Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейіт басындағы бассыздық

Бейіт басындағы бассыздық

2011 жыл. Шілде айы. Мал өрістен қайтып, күн ұясына батқан уақыт. Ауылдағы Сенбі көкенің қора артында достармен басқосып, көл басына баратын болып шештік. Ол кездегі ауыл жастарының ермегі түнде балық аулап, демалыс ұйымдастыру.
Содан не керек, жиналған азын-аулақ тиынға жақын маңдағы дүкеннен керегімізді алып, Бақытбек ағаның ескі темір тұлпарымен жолға шықтық. Әуелде нақты қай орынға баратынымыз белгісіз болған, ауылдан шыға аға Қазалының шығыс беткейіндегі «Домалақ» деген кішкентай көлдің демалуға таптырмас орын екенін айтып, жеткізіп тастады. Келісімен:
– Бүгін құрдастың туған күні. Сонда барам. Кез келген уақытта хабарласып жіберіңдер. Алып кетемін. Тек қызып қалмасам болғаны, – деп миығынан күлді де, асығыс кері қайтты.
Жігіттермен арқа-жарқа әңгіме айтып, көл жағасына жайғастық. Айтса айтқандай, уақыт өткізуге қолайлы жер екен. Айналамыз толы қамыс, көлді айнала қоршап тұр. Құдды бізге дайындап қойғандай, бір беті ашық. Бірақ ызыңдаған масаның дауысы маза бермейді. Сол кезде Жамбыл:
– Масаға мән бермеңдер, жан-жаққа бөлініп от жағуға тамызық табайық. Өздері үшін кетеді. Берік пен Айбол тамақ дайындауға кіріссін. Ал Ербол екеуміздің басқа жоспарымыз бар, – деп көл жағасына жантая кетті де, әлгінде дүкеннен алған бірнеше шишаның біреуін ашып жіберді.
Әңгіменің қызығына бойлаған біздер, астың қалай дайын болғанын да білмей қалдық. Дереу дастарқан басына жайғасып, далада піскен картоптан дәм таттық. Ащы судан ұрттайтындардың қатары көбейді. Үйінен жырақ кеткен жастар, еркінси бастады. Аз уақыт ішінде төртеуі 4 бөтелкені қылқытып тастады.
Түн ортасы болды. Жігіттер қызып қалды ма, масадан мазасызданып, жан-жақтағы қамыстарды өртеуге бекінді. Бірінен соң бірі тұтанып, әп-сәтте айнала отқа оранды. Ақырында тілсіз жауға ие бола алмай, «Домалақ» көлдің айналасы түгел жанып бітті. Қамыс түбін қоныстаған құстар жанұшыра ­дауыс шығарып, жан-жаққа ұшты. Ішімдіктен дәм татпаған жігіттер аң-таң. Басқаларын қойдыра алмай әлек. Олар мұндай болатынын ойламаса керек. Бойларын қорқыныш билеп, тез арада үйге оралуды ойлады. Алайда сылқия тойғандар бұған қарсы болып, Бақытбек аға келгенше тағы бір шөлмекті тауысуды ­ойлады.
Кенет арамыздағы Берік көлдің арғы бетіне қарап тапжылмай қалды. Әрі-бері әңгіме айтып, қозғап көрген едім, болмады. Жанарымды сол жаққа бұрғаным сол-ақ екен, лаулаған от арасынан қарсы беттегі адам есімі жазылған бейітті көзім шалды. Денем суып кетті. Тас төбемнен біреу салқын су құйғандай күй кештім. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, қорыққаннан қатарласа орналасқан мазардағы жазуларды айқайлап, бар дауысыммен оқи бастадым.
Жігіттер тым-тырыс. Барлығы үнсіз қаңтарылып тұр. Ал Жамбыл:
– Достарым, қорымнан қорықпау керек. Онда жатқан біз секілді адамдар. Қорыққанға қос көрінеді. Таңды атырайық, – деді масайрап. Өңі қуарып, аяқ-қолы дірілдеген Берік:
– Тезірек қайтпасақ болмайды. Көз алдыма түрлі жағдай елестеді, – деп тас қараңғыда күре жолдың бойына қарай тартты. Бірінен соң бірі артынан еріп, қазан-ошақ, төсегіштерді тастап, жүгіре жөнелді. Асфальтқа жеткенде барлығымыз қорқынышты дауыстан жалт бұрылдық. Құдды біреу «Бейіт басын жын-ойнаққа айналдырдыңдар, тыныштығын бұздыңдар» деп айқайлап жатқандай. Аспанға көтерілген от бізге бет алғандай болды. Ішімнен «Бісмілләні» айтып көлік тоқтағанын тілей бастадым.
Топ-топқа бөлініп, жол жиегінде қол көтеріп тұрмыз. Сәтін салып көлік аялдап, ауданға жетіп үлгердік. Біріміз де қоштаспастан үйге бет алдық. Ертесіне көрші Сенбі атаға барлығын баяндап бердім. Сонда ақсақал:
– Айналайындар-ау, не бүлдіргенсіңдер?! Шариғат бойынша тыйым салынған амалдар бар. Оның ішінде қабір басында ұйықтауға, дәрет сындыруға, ойнап-күлуге, әзілдеп-қылжақтауға, зират маңында пайдасыз, бос сөздер айтуға болмайды. Сол секілді ішімдік ішу, темекі шегу, насыбай ату сынды жөнсіз жасамау керек. Сендердің бұл жасағандарың үлкен қате. Түстен қалдырмай, кешегі жерге қайта оралыңдар. Бейіт басына барып, жерленгендердің әруағына Құран бағыштап қайтыңдар, – деді.
Түс ауа жігіттермен жиналып, «Домалақ» көлге жетіп түндегі орын алған бассыздық үшін Жаратқаннан кешірім сұрап, әруақтарға дұға бағыштадық.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
05 қазан 2021 ж. 19 398 0

Мен өмірді қалаймын

12 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930