Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойыннан қалған қорқыныш

Құмар ойыннан қалған қорқыныш

Бірде Ербол досымның дүние дидарын көрген күнімен құттықтап, жігіттер болып, шаңырағында бас қостық. Дастархан басына жайғасқаннан кешігіп жатқан құрдастарға қоңырау шалып, барлығын түгендедік. Үлкен астан дәм татып, арқа-жарқа болып отырғанда үйге кіреберістен Сұңғаттың «Абзал» деген дауысы естілді. Есік алдына шықсам, аздап қызып алған екен. Кешігіп келе жатқанын айтып, тамаққа кел дегенімше болмады, «мен құрыдым, досым» деп көзіне еріксіз жас алды. Мен түсінбей аң-таң. Не болғанын сұрасам, жағдай былай болыпты.
Сұңғат – ұстаз. Математика пәнінің мұғалімі. Табысы да әжептәуір. Кімнің жол сілтегенін қайдам, соңғы уақытта құмар ойынға әуестігі артып, өзгеріп шыға келді. Айтуынша, барлығы осыдан 6 ай бұрын басталған. Алғашқы ойнағаннан 4 күн бойы 2 миллионға жуық қаражат қалтасында жүрген. Күнделікті қомақты ұтыс уайымнан айырып, жұмысы жайына қалып, отбасына ойынан шыққан. Араға біршама уақыт салып, әлгіндегі көк қағаздың барлығынан айырылған ол айналасындағылардан ақша алып, қарызға белшесінен батқан. Кейіннен бәрін ретке келтіру үшін қомақты несие рәсімдеп, одан соң микронесиелерге құныққан. Бірақ бәрібір құрдымға ашылған жолдың есігі жабылмады. Әне-міне қойдым дегенмен, сол ойынға деген ынтызарлығы басылмады. Өтірік айтып, жан баласын алдауды білмейтін азамат адам танымастай өзгеріп шыға келді. Ішімдік ішіп, темекі тартып, бұрыс жолға бет бұрды.
Ерболдың ауласында отырып, бүгінгі жайын сұрадым. Жылаған күйі «мен, өлемін» деуін қояр емес. Көңілін тауып, ойы бөлінген соң сол күні болған барлық жайтты сөз етті.
Таңертең жұмысқа барған бетте нағашысы қоңырау шалып, есік алдына шығуын өтінген екен. Сөйтсе, анасы Сұңғаттан кейінгі қызының оқуына қаржылай көмек керек болып, інісінен несие алып беруін сұраған. Осылайша 700 мың теңгені анасына апарып беруін айтып, Сұңғаттың қолына ұстатады. Ал өзі асығыс жолға шығып кетеді. Сол мезетте ақшаны алған Сұңғаттың ойы бұзылып, аудан ішіндегі «Loto club» аталатын құмар алаңына асығады. «Неге барасың?» деп айқайға басқанымда «4 миллион қарызымның кішкене де болса жартысынан құтыламын деп ойладым» дейді. Айтарға сөз таппай, әрі қарай не болғанын жанарынан ұқтым. Ашуға салып, бет-ауызын қанжоса еткім келгенімен қолым бармады. Достармен жабыла жүріп, барлығын түсіндіріп, 700 мың теңгенің жайын біржақты еттік. Дегенмен мұнымен де оның жағдайы түбегейлі шешілмеді. Сұңғат ойынды қоймады. Ата-анасының алдында абыройдан айырылып, достарынан шеттеліп, жұмысынан да шығып қалды. Қарыздары мазасын алған соң сырт қалаға жұмыс іздеп, барлығын бір жайлы етуге кетті. Бүгінгі жағдайы не болып жатқанын кім білсін?! Бастысы, бәз қалпына түспесе болғаны...
*****
«Жәнібек шаңырақ көтеріп, отбасын құрғанға дейін жігіттің төресі еді. Бірақ қалай үйлі-баранды болды, оның өмірі солай күрт өзгеріп салды» деп бастады әңгімесін қарсы бетте тұратын көршім. Жәнібек – бәрімізге ортақ көрші. Өзім сырттай ғана білсем де, бұл көршімнің басына іс түсіп, үлкен мәселеге шырмалып қалғанын естімеппін. Жан-жағының бәрін бағып жүретін әңгімешіл көршімді сөзге тартып, бар білгенін сұрағаным да сондықтан.
Сөйтсем, әжептәуір қызметте жүрген азамат букмекерлік кеңсеге ақша тігіп, бар дүние-мүлкінен айрылған көрінеді. Тіпті, әуелгіде көлігін, кейін құмарлық өне бойын әбден дендеген соң екі бөлмелі пәтерін сатуға мәжбүр болыпты. Бақуатты тұратын көрші әп-сәтте тұрақты табыс тауып тұрған қызметінен де айрылған. Ол ол ма, екі баласы бар отбасының шаңырағы шайқалғаны жанға батты. «Біз көрші-қолаң жиналып, үйіне бардық. Бұрын-соңды жаман әдетін көрсетпеген қоңсымның адасушылыққа бой алдырмауын өтініп, шамамыз келгенше ақыл-кеңесімізді айттық. Келіншегіне де мұның уақытша сынақ екенін қаперіне салдық. Әйтсе де, олар бір жылдан кейін ажырасты. Содан бастап күйі күннен күнге кете бастады. Ендігі уайым – тұрып жатқан үйінен айрылып қалмаса екен. Анау-мынауға оңайлықпен беріле салмайтын иіні мықты жігіт еді. Оны құмар ойынына біреулер арандатып кіргізген сияқты» деп жалғады әңгімесін.
Сол көршіні таяуда тағы көрдім. Шынында да, абыржып кетіпті. Иығы төмен салбыраған күйі қарсы алдымнан өте шықты. Адамдардан өзін алшақ ұстағысы келетіні көрініп тұр. Ойынға деген құмарлығы асқынбаса, кеміген емес деседі білетін жұрт. Аптасына үш күн сөмкесін асынып, әлдебір жаққа асығып барады. Не де болса, сол қыж-қыж қайнаған ортасын бетке алды-ау дедім іштей.
Түйін. Соңғы кезде ауданда өмірін құмар ойынға арнап, соның құрбанына айналған жастардың легі артып кетті. Біз айтып айтып отырған «Loto club» бұрын бір ғана жерде болса, кенттің орталығынан екіншісін ашып үлгерді. Кез келгеніне бас сұға қалсаңыз, көпшілігі жасөспірімдер. Осы ретте аудандағы жастардың ертеңіне елеңдейтін атқамінер ағалардан осы бір мәселенің шешілуіне ықпал жасауын сұраймыз. Әйтпесе, асқынған аурудың емін табу қиын болары анық.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
19 қараша 2022 ж. 331 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031