шыбындай жаныңды ойламай, құлыныңа екі дүниеде де Алла разы болсын дегенің бе?!
Анашым-ау тіршілік мынау дүниеде бетіңе қарап еркелікпен, мейлі ойсыздықпен «әй» деп қалған уақытым болса, көңіліңді қалдырған қателіктерім болса кеш мені.
Мен бір тілі жоқ мылқау ананы көрген едім. Бала-шағасын асырап, күнделікті күйбең тірлігімен, балаларына ишарамен-ыммен тәрбие көрсетіп отыр. Ішімнен риза болдым, «Ұлы Алла бұл дүниеде ол анаға тілді бермегенімен, ақиретте ол ананың дәрежесін жоғары қылып қоюы мүмкін» деп шариғатта айтылған. Себебі ол ана ешкімді ғайбаттаған жоқ, ешкімге тіл тигізген жоқ, ешкімді өсек аянға қосқан жоқ. Сондықтан, оның орны жұмақ, дәрежесі биік болмақ.
Осыны көріп, менің анашымның жиырма жыл бойы аурудың зардабын тартып, соңғы он жыл тіпті жүре алмай қалғанын есіме алып Жаратушы Ұлы Алла менің анама үлкен сынақ бергенін түсіндім. Сынақты көтере алатын адамына, жанын жегідей жеген ауруына төзіп, Аллаға шүкіршілік еткен адамға берген екенін тағы ұқтым. «Осындай сынақтарға сүрінбеген анамның жанын жәннәттің төрі қыла көрші Ұлы Алла» деп тәубама келіп, көңілім жұбанғандай боламын.
Маған әлемнің жарығын сыйлап, дүниеге әкеліп, өз қолым өз аузыма жеткенше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шұқыттырмай, тәлім-тәрбиенің сансыз үлгісін көрсетіп, бағып-қаққан еңбегіңіздің өлшемі жоқ. Түн ұйқыңды төрт бөліп, мұздай бесік таянған ең болмағанда бір түніңнің өтеуін өтей алдым ба? Перзенттік парызымды ақтай алдым ба, көңіліңнен шыға алдым ба, деген сан-салалы сұрақтар маған маза бермейді.
Анашым-ау, Алланың құзырына кетіп бара жатырған сәтіңде жансыз денеңді құшақтап, табаныңды сүйіп, жер бетіндегі жәннәтімнан айырылып, егілгендегі даусымды естідің бе?
О, Құдыретті Ұлы Алла, анашымның сүйегіне кіріп жуындырған өзінің туған бауыры мен ет жақын жеңгелерім Алланың Құдыреттілігіне тағы бір мәрте тамсанып, таңғалысып шығып жатты. Олардың ауыздарынан естігенім «Анаң сенің әппақ қалпында, жымиып жатыр. Тағы да бір таң қалғанымыз, анаңды жуындырған уақытта бос жатқан қолы, бір сәтте ұятты жерін жауып жатыр екен. Бұл үш рет қайталанды, Алланың Құдыретіне таң қалдық. Анаң Алланың алдында ары мен ұятын сақтап, тап-таза қалпында кетіп барады», – деп жүректері алып-ұшып тұрды.
Анашым-ау, ғұмырыңда ұятыңды, ар-намысыңды бәрінен биік қойып, өмір кешкен едің. Енді Ұлы Алланың алдына да сол кіршіксіз, тап-таза қалпыңнан айнымадың-ау, жаным менің!
Анашымды еске алып отырған күнімді қарасам, қалың қардың көбесі сөгіліп, қаһарлы қыстан көктемге ауысар уақыт екен. Жер ананың топырағы бусанып, аспаннан жердің бетіне Алланың нұры төгіліп, көктемнің шуағының лебі есілгендей, анашымның жылы шырайы елестегендей, маңдайымнан жұмсақ алақаны сипағандай сезімге бөлендім. Онымен қатар, қасиетті жұма күніне тұспа-тұс келуін қарашы!
Анашым-ау, сенің жылы жүзіңді, аялы алақаныңды, мейірімге толы келбетіңді іздесем енді дүниенің қай түкпірінен табамын? Қандай сапардан үйге асыға оралып, маңдайымды кеудеңе басып, аялы алақаныңның жылылығын енді қайдан табады екенмін, жан анам-ау?! Жанымда өзің болғанда, бұл дүниедегі ең бақытты жан өзімдей сезінетінмін. Ал қазір ше, панасыз қалған балапандай, саясыз қалған торғайдай, жан жүрегім тағат таппай, бір ғайыпты іздейтіндей күн кешудемін. Бақытым-ау, жанымның жайсаң көктемім-ау, жан-анашым-ау, енді өзіңді қайдан табармын?!
Өзіңе деген сары жапырақтай болған сағынышымды қалай басарымды білмеймін. Оңашада көзімнің жасына ерік беріп, жан-дүнием тебіреніп, сан-салалы ойдың тұңғиығына шомып кетемін. Аллаға шүкіршілік ете отырып, күндегі оқылатын бес уақыт намазымның дұғасынан қалдырмай, «анашымның жанын жәннәттің төрі ете көр» деп Алладан сансыз сұрап, жанымды жұбатып, көңіліме медеу тұтып, күндерімді өткізудемін.
Біздер, жұмыр басты пенделер бақыттың ортасында жүріп, сол бақытты сезбейді екенбіз ғой! Қолдан тайғаннан кейін барып, тағдыр ғайып, несіп ғайып болғаннан кейін біліп жатамыз. Анасындай асылы бар адамдар тіршілік мынау дүниеде өздерінің бақытты екендерін сезіп жүр ме екен!
Бойымда менің адалдық, ізеттілік, кішіпейілділік, сабырлылық деген қасиеттер болса, осы қасиеттердің барлығын анамнан алғанмын деп есептеймін. Бала болып, ес білгеннен бастап, анашымның біреумен ұрысқанын, ағайынмен араздығын көрмеген екенмін. Барға сабыр қылып, бергенге шүкір етіп, ешкімнің ала жібін аттамай өткен, өсек-аянға көңіл бөлмей, ағайынның барына қуанып өткен анашым-ау, енді өзіңдей жанды жер бетін жеті айналсам да таппасым анық.
Сарғайған сары жапырақтай сағынышым менің, ең қасиетті, ең қастерлі асылым менің, жер бетіндегі жұмағым менің, жүрегімнің түкпірінде мәңгілік сақталып қала бермексің!

Орынбаев Еркін Суханұлы,
Қазақстан Республикасының Журналистер Одағының мүшесі
12 наурыз 2023 ж. 375 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930