Ұлттық ойын үздіктері
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай мектеп оқушылары арасында ұлттық ойындардың аудандық V спартакиадасы өтті.
Ұлттық спорттық ойындарды дамыту, жас жеткіншектерді дене тәрбиесі және ұлттық спорт түрлерімен тұрақты шұғылдануға тарту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа аймақтық кезеңнен өткен 30 команда, 300-ге жуық спортшы қатысты.
Спартакиада бағдарламасына сәйкес командалар спорттың 12 түрінен жарысты. Жекелеген спорт түрі бойынша гір тасын көтеруден бірінші орынды №24 мектеп жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия мен Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектеп бөлісті. Тоғызқұмалақтан топ жарғандар қатарында №92, №266 мектеп-лицей, №93 мектеп спортшылары бар. Ләңгі тебуден ерекше көзге түскен №94 мектеп спортшысы бірінші орынды қанжығаласа, №96 және №204 мектептен келген оқушылар екінші, үшінші орын тұғырынан көрінді. Бес асық сайысында бақ сынаған талапкерлерден №97 мектеп оқушылары бірінші, №225 мектеп екінші, № 276 мектеп үшінші орынды иеленді. Мергендер сайысында нысанаға дөп тигізген № 225 мектеп оқушысы бірінші, №16 мектеп-лицей шәкірті екінші, №25 мектептен келген қатысушы үшінші орынды місе тұтты.
Бұдан бөлек қатысушылар жаяу жарыс, мойын арқан, қол күрес, белдесбек, асық ату, шоқпарласу, арқан тарту секілді жарыс түрінен бақ сынады.
Ұлттық ойындарының аудандық V спартакиадасы қорытындысымен жалпы командалық есепте бас жүлдені №249 мектеп-лицей оқушылары жеңіп алды. Бірінші орын №24, екінші орын №25 мектеп шәкірттеріне бұйырды. Сонымен бірге 26 және 24 ұпай жинаған №266 мектеп-лицей мен №234 мектеп ұжымы үшінші орын тұғырына тұрақтады.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ