Өмірін өлеңмен өрнектеген
Бұл өмірдегі қасиетті парызы партада отырған шәкіртінің талантын шыңдап, шыңға шығар сапарына сақадай сай дайындайтын ұстаздың талантты болғаны құба-құп. «Мектепті сыйлағандықтан, мамандығын жан-тәнімен сүйгендіктен мұғалім ең алдымен өзінің интелектісін көтеруі, дүниеге деген көзқарастарын биіктетуі керек», – дейді жазушы Әбділдә Тәжібаев. Бұл үдеден шығып жүрген ұстаздар қатары баршылық. Жақында Шәкен ауылында ұстаздықпен қатар ұлы өлеңнің жолына түскен Айдарбек Өтетілеуовтің «Жыр жазамын жүрегімнен» атты жеке шығармашылық кеші өтті.
Ауылдық клуб төрінде өткен кешке тұрғындардың бірі қалмай қатысты. Ақындықтың ауыр жүгін арқалаған жерлестерінің жеке басын, шығармашылығын шын ықыласпен жақсы көретіндігі осыдан байқалады. Кеш шымылдығын ашып берген Шәкен ауылдық округінің әкімі Тимур Кималов:
– Ауылдастар, бүгін бәріміз Тәңір таңдайына татымды сөз салған жерлесіміз Айдарбектің жеке кешіне келіп отырмыз. «Әр атаның өз ұлы бар, әр бұтаның өз гүлі бар» демей ме? Аядай ғана ауылдың арғы-бергі тарихын, жеткен жетістігін жырына арқау етіп ел мерейін асырар ақынымыз бар. Айдарбек шығармашылығын дамытып қана қоймай, оқушыларын да озат ойлы, өнерге қанық қылып тәрбиелеп жүрген жан. Ақындығы бір төбе, азаматтығы бір төбе, оның ауыл мектебінің атын шығарып жүрген үлгілі мұғалім екені анық. Бүгінгі кештің жоғарғы деңгейде өтуіне тілектеспін, – деп ақжарма тілегін білдірді.
Шара барысында ақынның туындыларынан өлеңге жаны құмар жас шәкірттері жыр оқыды. Мұнан бөлек клуб жанындағы өнерпаздар ақын сөзіне жазылған әндерді әуелетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Кеш иесі қуанышымен ортақтасып, өзіне құрмет көрсете келген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.
Талантын талабымен демеп, оқырман қауымға ақын ретінде танылып жүрген Айдарбек жастайынан өлең жырға құмар болып өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде қазақ тілі мен көркем әдебиетке ерекше ықыласы ауып, болашақ мамандығын осы бағытқа бейімдеп таңдаған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шықты. 2005 жылдан бастап Шәкен ауылындағы №134 орта мектепте қызмет атқарып келеді.
Көп дүниеге шығармашылық көзімен қарап үйренген ақын-ұстаз тек жүрмей оқушыларына білгенін үйретумен қатар түрлі жарыс, сайыстардан қалыс қалмай белсенділік танытуда. Жасаған еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Айдарбек «Қазақ тілі» қоғамының жанашыры «Тәжірибе алаңы – 2018» сайысының аудандық кезеңінен өтіп, облыста бақ сынап жүлделі орынмен оралды.
Қазақстан Респуликасының Тәуелсіздігіне орай Алғыс хатпен марапатталып, 2015-2016 оқу жылында «Шығармашыл мұғалім» номинациясын иемденді.
2016-2017 оқу жылында еліміздің жас жеткіншіктерін оқытып тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі және білім саласын дамытуға ерекше үлес қосқаны үшін «Үздік мұғалім – 2017» номинациясына ие болды. Ұстаздар күні мерекесіне орай үлгілі шәкірт тәрбиелеп жүрген Айдарбек Бақытбекұлы аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен марапатталды.
Талантты тани білген мұғалімнің шәкірттері де аудан, облыс деңгейіндегі байқауларда бақ сынап, жүлделі орыннан көрініп жүр. Соның бірі – Назыгүл Қуаныш аудандық Махамбет оқуында жүлделі екінші орын, Абай оқуынан үшінші орын алып, ауылдағы ақын ағасының ізінен ерген жас ретінде өсіп келеді.
Басты міндеті шәкірт тәрбиелеп, жас өреннің өнерін ашу екенін ұмытпаған ұстаз түрлі деңгейдегі олимпиадаға шәкірт апарып жүр. «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасында «Сөз шеберлері» бөлімі бойынша оқушысы Алтынай Алеш Алғыс хат иемденді. Сондай-ақ А.Фейзулдаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиаданың аудандық кезеңінде Айсана Тұрынбай есімді оқушысы үшінші орынмен марапатталуы осы сөзімізге дәлел.
Гүлдәурен БАҚЫТБЕРГЕНОВ,
№134 орта мектептің директоры