Кепкен жемістен керемет сый
Әйтеке би кентінің тұрғыны Айсұлу Насыр ерекше сый жасап, тұтынушылар талғамынан шығып жүр. Анығын айтқанда, кептірілген жемістерден керемет сый дайындайды.
Әңгімемізге арқау болған кейіпкер Кәукей ауылында туған. 9 сыныптан кейін Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғарғы колледжін «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша үздік бітірген. Жоғарғы білімді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен алған. Бала күнінен шығармашылыққа жаны құмар Айсұлу қосымша журналистика саласында да білімін жетілдірген. Кәсіпке келмей тұрып, Басықара ауылындағы №182 мектепте тәлімгер, Кәукейдегі №225 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шәкірттерге білім берді. Жолдасы Фараби Мұхтарұлымен екі бала тәрбиелеп отырған аяулы ана.
– Жолдасым қаржы саласында жұмыс істейді. Кәсіппен айналысамын дегенде бірден қолдау білдірді. Бұған дейін үйде отырып та мақала жазып, шығармашылық жұмыспен айналыстым.
Қазіргі ақпараттық заманда әр саланы байқап көрейін деген оймен елімізде енді дамып келе жатқан фуд флористиканы қолға алуды жөн көрдім. Яғни, кез келген адамның ағзасына пайдасы зор кепкен жемістен букет жасаймын. Сондай-ақ түрлі шоколадтарды да букет қылып ұсынуға болады. Мәселен, гүл орнына берсе, таптырмас сыйлық. Ауылдағы анасын немесе сүйіктісін, басқа да жақындарын қуанту үшін өзі алыста болса да тапсырыс бере алады. Жеткізу жағын қарастырып қойдық, – деп кәсібінің қыр-сырымен бөлісті Айсұлу.
Айтуынша, букеттердің бағасы 5000 теңгеден жоғары. Күнде тапсырыс түседі. Әсіресе тойтабақ ретінде беретін шағын букеттерге сұраныс жоғары. Әрбір жасаған композицияны әртүрлі етіп шығаруға тырысатын келіншек көп ізденетіндігін де айтып қалды.
– Қазір көп нәрсеге таң қала бермейтін болдық. Ерекше дүние шығуы үшін үздіксіз үйреніп отыру маңызды. Жасаған өнімдерімді Instagram парақшама жариялап отырамын. Көбісі сол арқылы тапсырыс береді. Құдалық себетінде кепкен жемістерден түрліше безендіріп жасап беруге болады. Ең бастысы халықтың көңілінен шығу. Әрекет етсең, берекесі де болады. Шүкір, табыссыз емеспін, – дейді Айсұлу.
Сөз арасында жас кәсіпкер жеке бизнесті бастауда ешқандай қорқыныштың қажеті жоқ екендігін айтып қалды. Жүрек қалауымен жасаған жұмыстың жемісті боларына сенеді. Мемлекет жұмыс береді деп қол қусырып отыру – жалқауларға тән. Кез келген адамның қолынан кем дегенде бір кәсіп келеді. Тек қорықпай, нық қадаммен алға басу және бойыңдағы өнеріңді дамыту керек екенін жеткізген Айсұлу Сайфуллақызы жастарды еңбектенуге шақырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА