“Бұрыс қылыққа бұрылма...”
Ара-тұра елуді еңсерген Асқар көкеммен шүйіркелесіп тұратынымыз бар. Үй арасында үй жоқ, көрші тұрамыз. Кезіккен сайын жас кезінде басынан өткен қызықтарын айтып, әзілдесіп отырады. Кешкілік ағамның есік алдын тазалап жүргенін байқап, қолғабыс етейін деген оймен жанына бардым.
– Ассалаумағалейкум, көке! Қалыңыз қалай?
– Шүкір жақсы, өзіңнің жағдайың жақсы ма? Ата-анаң аман ба?
– Барлығы жақсы, – деп қолындағы сыпыртқы мен темір қалағына жабыса кеттім.
– Қоя тұр, бұл үйдің тірлігі бітпейді. Сенімен дойбы ойнамағалы көп болды.
– Мейлі, мен әдеттегідей ақ түсті таңдаймын.
Екеуміз ойын арасында түрлі ойларды ортаға салып, ұзақ сөйлестік. Асқар көкенің жастайынан «құлыс» ойнайтынын білем. Қалтасы қалыңдап келген күні азын-аулақ тиын ұстататын. Әңгіме арасында «Қол шығып жүр ме?» дедім күлімсіреп.
– Еее, айдың басында айлық түсіп, Жалғас шалдың үйінде ұйымдастырған ойында болғам. Қолыма қарға тышпады, ұтылып қалдым, – деді де, мынадай қызық жағдай басымнан өтті деп әңгімесін жалғай жөнелді.
Өткен жолы иманды болғыр Дәулет шалдың қайтқанына жүз күн толған. Артындағылар құран бағыштап, көрші жігіттермен ақылдасып, кіріп шықпақшы болдық. Бас-басымызға 5000 теңгеден жинайық деп келістік. Сенесің бе, үйде адам болмай ақша таппай қалдым. Туған-туыстан сұрауға ұялып, алыс-берісте жүрген жігіттерге хабарластым, болмады. Ақырында Алматыдағы досыма қоңырау шалуға тура келді. Ол салып жіберді. Таптым ғой деп отырғанда «Кaspi Gold» карточканың жылына ұстайтын 2000 теңге көлеміндегі қаражатын алып қалды. Әбден қаным қарайды. Өзім әрең тапқанда, мынаны көріп төбе шашым тік тұрды.
– Сосын?, – дедім тосырқай қарап.
– Әйтеуір бірге жүрген жолдастардан қарызға алдым.
Енді мына қызықты қара. Ертесіне тағы бір жерге баруға тура келді. Бұл жолы құмар ойын. Әдеттегідей емес, сомасы үлкен жиын болып жатты. Ұйымдастырушы әр жердің жігіттері бас қосатынын айтып, қызықтырып қойды. Жастайынан карта ұстап үйренген мен сорлы тыныш жата алмадым. Бірақ оған ақша жоқ. Қажетті қаражат 50 мың теңге. Қоңырау тізіміндегілерді ақтарып, күні кеше 5000 теңгесі болмаған інішекке хабарластым. Ә дегеннен үйге соқ деп таңқалдырды. Ақшаны алдым да діттеген жерге ұшып жеттім. Ақыр соңында ұтылып, қарызға кірдім.
Байқап қарасаң, барлық Жаратқанға жақпайтын жерлерде шайтан жүреді. Кеше мен құран оқытылатын жерге барамын деп оқталып едім, аз ақша таппай дал болдым. Ал бүгін құмар ойынға одан 10 есе қаражат таптым. Шынымен теріс іске есік тез ашылады екен. Інім, бұрыс қылыққа бұрылма. Кейде өзіміз қармаққа қалай тез іліккенімізді байқамай да қалып жатамыз, – деді көкем күрсініп.
Асқар аға осыдан кейін құмар ойынға аяқ баспайтын болыпты. Бір ғана мысалдан өзіне тоқтам берген көршіме риза болдым.
Нұр БАҚЫТ