Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп лигасының лидері

Мектеп лигасының лидері

Баланың тұлға ретінде жетілуіне сапалы білімнен бөлек дене тәрбиесі де әсер ететіне ешкім дауласа қоймас. Содан да болар жыл сайын елде «Ұлттық мектеп лигасы» ұйымдастырылып тұрады. Елдің түкпір-түкпіріндегі оқушылардан құралған спортшы оқушылар мұнда өңір абыройын қорғайды. Мықтылар бәсекесі биыл да жалғасын тауып, қазалылық оқушылар да бақ сынады. Спорттың бірнеше түрінен шеберлік көрсетіп, жүлделі оралды.
Өткен аптада облыстық білім басқармасының аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығының ұйымдастыруымен 9-11 сынып оқушылары арасында баскетболдан «Алтын доп», волейболдан 7-8 класс оқушылары өнер көрсеткен «Шұбар доп» және 5-6 сынып балалары бақ сынаған гандболдан «Ұшқыр доп» үшін іріктеу жарысы өтті. Қорытындысы бойынша облыстық деңгейдегі «Алтын допты» Жамбыл Жабаев атындағы №234 мектептің ер балалары иемденіп, бірінші орынды қанжығаға басты.
№91 мектептің жас жігіттері де «Ұшқыр доптың» жеңімпазы атанып, осы сайыстан №249 мектеп-лицейдің қызғалдақтарынан құралған командасы бірінші орын мінберінен көрінді. Ал волейболдан өткен «Шұбар доп» сайысында №94 мектеп командасы үшінші орынды місе тұтты. Көп ұзамай облыстық жарыста жеңімпаз атанған мектеп командалары республикалық «Ұлттық мектеп лигасына» аттанатын болады.
Айта кетейік, бұған дейін 7-8 сынып оқушылары арасында гандболдан өткен “Ұлттық мектеп лигасы” аясындағы республикалық жарыс мәресіне жеткен еді. Нәтижесінде облыс намысын қорғаған Ғани Мұратбаев ауылындағы №91 орта мектеп оқушыларынан құралған команда екінші орын иеленіп, күміс алқа тақты. Жас спортшылар мұндай нәтижеге жетекшісі, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Д.Бақытбергеновтің жаттықтыруымен жетті.

Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
14 сәуір 2021 ж. 2 967 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930