Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойын құрығы

Құмар ойын құрығы

«Ол жастайынан еңбек етіп, кәсіппен айналысып, отбасын асырауды әдетке айналдырған. Кез келген ортада еңсесін тік ұстап, адам баласын алдауды, өтірік айтуды білмейтін. Шаңырақ көтеріп, отбасын құрғанға дейін жігіттің төресі еді. Адам салт жүрсе, көңіл де тоқ, уайым да жоқ шығар, кім білсін?! Қалай үйлі болды, оның өмірі солай күрт өзгеріп салды» деп бастады әңгімесін қарсы бетте тұратын көршім. «Ол» деп отырғаны – бәрімізге ортақ көрші. Өзім сырттай ғана білсем де, бұл танысымның басына іс түсіп, үлкен мәселеге шырмалып қалғанын естімеппін. Жан-жағының бәрін бағып жүретін әңгімешіл көршімді сөзге тартып, бар білгенін сұрағаным да сондықтан.
Бақсақ, әжептәуір қызметте жүрген азамат құмар ойынға ақша тігіп, бар дүние-мүлкінен айрылған көрінеді. Әуелгіде көлігін, кейін құмарлық өне бойын әбден дендеген соң, екі бөлмелі пәтерін сатуға мәжбүр болған. Бақуатты тұратын көрші әп-сәтте тұрақты табыс тауып тұрған қызметінен де айрылған. Тіпті, екі баласы бар отбасының шаңырағы шайқалған.
«Бір жылдан кейін әйелімен ажырасып тынды. Содан бастап күйі күннен-күнге кете бастады. Ендігі – тұрып жатқан үйінен айрылып қалмаса игі. Анау-мынауға оңайлықпен беріле салмайтын иіні мықты жігіт еді. Оны құмар ойынына біреулер арандатып кіргізген сияқты», – деп жалғады әңгімесін ендігі бір көршім.
Сол көршіні таяуда тағы көрдім. Шынында да абыржып кетіпті. Иығы төмен салбыраған күйі қарсы алдымнан өте шықты. Адамдардан өзін алшақ ұстағысы келетіні көрініп тұр. Ойынға деген құмарлығы асқынбаса, бір мысқал да кеміген емес деседі білетін жұрт. Аптасына үш күн сөмкесін асынып, әлдебір жаққа асығып барады. Не де болса, сол қыж-қыж қайнаған ортасын бетке алды-ау дедім іштей…
Дәл осы жігітағасы сияқты қаншама адам түзу жолдан тайып, өмірін қор қылып жүр десеңізші. Құмар ойынының қызығына кіріп кетіп жатқандардың есебі кімге аян? Десек те қолда бар деректерге сенсек, елімізде жылына 350 мың адам құмар ойындарының құрбанына айналады екен. Жолдың бойында «менмұндалап» тұратын мұндай ойындар еріксіз шақырады. Тіпті, бір рет жеңістің дәмін татқандар қайта келіп, сол орынды тұрақты мекеніне айналдыратыны бар. Алайда, аждаһаның апанын алыстатсақ та, майда шабақтары сананы улауын тоқтатар емес. Ол – букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтары. Бұған бала да, ересек те бір «сәлем бермей» кетпейді. Олар кәмелеттік жасқа толған ба, жоқ па, қадағалаған ешкім жоқ. Не істемек керек? Құмарға батып, ақшасынан айрылғандардың соңғы амалы қылмыс. Кейде қарызға батқандардың берешегін ата-аналары төлеп, әбігерге түсуде.
Жуырда әлеуметтік желіден осындай жағдайға тап болған бейнеулік жігіттің букмекерлік кеңсені өртеп жібергені туралы бейнебаянды көпшілік тамашалады. 20 жылдан бері оңай олжаға құнығып, ақырында осындай әрекетке барды. Әрекетін видеоға түсіріп, жақындарынан кешірім сұраған ол:
– Мен Сүлейменов Әсет Игілікұлы, 1985 жылы дүниеге келдім. Осы ойынды ойнап келе жатқаныма 20 жылдан көп уақыт болды. Бұл азарт ауру ма, білмеймін. Осы уақытқа дейін сол жылдарда 200 миллион теңгеге жуық ақша ұтылдым деп айтуға болады. Құмар ойын менің түбіме жетті. Алла берген 4 баламды, әке-шешемді, аға-іні бауырларымды, әпке-қарындастарымды жерге қараттым. Екінің бірін алдап ақшасын алып, құмар ойынға салу үшін барлық құйтырқы әрекеттерге бардым, – деп мойындайды.
Сөзінде осының кесірінен жақындарының сенімі мен тапқан табысынан айырылған ол барлық жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, басқалар өзі сияқты қателеспегенін қалайтынын жеткізді. Ал Маңғыстау полиция департаментінің мәліметінше, аталған азамат қазіргі таңда қамауда көрінеді. Осы оқиғаға байланысты бір кездері казинода «200 мың доллар ұтылдым» деген Бағлан Әбдірайымов:
– Жуырда бір жігіт «Ардың түрмесінде отырғанша, заңның түрмесінде отырайын» деп лото клубты өртеп жіберді. Адам шошырлық сорақы тағдырлар көп. Қандай жігіттерді жұтып қойды. Замандастарымызбен ақылдаса, елімізден осы аты өшкір ойын орталықтарын жабуға қол жинаймыз дедік. Оқырман қолдады, қуанды. Өте дұрыс! – дейді әнші. Оның айтуынша, букмекерлік кеңселер мен казинолар жабылған күннің өзінде, ғаламторда түрлі ойынның қармағына түсуге болады. Сондықтан да бір ғана заң адамдарды бұл кеселден айықтырмайды.
Мұнан бөлек жақын арада 75 миллион теңге қарыз алып, ойынға тіккені туралы ақпарды да көз шалды.
Нақтыласақ, Төле би аудандық полиция бөліміне Леңгір қаласының тұрғыны арызданады. Оның айтуынша, 30 жастағы ұлы үйінен белгісіз бағытқа шығып, қайта оралмаған. Анасының іздеп жүргеніне төрт тәулік болған. Алайда іздеу жұмыстарынан нәтиже шықпаған соң, ішкі істер бөліміне хабарласқан екен. Жергілікті полиция қызметі дереу іздеуге кірісіп, нәтижесінде Алматы қаласында жүрген жерінен тапқан. Кейіпкер мұндай әрекетке қарыздарын қайтара алмағандықтан барған. Талай рет өзіне қол жұмсамақшы да болыпты. Дегенмен уақытша бас сауғалап, реті келсе алып қаладан қомақты қаражат табуды көздеген.
Аудандағы «Лото клуб» аталатын ойынхананың ашылғанына 3 жылдан асты. Оның алдында да біршамасы болған. Дегенмен олардың заңсыз ашылып отырғаны анықталып, кейін жұмыстарын тоқтатты. Ал бұл жолы құмар ойын алаңының құжаттары заңмен бекітілген, лицензиясы бар. Сондықтан да болар, мұны жауып тастауға көп жанның күші жетпей отыр. Естуімізше, иесі ақтөбелік жігіттер. Олармен тілдескенімізде, қалтаға салып келген ақшаға шектеу барын, оған қоса ол адам шектеулі ақшаны ұтылып қалса, сол күні онда қайта орала алмайтынын білдік.
Өткен жолы осы тақырыпқа тұздық болу үшін аталған жерге бас сұқтым. Іші қараңғы. Қатар орналасқан компьютерлер. Қаптаған адам. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін осында десем, артық айтқандық емес. Бірі ұтылып, түңіліп отырса, кейбірі қалтасын қомпайтқанына риза. Бұл жерден түрлі эмоцияны көруге болады. Сондай-ақ «вип» бөлмеде отыратындардың жайы мүлдем бөлек. Онда ойнау үшін тіптен көп қаржы қажет. Сондағы қызметші қыздар оларға жағдай жасап әлек. Тегін тәтті су, тіпті көрсетілген ақшадан артық салсаңыз, сыра не ішімдік алып ішуге болады.
Жамыраған жандардың арасынан әңгімелеріне құлақ түріп тұрған болатынмын. Кенет жасы 70-ке таяған азамат жанына келген жас жігітке:
– Кеше жақсы ұтып отыр едің ғой, – деді.
Сол сәтте түрі өзгерген жігіт зілді дауыспен: «Қайдағы ақша, барлығын осында тастап кеттім» деді. Сөйтсек, бұл азамат сол жерге бір күн бұрын 100 мың ақшамен келіп, 3 жарым миллион теңгеге кенелген екен. Дегенмен артынша барлығын қайта салған. Айтпақшы, мұнда талай жанның анасы іздеп келіп, дау шығарған көрінеді. Бауыр еті баласының құрдымға кетіп бара жатқанын көрген ақ жаулықты ана күн демей, түн демей, ұлының артында жүр. Ойласаңыз, жүрегіңіз ауырады.
Іштегі жағдайды бақылап тұрғанда есіктен жүзі таныс жігіт кіріп келді. Қалтасынан бума-бума ақша шығарып, «вип» бөлмеге қарай бет алды. Артынша мен де кіріп, бір мектепте қатар сыныпта оқыған жігіт екенін байқадым. Екеуміз біраз сөйлестік. Айтуынша, осыған дейін алты айдың ішінде құмар ойынға 15 миллион теңге салып жіберген. Ендігі соны қайтарып алуды ойлап, осы жерден шықпай жүр. Аудандағы жастардың тура жолдан тайып, құрдымға кетуіне осы бір ойынхананың әсері орасан. Өтірік айту, алдау, қарызға ақша алып оны қайтара алмай, осы үшін ұрлыққа бару, барлығы осыдан шығады. Мейілінше, жергілікті жердегі «Лото клубты» жабуға билік басындағы азаматтар білек сыбана кіріссе, көптің көңілін бірлеген болар еді.
Айтпақшы, соңғы кезде өмірін құмар ойынына арнап, соның құрбанына айналған әлгіндегі көршім көрінбей кетті. Естуімше, баспанасынан да айрылып, кәдімгі көше кезбесі боп шыға келіпті. Осындайда «әттең, дерті асқынбай тұрғанда тура жолға түскенде дұрыс болар еді» деген ой санаға келіп, ұзақ күрсіндік.

А.ЖОЛТЕРЕК
19 ақпан 2022 ж. 600 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930