Қазақ қазаны қалай естірткен?
Сәбидің іңгәлап дүниеге келуінен өмірден өтуіне дейінгі қазақтың салт-дәстүрінің философиялық мәні бар. Ғұмыр сағаты таусылған адамның өлімі жайлы оның туыстарына ешқашан тіке айтылмай, естірту жолымен жеткізген. Даналыққа толы дәстүр адамды психологиялық жағынан суыт хабарға дайындап, сабырға шақыруға негізделген.
Қазақ ешқашан да жасқа, балаға қаза туралы айтқызбаған. Ажалдың айтып келмейтіні рас, бірақ мұндайда қазақта туған-туыс, көрші-қолаң лезде жиналып, алыс-жақынға хабар жеткізуді ақыл тоқтатқан, көргені мен түйгені көп жанға тапсырған.
Қазіргі уақытта қазаға қатысты естірту дәстүрі өзінің бастапқы мәнінен ажырап бара жатқандай. Хат-хабар алмасудың қиындығы жоқ техниканың ғасырында естірту қаншалықты дұрыс айтылып жүр? Қазақтың қазаны естіртуі туралы әртүрлі сала мамандарынан пікірін сұраған едік.
Нәби Нұрдәулет, Жанқожа батыр мешітінің найб имамы:
– Тағдыр – негізі біз үшін ғайып нәрсе. Адам баласы оның түбіне жете алмайды.
“Кім тағдырдан қашса, тағдыр оны қашқан жағынан күтіп алады”, – делінген Исламда.
Тағдырға иман келтіру дегеніміз – барлық жақсылық та, жамандық та Алла тарапынан екендігіне сену, анық илану, барлық нәрселер Алланың ғана қалауымен жүзеге асатынына зәредей де шәк келтірмеу. Алла Тағала бұл туралы Құранда былай деген: «Сондай-ақ, Ол әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі» («Фұрқан» сүресі, 2-аят).
Дәл сол сияқты өлім де – Алланың берген тағдыры. Тұз қанша ащы болса да, ауқаттың дәмін кіргізетіні сияқты, өлім де өмірдің мәнін кіргізеді. Себебі өлімін ойлаған адам Алланың алдына баратын күнге дайындық жасай бастайды. Құлшылығын түгендеп, өзін есеп-қисапқа алады. “Өлімнің барын білмеген өмірдің мәнін түсінбес” деген аталарымыз.
Сахаба Әбу Талханың жалғыз баласы сырқаттанып, ол сыртта жүргенде қайтыс болады. Оның әйелі Үмма Сүлейм өлген баласын жуындырып, кебіндеп, оң жаққа жатқызып қояды. Кейін көршілерге қарап: – Әзірге әкесіне хабар бермеңдер! – деп қатаң ескертеді. Әкесі Әбу Талха кеш бата үйге келіп, ауырып жатқан баласының жағдайын сұрайды. «Сен жолға шыққаннан әлдеқайда тәуір» – деп жауап берді әйелі. Әйелі жарының қарны тойып, көңілі көншігеннен кейін оған:
– Біреуден алған аманатты немесе қарызға алған нәрсені иесі сұрап келсе иесіне қайтарасың ғой?
– О не дегенің? Әрине, аманатын немесе қарызын міндетті түрде қайтару қажет.
– Олай болса, Алла Тағала саған аманаттаған ұлын өзі қайтарып алды.
Бұл сөзді естіп күрсінген Әбу-Талха бар-жоғы: «Бәріміз Алла Тағала үшін жаратылдық. Ерте ме, кеш пе, түбінде соған қайтамыз», – деп Жаратушының ісіне ризашылықпен мойынұсынып, көнгеннен басқа артық қылық жасамады.
Қазір естірту деген ұмытылғаны рас. Дегенмен, тарихымызды тәптіштеп, салтымызды саралап жатқан кезде бұл дәстүрді қайта жаңғыртуға еш кедергі жоқ.
Қаза айтпай, аяқ-асты келе салады. Сен дайынсың ба, дайын емессің ба, қуанып отырсың ба әлде қайғырып отырсың ба демейді. Дана халқымыз: «Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара!» – деген екен. Көбіміз қазір естірту айтарда “Арты қайырлы болсын” деген сөзден ары аса алмай жатқанымыз ішімізді қынжылтатыны рас.
Сараш Қоңырбаева, Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры:
– Дүниеден қайтқан адам сыртта жүріп жантәсілім етсе, үйіне кез келгеннен хабар айтып жібере салмаған. Мұндай жауапкершілігі мен салмағы ауыр міндетті елдің үлкені, ақсақалдары өз мойнына алып, тұспалдап барып естірткен. Қазақтың тарихында бұған байланысты мысал көп. Оны айтудың өзінде үлкен бір пәлсапа жатыр. Мәселен, Жиренше шешеннің сүйген жары қайтыс болғанда өзі үйінде болмапты. Қарашаш өмірден өткенін жеткізу хан Жәнібекке бұйырыпты.
– Әкесі өлген қалай болады?
– Әкесі өлсе, асқар тауы құлағанмен бірдей болады.
– Шешесі өлген қалай болады?
– Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады.
– Ағасы өлген қалай болады?
– Оң қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
– Інісі өлген қалай болады?
– Сол қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
– Апа-қарындасы өлген қалай болады?
– Ұзын өрісі қысқарғанмен бірдей болады.
– Қатыны өлген қалай болады? – дегенде хан қамшысын екі бүктеп, шалт жүгініп, қамшысына сүйеніп отыр екен. Қамшының сабы шарт етіп сынып, үзіліп кетіпті.
– Қамшының сабы сынғандай болады...» деп жауап берген Жиренше Қарашашының өмірден өткенін түсінеді.
«Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деген сөз бар. Демек, сынған қамшы арқылы үзілген, күйреген өмірді көріп, түйсіне аламыз. Кейбіреулер қамшы деген ағаштан жасалады, сынса жөндеп алуға болады ғой деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл естіртудің мәні тым тереңде жатыр.
Қайнар Олжай, журналист («Қазаға қатысты наза» мақаласында):
– Қазақ өте жағымсыз хабарды айту үшін адамды психологиялық жағынан дайындай білген. Қаза туралы айтуға жасы үлкен кісі бастаған топ арнайы келетін. Жастың үлкендігі ғана емес, қажетті сөзді айта білетін тапқырлық та ескерілген. “Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ” деген мақал әу баста осы естірту кезінде туғаны талассыз-ау.
Қазаны жөнімен хабарлаудың жаппай болған кезі – кешегі екінші жаһандық соғыста. Әрбір ауылға ай, тіпті апта аралатпай “қара қағаз” келетін. Оны пошташы алдымен ауылдағы жасы үлкен кісілердің қолына беретін. Солар марқұмның ата-анасына қаралы хабарын жеткізген. Сондықтан шал-шауқан топталып бара жатса, басқалар “кімнің үйіне кіреді” деп тамның есігі мен киіз үйдің жабығынан сығалайтын. Мұның көріністерін “Жабайы алма”, “Тұйық”, “Көктем де ызғарлы”, “Ақ шағыл” сынды соғыс кезіндегі ауыл өмірін суреттеген романдардан табуға болады.
Беріге дейін жалғасқан естірту дәстүрі әлеуметтік желі тұсында бірден жоғалып кетті. Қайтыс болған адамға еш қатысы жоқ, қатысы болса, онысы бірер рет көріп, бірер рет суретке түсумен тынғандар “пәленше қайтыс болыпты” деп жалаулататын әдет пайда болды. Қазаны хабарлау – жақсылыққа сүйінші сұраудай жарыс болып кетті.
Сүйінші сұрауға жарысуға болады. Өйткені оны бірінші сұраған адамға ырымы беріліп, тиын-тебенді немесе бір затқа ие болып қалмақ. Ал қазаны алдымен айтамын деп жанталасқанға не жорық?!
Дина БӨКЕБАЙ