Батырхан бағындырған белес
Сәрсенбінің сәтті күні Қазалы спорт клубында қол добынан жарыс өтті. Спорт сайысты білікті бапкер, ауданымызда қол добының негізін салушы Батырхан Тасыбаевтың жүлдесі үшін №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды. 2005 жылы туылған және одан кіші қыз балалар арасындағы аудандық ашық турнирге жеті команда қатысып, бақ сынады.
Бүгінгі күні Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде жұмыс істейтін Батырхан Отарбайұлы аудандағы қол добының дамуына өлшеусіз үлесін қосты. Әр жылдары аудан құрамасының жаттықтырушысы бола жүріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Шәкірттері 2012-2015 жылдар аралығында ауыл спортшыларының «Алтын күз» облыстық спартакиадасының 4 дүркін чемпионы атанғаны сөзімізге айқын дәлел бола алады. Соңғы уақытта денсаулығына байланысты спортқа көп араласа алмаса да, ақыл-кеңесін беруді әрдайым ұмытқан емес. Бұл күндері білікті бапкер ізін жалғастырып жүрген жаттықтырушылар: Олжас Орынбеков, Жеңісбек Құрманәлі және тағы басқа жастарға шексіз риза. Себебі, аудан оқушыларынан жасақталған құрама түрлі республикалық, облыстық турнирлерде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
– Қолымыздан келгенінше ауданда қол добы спортын дамытуға үлес қостық. Азғантай еңбегімізді ескеріп, турнир ұйымдастырған Қуанған Бәкен басқаратын №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебі мен Нұрболат Әбиев басшылық ететін Қазалы спорт клубының ұжымдарына алғысымызды айтамын. Жас спортшылардың алдағы уақытта тек қана биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестігімді білдіремін, – дейді Батырхан ағамыз қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап.
Ал, енді қол добынан ашық турнирге оралатын болсақ, спортшылар өз дәрежесінде тартысты ойын өрнегін көрсетті. Турнирдің негізгі мақсаты 2005 жылы және одан кіші қыздардың ойын шеберлігін арттыру, аудан құрамасына қажетті ойыншыларды іріктеу болатын.
Ашық турнирдің жеңімпазы болып №165 мектептің мұғалімі Азамат Оспановтың шәкірттері танылды. Екінші орынға №170 мектеп жайғасса, үшінші орындарды №249 мектеп-лицей мен №216 мектептің оқушылары өзара бөлісті.
Турнир барысында ерекше ойын үлгісін көрсеткен Жансая Оңғарова «Үздік қақпашы», Дариға Ашыққалиева «Жас қақпашы», Аяулым Есет «Жас ойыншы», Адель Әмит «Үздік ойыншы» номинацияларымен марапатталды.
Турнирдің жабылу салтанатында сөз алған №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуанған Бәкен жарыстың өз дәрежесінде өткенін атап өтіп, жеңімпаз және жүлдегер командарларды марапаттады.
Батырхан Отарбайұлының аудан спортына қосқан үлесі айрықша екендігін тілге тиек еткен оның ұжымдасы Мейрамбек Қарабалаев ақшалай сыйлықты табыстады.
Сондай-ақ, турнирдің талапқа сай өтуіне атсалысқан азаматтар да назардан тыс қалмай, №17 олимпиадалық резервтің маман¬дандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Батырхан Тасыбаев бағын¬дырған белес жастарға әрдайым даңғыл жол болып қала береді.
Ж.СОВЕТҰЛЫ.