Батырханның бәсін биіктеткен бәсеке
«Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс». Президент Жолдауынан (2021 жыл 1 қыркүйек).
Ел арасында «бесінші квартал» аталатын аумақта орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы (қазіргі №204) мектепте оқып жүрген кезім. Сол тұста бізге дене тәрбиесі пәнінен сабақ беретін Өтеген Балымбетов ағайдың есімі дүркіреп тұрды. Өтеген ағайдың мектеп оқушылары арасынан ұйымдастырған гандбол секциясына тамсана қарайтынбыз. Мектеп құрама командасының аудандық, облыстық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп, жеңімпаздар қатарынан табылуы талай баланың спортқа деген құштарлығын арттырғаны даусыз. Мектеп ауласында гандболдан өткен аудандық жарыстарда, жаттығу кезінде ойыншылардың әрбір қимылына іштей сүйсініп, солардай болуды армандайтынбыз. Мектептегі гандбол құрама командасының белді ойыншылары Батырхан (Петрушка) Тасыбаев, қақпашы Болат Жолтаевтың ойын кезіндегі шеберлігі әлі күнге дейін жадымда сақталып қалыпты. Өкінішке орай, Өтеген ағай өмірден өткен соң гандбол үйірмесінің жұмысы тоқырап қалды. Алайда аяулы ұстазымыздың ұлағатты ісі біржолата өшкен емес. Мақаланы жазу барысында Балымбетовтың негізгі мамандығы математик екендігін, гандболды өз бетінше үйренгенін естігенде таңданысым арта түсті. Міне, нағыз кәсіби шеберлік. «Ұстаздық еткен жалықпаз үйретуден балаға» деген даналық сөздің шынайы мән-мағынасы дәл осындай болар.
Арада жылдар жылжыды. «Бітер істің басына...». №5 кәсіптік мектепке Болат Жолтаев басшылық қызметке келген соң гандбол үйірмесін жандандыруды қайтадан қолға алды. Бұл бастаманы бір кезде гандбол алаңында жасындай жарқылдаған Батырхан (Петрушка) Тасыбаев, Кенжебек Толыбай тағы да басқалар қуана құптады. Болат Әбенұлы облыстық «Сейхун» командасының жаттықтырушысы Вячеслав Себович Ким, республикалық гандбол федерациясының президенті, жерлесіміз Гүлнар Смағұлқызы Тұрлыхановамен байланыс орнатты. Осылайша Қазалыда белді бір команда пайда болды. Алдымен гандболшы ер балалар, кейін қыз балалар командасы құрылды. Төгілген тер, тынымсыз жаттығу өз жемісін берді. Училищенің гандбол командасы ауқымды жарыстардан бірде-бір рет құр қол қайтқан емес. Қазіргі таңда Кенжебек Толыбай облыс орталығындағы Назарбаев мектебінде жаттықтырушы болып қызмет жасайды.
Күні кеше Қазалыда гандболдан дүбірлі дода өтті. Тартымдылығымен ерекшеленген жарыс Батырхан (Петрушка) Тасыбаевтың 63 жасқа толуы құрметіне арналды. Аудан әкімінің қолдауы, қоғамдық негіздегі аудандық Гандбол федерациясының ұйымдастыруымен өткізілеген турнирге білім, ішкі саясат, спорт бөлімі, №204 мектеп ұжымы белсене атсалысты.
Гандбол алаңындағы шиеленіске толы бәсекеде №216 мектеп командасы жеңімпаз атанды. Ал, екінші орынды №276 мектеп командасы, 3-4-ші орынды №91, №266 мектеп командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов, қоғамдық негіздегі аудандық гандбол федерациясының президенті Болат Жолтаев арнайы дайындалған дипломдар мен сыйлықтар, түрлі номинациялар тапсырды. Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Орысбек Жамшейітов, демеушілер атынан «Намыс-Құрылыс» ЖШС директоры Мәлік Өтеулі, ардагер спортшы Оразов Қуатбай, Байсеңгіров Әділбек және Батырханның туыстары құттықтау сөз сөйледі.
Жарыс соңында қоғамдық негіздегі аудандық гандбол федерациясының президенті, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Болат Жолтаевты сөзге тартқанымызда:
- Батырхан Тасыбаевтың отбасын «спортшылар жанұясы» десек жарасымды. Зайыбы Күлпатша жеңіл атлетикадан ауданның бірнеше дүркін чемпионы, облыстық жарыстың жүлдегері. Қыздары Райса спорттың бірнеше түрінен аудан чемпионы. Жақында өткен облыстық спартакиада жүлдегері атанды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен облыстық спартакиадада теннистен чемпион, басқа спорт түрінен жүлдегер болды. Бүгінгі жарыста ойыншылардың шеберлік деңгейі біршама жоғарылағанын аңғардық. Мұны жаттықтырушылардың еңбегі деп білемін. Осы ретте мына жайтты ортаға салсам. Қол добынан өткізілетін республика біріншілігіне қатысуға аудан құрамасының деңгейі әбден жеткілікті. Тіпті жарысқа шақырту да алды. Тек қаржылай қолдау болса ауданның гандбол командасының жұлдызы жанғалы тұр. Бүгінгі жарысқа демеушілік жасаған «Намыс-Құрылыс» ЖШС басшысы Өтеулі Мәлік, «Энергомера» ЖШС басшысы Мұхашов Бекетай, «Қазалы Жолшы» ЖШС басшысы Дүйсенбаев Нұрлан мырзаға айтар алғысымыз шексіз. – деп ағынан жарылды.
Сәттілік серіктеріңіз болсын!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы