Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңімпаздардың бапкері

Жеңімпаздардың бапкері

Шәкірттері қыз балалар арасындағы гандболдан аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп жүрген Азамат Оспанов спорт күнін асыға күтетіндердің бірі. Қол добын ұршықша үйірген оның талантты да еңбекқор қыздары биыл да мерейлі мерекені толағай табыстармен қарсы алып отыр.
Азаматтың гандболдан жаттықтырушы болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Жаста болса қабілеті зор, жан-жақты жігіт спортқа бала күнінен бейім болған.
– Жастайымнан ата-анам мені салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа бейім болуымды қалады. Сондықтан мен мектепте оқып жүрген кезімде-ақ гандболмен айналыса бастадым. Жаттықтырушымыз Сылай Төлебайдың арқасында 8 сыныптан 11 сыныпқа дейін аудандық оқушылар арасындағы жарыстардың жеңімпазы болдым. С.Сейфуллин атындағы №165 мектепті бітірген соң, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің дене тәрбиесі және спорт факультетіне оқуға түстім. Университетте оқып жүріп, республикалық жарыстарға қатысып, грек-рим күресінен жүлдегерлер қатарынан көрініп, жоғары жетістіктерге жеттім. Қабілетімнің арқасында грек-рим күресінен бірінші дәрежелі спорт шебері атандым, – дейді Азамат Қобыландыұлы.
Ол қазір С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бүгінгі күнге дейін көптеген шәкірт тәрбиелеген бапкердің жеткен жетістіктері орасан. Әр шәкіртін ерекше қадірлейтін жаттықтырушы олардан үлкен үміт күтетінін айтты.
– Гандболдан қыздар арасындағы республикалық жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп жүрген шәкірттерім аз емес. Атап айтар болсақ, Арайлым Қартқожақ, Гүлжанат Бисен және Әсел Ермекбайқызы Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер болса, Жұлдызай Аман ҚР спорт шебері атағын иеленді. Осы арада болашағынан үлкен үміт күттіретін әрбір шәкіртімді ерекше атап өткім келеді. Олар жоғары нәтижеге жеткен сайын еңбегімнің ақталғанына риза боламын, – дейді жаттықтырушы.
2013 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп жүрген Азаматтың жас гандболшыларының бағындырған белестері көңіл қуантарлық. Өткен жылы екі бірдей байрақты бәсекеге қатысқан бұрымдылар туған жерге жеңіспен оралды. Алдымен, Қостанай қаласында гандболдан 2001 жылы туылған және одан кіші жастағы қыз балалар арасындағы Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсе, онан кейін республикалық “Ұшқыр доп” турнирінде екінші орынға табан тіреді. Ал, 2018 жылы Қызылорда қаласында «Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткізілген гандболдан «Ұшқыр доп» жарысында топ жарды.
Бір қуантарлығы, соңғы уақытта біздің ауданда спорт саласына ерекше назар аударылып, үш бірдей спорт кешені пайдалануға берілді. Оның екеуі аудан орталығында болса, енді бірі Жанқожа батыр ауылында салынған. Ендігі жерде Қазалыда салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріп, спортқа қабілеті бар жастарды тәрбиелеп, үлкен жарыстарға қатыстыру қажет. Тәжірибе алмасу керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймыз.
– Әйтеке би кентінің Қ.Пірімов көшесінен салынған спорт кешені ғимараты біз үшін үлкен сый болды. Себебі бұған дейін тар бөлмеде жаттығып, дайындық жұмыстарын жүргізген едік. Қазір мұнда үлкен спорт залы, тренажер бөлмесі бар. Ең бастысы, кең әрі жарық, балалар үшін өте қолайлы. Ендігі біздің мақсатымыз – жас спортшыларымызды тәрбиелеп, жаңа биіктерден көріну, қазақ елінің абыройын асқақтату, – дейді Азамат бізбен әңгіме үстінде.
Жеңімпаздардың бапкері, арманы асқақ Азаматқа алдағы уақытта талантты шәкірттерімен бірге тек қана биік шыңдарды бағындыра беруіне тілектеспіз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
19 тамыз 2018 ж. 1 361 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930